Иран халық санын көбейтуге қатысты "күресті" бастады

1790

Бұған қоса, көрші ел жүктілік тестілерін тіркеуді бастап, Жұбай табу орталығын құруда. 

Иран халық санын көбейтуге қатысты "күресті" бастады Фото: yandex.kz

Оппозиция, сарапшылар бұдан биліктің азаматтардың жеке өміріне қолын барынша тереңірек сұғу талаптарын көріп отыр. Билік, әрине, мұны жоққа шығарады.

"Соңғы жеті жылда Иранда бала туу көрсеткіші 35%-ға құлдырады. Алдағы 30 жылда республика тұрғындарының жасы жөнінен әлемдегі ең кәрі елдердің қатарына қосылуы мүмкін. Кейінгі уақытта Иранда халықтың репродуктивті денсаулығына қатысты үлкен проблемалар байқалуда. Ерлер және әйелдер арасында бедеулік деңгейі жоғарылады. Бала туу кезінде кесарь тілігі отасын жасау жиіледі: бұл жалпы санның 56%-ына жетті", – деп дәйектеді мемлекеттік Tasnim агенттігіне сұхбатында Халық денсаулығы мен отбасы мәселелерін зерттеу жөніндегі сараптамалық орталықтың директоры Халил Али Мохаммадзаде.

Фото: yandex.kz

Бұл сөзде шындық та бар. БҰҰ Экономилық және әлеуметтік мәселелер департаментінің Халық бөлімінің (UN Department of Economic and Social Affairs Population Division) есебіне  жүгінсек, Азияда Иран демография жөнінен Батыстың дамыған елдерімен теңескен мемлекет саналады. Яғни, демографиялық құрдымға құлап барады. Өткен ғасырда Иран әлемдегі ең жас халықтардың бірі саналады. Содан Азия мемлекеттерінде демографиялық дүмпу жүріп жатқанда, Иран Ислам республикасында 1990-шы жылдардан бері бала туу көрсеткіші қарқынды түрде құлады.

Көптеген сарапшылар мұны бүкіл әлемдегі ең жылдам құлдырау деп бағалап жүр. Қазіргі уақытта Ирандағы бала туудың жалпы коэффициенті, БҰҰ дерегінше, небәрі 18%. Басқаша айтқанда, әрбір 1 мың адамға шаққанда дүние есігін ашқан 18 сәбиден ғана келеді. Бұл Батыстың дамыған елдерінің деңгейіне пара- пар.

Бөбектердің бұл елде аз туылуы салдарынан, ирандықтардың жас құрылымы да ғаламат өзгерді: елде 30 жасқа дейінгі жас ұрпақтың үлесі күрт кеміді. Егер 1986 жылы жастар үлесі Иран халқының 72%-ын құраса, 1991 жылы ол 71%-ға, 2006 жылы 60%-ға, 2011 жылы 55%-ға түсті. Одан әрі құлдырау жалғасқан көрінеді. Тиісінше, қарт адамдар үлесі екі есе өсті. Бүгінде қоғамның жартысын жастар құрайды. Бірақ бұл уақытша болса керек. Өйткені келешегінен мол үміт күттіретін талантты жастар елін тәрк етіп, өз әлеуеті мен дарынын жүзеге асыру үшін демократиялы елдерге кетіп қалуда. Демек, Иран билігі шынымен жас ұрпақ санын көбейткісі келсе, халық толқуларында арынды, азатшыл жастар талап еткен демократиялық жаңғыруларды жүргізіп, олардың алдынан мол мүмкіндіктер көкжиегін ашуы қажет.

Иранда медициналық көрсеткіштер бойынша, соның ішінде ананың өміріне қатер төнсе немесе ұрықтың дамуында бұзылушылықтар болса, аборт жасауға рұқсат етілген. Басқа жағдайларда қатаң тыйым салынады және бұл талапты бұзғандар екі жылдан бес жылға дейін түрмеге қамалады. Мұндай жазаға жүктілігін жасанды түрде үзген әйел де, ота жүргізген дәрігер де кесілуі мүмкін.

Демографияны жақсарту үшін Иран билігі контрацептивтерді ашық сатуға тыйым салды: ол тек дәрігердің рецептімен босатылады. Билік сондай-ақ әйелдерді де, ерлерді де стерилизациялайтын (вазэктомия) операцияларға тыйым енгізді.

"1979 жылғы революцияға дейін жасанды түсік жасату үшін жұбайының келісімі болса, жеткілікті еді. Ол заманда бұл процедураны тіпті тұрмыс құрмаған қыз-келіншектерге де жасауға рұқсат етілетін. Ислам республикасы орнағалы әрбір әйелге аборт жасатуға қатысты шешімдерді енді арнайы комиссия қабылдайды. Оның құрамына дәрігер ғана емес, арнайы судья да кіреді. Соңғы сөзді де сол айтады. Ол рұқсат бермеуі мүмкін. Сондықтан көптеген әйел, әсіресе, тұрмыс құрмағандары комиссия алдынан өтпей, тіркелмей жасырын клиникаларда, кейде тіпті үй жағдайында, антисанитарияда жасанды түсік жасатады. Бұл бедеулік көрсеткішінің артуына соқтырады", – деп түсіндірді ирандық саясаттанушы Амир Чахаки.

88 миллионға жуық халқы бар Иранда жыл сайын шамамен 650 мың аборт жасалады. Оның 95%-ы – заңсыз.

"Егер біз ең құрығанда, аборттардың 10%-ын тоқтата алсақ, онда Иран халқының санын тағы 25–65 мың адамға қосымша арттыруға септесеміз", — деді Денсаулық сақтау және дәрі-дәрмек жөніндегі парламенттік комиссияның мүшесі Фатима Мохаммадбеги.

Фото: media.az

Шығыстанушы, Таяу Шығыс елдері бойынша сарапшы Руслан Сулеймановтың айтуынша, Иран билігі бұл бағытта жаңа идеяларды тасқындатуда. Соның бірін биылғы мамыр айының соңында Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Сабер Джабари Фаруджи жариялады. Оның мәліметінше, заңсыз аборттармен күресті күшейту үшін "Нафс" (парсы тілінен аударғанла рух, жан дегенді білдіреді) деп аталатын мамандандырылған "аборт патрулдері" құрылады. Оның құрамына "Басидж" әскерилендірілген еріктілер жасақтардың өкілдері кіреді. Олар әйелдерді бақылап, күдіктілерінің ізіне түсіп, астыртын клиникаларда, үйлерде жасанды түсік отасын жасайтын дәрігерлерді табумен айналыспақ.

Министрлік өкілі бойына біткен ұрықтан арылуға ұмтылған нәзік болмыс иелері "қатал жазаланатынын" нықтады. Бірақ оның қандай жаза екенін нақтыламады.

Бұл ретте биыл Иранда өлім жазасы үкімдерінің саны күрт өсе бастады. Оның көбісі құжат жүзінде саясатпен немесе шерулерге қатысумен байланысты емес, есірткі саудалады деген айып тағылады. 2023 жылғы қаңтар және мамыр аралығында Иранда 209 адамға өлім жазасы орындалды. Бұл елде адамдар дарға асып, өлтіріледі.

Биылғы маусымда Иран билігі жаңа қадам жасады: бұдан былай жүктілік тесті оң нәтиже көрсеткен барлық әйелдер міндетті түрде тіркеуге алынады. Ары қарай олардың әрқайсысының бала туғаны, түсік тастағаны немесе жүктілігін жасанды түрде үзгені қадағаланады.

Сонымен қатар Каспий бойынша осы көршімізде биліктің бастамасымен Жұбай табу орталықтары белсенді құрылып жатыр. Олардың міндеті – жастарға бірін-бірі тауып, діни нормалар мен қалыптар бойынша отбасы құруына көмектесу. Қазіргі заманның салтымен жұбын тіркемей, азаматтық некеде тұруға рұқсат етілмейді. Жалпы алғанда, билік бүкіл елде осындай шамамен 300 орталықты іске қосуды жоспарлап отыр.  

Шығыстанушы Руслан Сулеймановтың байламынша, билік демографияны жақсарту дегенді қалқан етіп, былтырғы кең ауқымды халықтық толқулардың қозғаушы күші болған әйелдер қауымын қатаң бақылауға алудың жаңа тәсіл, тетіктерін енгізіп жатыр.

"Әйелдердің құқықтарына қатысты жаңа шектеулер былтырғы бұқаралық жаппай наразылық акцияларының салдары болса керек. Елдің жаңа тарихындағы ең ауқымды бас көтерулерде шамамен 500 адам қаза тапты. Оның кем дегенде 64-і – балалар. 22 мыңнан астам адам түрмеге қамалды, оның жүзден астамы өлім жазасына кесілді. Шерушілер биліктен еш жеңілдікке қол жеткізе алмады. Иран басшылығы митингілерді басып, жанши алды. Алайда енді билікке азаматтардың жеке өмірін бақылауға алудың жаңа әдістерін ойлап табуға тура келуде. Иран шашын орамалмен жаппаған, яғни режимге қарсы болуы мүмкін әйелдерді іздеп табу үшін бет-жүзді тану жүйесін енгізді. Егер әйел көлік ішінде хиджабын шешсе, онда оған айыппұл салынады және көлік жүргізушісі автомобиль басқару құқығынан уақытша айрылады", – деді Руслан Сулейманов.

Фото: spiegel.de

Нәзік болмыс иелерінің хиджабты дұрыс киюін қадағалаған әдет-ғұрып полициясы ресми жойылмағанымен, оның орнын биылғы 8 сәуірден бастап, "ақылды камералар" басты. Шашын орамаған әйелдер көзге түскен дүкендерді, дәмханалар мен мейрамханаларды жаппай жабу толқыны басталды. Билік осы арқылы бизнесті халыққа қысым жасау құралына айналдырмақ: кәсібінен айрылғысы келмейтін кәсіпкер хиджабы жоқ әйелдерді өзі-ақ ішке кіргізбей қояды.

Бұдан бөлек, ақылды камералардың түсірілімі негізінде автомобиль иелері машинасының салонында діни дресс-кодты сақтамаған әйелдің болғаны, тиісінше заңның бұзылғаны туралы электронды ескертпелер алып жатыр. Ескертпеден соң машинаны 15 күн бойы пайдалануға тыйым салынғаны туралы хабарлама келеді.

Сондай-ақ Иран парламенті "Хиджаб және пәктік туралы" заңына жаңа түзетулерді жабық режимде талқылап жатқаны белгілі болды. Депутаттардың пікірінше, жаңа заңнамалық нормалар әйелдердің қарсыласуына нүкте қоюға тиіс. Ирандық журналистер анықтағандай, ел басшылығы хиджаб тақпаған не дұрыс тақпаған және оны жұрт көзінше шешкен әйелдер мен қыздарға айыппұл енгізбек. Заң жобасы құқық қорғау қызметкерлеріне тәртіпке қайшы түрде киінген және ескертуді орындамаған әйелдерге күш қолдану құқығын бермек. 

Осылайша, Ресей сыртында біздің тағы бір көршіде репрессия күшейіп барады. Оның соңы неге соғатыны белгісіз. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу