Іскер әйелдердің өңірлік ІІІ бизнес-форумы: Жаңа мүмкіндіктер

4884

Шымкент қаласында іскер әйелдердің ІІІ өңірлік бизнес-форумы өтті. 

Іскер әйелдердің өңірлік ІІІ бизнес-форумы: Жаңа мүмкіндіктер

"Әйел және бизнес: жаңа мүмкіндіктер – 2020" атты ІІІ бизнес-форумы Шымкентте өтті. Форумның мақсаты – аймақ экономикасының тұрақты дамуы үшін әйелдер бизнес-қауымдастығын ақпараттандыру және олардың бизнес ортада белсенділігін арттыру.
Форум жұмысына "Атамекен" ҚР ҰКП іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, ҚР Президентінің жанындағы Отбасы және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, "Атамекен" ҚР ҰКП төралқа мүшесі Лаззат Рамазанова, Шымкент қаласының басшылығы, кәсіпкерлер, басқа да аймақтардағы іскер әйелдер кеңестерінің делегаттары, халықаралық ұйымдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Бизнеске бет бұрған қыз-келіншектер

Лаззат Керімқұлқызы шымкенттік бизнес ортада әйелдердің үлесі басым екенін назарға салды. Статистика бойынша Шымкентте 52% әйел болса, ал бизнесте 42% кәсіпорынды әйелдер басқарады.

Дегенмен, нәзік жандылар еңбек ететін сала – жеңіл өнеркәсіп саласы, атап айтқанда, бьюти-индустрия, сауда және қоғамдық тамақтандыру саласы болып отыр.

Республикалық Іскер әйелдер кеңесі тарапынан осы жеңіл өнеркәсіп саласының өкілдеріне қолдау ретінде арнайы Ұлттық байқау ұйымдастырғанын да атап өтті. Байқау мәресіне жеткен барлық жеңімпаз бір миллион теңге көлемінде сыйлыққа ие болған. Оған қоса, жарнама жасалып, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қолдау көрсетілген. Кәсіпкер әйелдердің айтуынша, мұндай  "тосынсый"  боларын мүлде күтпеген екен.

 "Елімізде осы салада 600 бизнес субъектісі бар, оның 90%-ы – әйелдер. 12 ірі, шамамен 26 орта фабрика, қалғаны – жеке кәсіпкерлер. Біз 12 аймақты аралап шықтық, шамамен 80 кәсіпорынға бардық, олар туралы фильм түсіретінімізді, мақала жазатынымызды, олардың өнімдерін байқауға ұсынатынымызды айттық. Бірақ ұсынысымызға  аса сене қоймағанын байқадық. Өйткені әйелдер, өкінішке орай, тек өз күшіне сеніп үйренген жандар. Ерлер жұмыс жасайтын бизнес-қауымдастыққа барып, мемлекеттік қолдау көрсетіледі, жеңілдікпен несие беріледі деп айтып көрсеңіз, олар бірден іске кірісіп кетеді. Бірақ әйелдердің жөні басқаша. Әйелдер ең алдымен салық төлеу керектігін, несие өтеу қажеттігін, коммуналдық шығындар төлейтінін жақсы біледі, содан кейін ғана өндіріске қандай қаражат сала алатынын ойлайды. Сондықтан бұл жоба әйелдер үшін тегін ұйымдастырылды. Барлығы демеушілердің қолдауымен, "Атамекеннің" бастамасымен іске асырылды. Алты жеңімпаздың ішінде Шымкенттен Маргарита Манигулова да бар", - деді Лаззат Рамазанова.

Бизнес ханым: Ди Каприоға ұсыныс

Лаззат Рамазанова атап өткен республикалық дизайнерлер байқауы жеңімпаздарының бірі -  шымкенттік кәсіпкер Маргарита Манигулова өзінің жеке "Марито спорт" отбасылық брендінің негізін қалаған.

Бизнес ханымның айтуынша, мамандығы модельер-конструктор болғандықтан, бизнестің қандай түрін ашуды бірден анықтаған. Ал спорттық бағытты таңдауға отбасы ықпал етіпті. Өйткені күйеуі, ағасы, тіпті қызы да кәсіби спортшылар екен.

Нәтижесінде шағын тігін компаниясын ашқан. Жеке бизнесінде төрт тігінші, технолог, Маргаританың өзі – әрі дизайнер, әрі әзірлеуші. Бизнес ханымның  күйеуі мата тасыса, қызы тауарды жарнамалаумен айналысады. "Мен спортпен шұғылданбаймын, бірақ айналаңда спортты сүйетін адам көп болған соң, осы жобаны бастадым, жеке кәсібім өзіме қатты ұнайды. Негізінен тапысырыс аса көп емес, тапсырыс көлемі 10-нан 50 данаға дейін. Өнімге тапсырыс берушілердің ішінде – Әлия Юсупованың көркем гимнастика мектебі, Ташкент қаласындағы "Парящий дракон" жекпе-жек спорт түрлері мектебі, облыстық карате федерациясы бар. Олар жеке тапсырыс береді, - дейді Маргарита Манигулова.

Тігін цехы әзірге ұсақ өндіріс түріне жатады, бірақ бизнес ханымның болашаққа жоспары орасан зор – үлгілі-жоба қатарын кеңейту, тіпті әлем деңгейіндегі қайырымдылыққа бет бұру. Біріншіден, жаңа коллекция дайын, Маргаританың айтуынша, бұл коллекция өз алдына бірегей болмақ, бірақ коллекция жайында әзірше ашып айтпауды жөн санады.

"Жақында біз Леонардо Ди Каприо (Leonardo DiCaprio Foundation) қорына "Марито спорт" брендінен өзіміздің атаулы "Ирбис Тенгри" ойыншығымызды жасауға өтініш бердік. Жауап күтіп отырмыз. Біз бұл ойыншық сатылымынан түсетін пайданың 10 пайызын табиғатты, жануарларды қорғау қорына жіберіп отыратын боламыз. Бұл біздің жобамыздың бірегейлігі болмақ", - деп, Маргарита алдағы жоспарларымен бөлісті.

Бизнес ханым бизнесін несие алмай, жеке қаражатына бастағанын айтты. Іскер әйелдердің бизнес-форумында Маргарита маңызды жаңалығымен бөлісті, ол өз өнімін дүкен сөрелеріне қоймай, интернет арқылы сатып жатқанын жеткізді.

Кәсіпкер өнімді интернет арқылы сату өте тиімді әрі ыңғайлы екенін, оның үстіне тұтынушылар ауқымын кеңейтуге мүмкіндік мол екенін атап өтті.

Келісіп пішкен тон келте болмас!

Бұл шымкенттік Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Алма Архабаеваның айтқан басты ұстанымының бірі. Кеңес мүшелері кәсіпкерлердің өтініштері мен арыздарын саралай келе осындай шешімге келген. Қаржыландырудың жоқтығы, білімнің жеткіліксіздігі, бизнесті басқара алмау сынды проблемалар жеке бизнесін енді бастаған кәсіпкерлер жиі кездесетін түйіткіл. Оның салдарынан алғашқы үш жылда-ақ бизнес-жобалардың 95 пайызы жабылып жатады.

"Кәсіпкерлікке институтта 5 жыл оқытпайды. Кәсіпкерлікке көбінесе айналасындағыларға қарап, көршісінің джип сатып алғанын көріп, мен де оған жетемін деген мақсатты қуып келеді емес пе?! Бизнестің 95%-ы, өкінішке орай, басталмай жатып-ақ жабылады, бұл – ресми статистика. Биыл "Атамекен" үлкен жұмыс жасады, білімді шыңдап, барын үйретіп жатқан тренерлерді көрдім, 8 ай ішінде төрт мың адамды оқытты. Ал қазір әйелдерге бизнес жүргізуге көмектесу, оларды бріктіру бастамасын қолға алуда. Шынымен, алғашқы кезеңде бағыт-бағдарын беріп отыртын, ынталандыру шаралары қажет. "Менің қолымнан келген шаруа, сенің де қолыңнан келеді!" дейтін адам керек. Бұл біздің миссиямыз", - дейді "Атамекеннің" Шымкент  қаласындағы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Алма Архабаева.

"Атамекен" ҰКП ұйымдастырған "Бастау-бизнес" курсында Шымкентте оқығандардың жартысынынан көбі – нәзік жандылар. 1500-ге жуық қыз-келіншек гран ұтып алып, жеке кәсіпті іске қосуда. Қазір өңірде өтіп жатқан әкімдердің есеп беру кездесулерінде журналистер бұл жаңалыққа ерекше қызығушылық танытуда. Әл-Фараби ауданының әкімінің мәліметі бойынша,  бір жылдың ішінде ауданында 760 отбасы тігін цехын ашса, 550 – кондитерлік шағын цех, 128 – сұлулық салоны ашылған.

Алма Архабаева мұндай көлемде тігін өндірісі ашылды деу ерте екенін айтады. Оның үстіне, елімізде 600 тігін цехы тіркелген. Ал тігін машинасын сатып алып, шағын ісін бастағандарды тігін цехын ашты деу, ал нан пісіретін пеш сатып алғанды кондитерлік цех ашты деу асығыстық екенін айтады. Басталған іс орта жолдан жабылып қалмас үшін бірігіп іс жүргізу қажет деп есептейді. Кәсіпте тәжірибесі мол іскер ханым "бірігіп пішкен тон келте болмасын" алға тартады.

"Біз осы айда ресурстық орталық ашуды жоспарлап отырмыз, төрт кооператив құру ойымызда бар: бьюти – осы салаға көп ақша алды, діндар азаматтарға қажетті киімдер мен атрибуттар ұсынатын дүкендер. Тігін ісі де бөлек, наубайхана да бөлек. Барлығы қолдан ас пісіргенді жақсы көреді, бірақ мұндай кәсіпті үйде жасауға болмайды. Өйткені санитарлық жағдай, арнайы талаптары бар. Сондықтан кооперативке бірігу керек, бірлесе лайықты өнім жасауы керек, сонда тапсырыс та болады. Мен осыны қолдаймын. Тексеріс болмау керек деп жатамыз, бірақ санитарлық талап сақталмаған жерден өнім сатылса,  денсаулыққа зиян келуі мүмкін екенін ұмытпаған жөн", - деді Алма Архабаева.

Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаев баяндамасында әйелдер кәсіпкерлігіне ұсынылып отырған мемлекеттік қолдау шаралары  жайында толық ақпарат ұсынды.

Сондай-ақ форум аясында Шымкент қаласының Іскер әйелдер кеңесінің құрамындағы бизнес ханымдар басқаратын компаниялардың өнімдері мен қызмет түрлерінің көрмесі өтті. Банкирлер әйелдер кәсіпкерлігін қолдау шаралары туралы айтса, жергілікті дизайнерлер сән көрсетілімін ұсынды. Ісшара "Жыл үздігі", "Үздік START UP" аталымдары бойынша және "Мейірімді жүрек" қайырымдылық жобасы бойынша марапаттау салтанатымен аяқталды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу