"Транзитті кезеңге ерлер емес, әйелдер тез бейімделді"

2057

Алматыда өтіп жатқан Women in business форумында "Атамекен" ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова осылай деді.

"Транзитті кезеңге ерлер емес, әйелдер тез бейімделді" Фото: atameken.kz

Алматыда өтіп жатқан Women in business форумында сөз алған "Атамекен" ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова бастауын 1990 жылдардан алған өнеркәсіптік төңкерістің әлеуметтік сипатына тоқталып өтті. Оның айтуынша, қоғамдық формациядағы өзгерістер жұмыссыздыққа алып келді.

Бұл процестер, кәсіби жағынан ғана емес, бәсекеге қабілетті мамандардың сайдың тасындай іріктеліп шығуына, мүлдем жаңа мамандықтардың пайда болуына жол ашты.

"Қоғамдық санада бұрынғыша өмір сүруге мүлдем болмайтынын түсінген пікір орнықты. Бұл ағым тек ХХ ғасырмен шектеліп қалған жоқ. Қазір де жалғасып жатыр. Қазақстандағы нарық заманының алғашқы кезеңі ерлердің ғана емес, әйелдердің де атқа қонуымен есте қалды. Экономика тілімен айтқанда транзитті кезеңге ерлер емес, әйелдер тез бейімделді" , – дейді Ләззат Рамазанова.

Қазіргі заманғы экономикалық тренд тек жағдайға қарап өзгерген бейімділік пен жаңашылдықты ғана қолдайтынын осыған дейін сарапшылар талай айтқан. Әйелдер қоғамы осы талаптарға сай болды. Әлемдік қаржылық және экономикалық дағдарыстың ықпалын әлсіретуге, олар барынша атсалысты.

"Қазақстан халқының 51 пайызы әйелдерден тұратынын соңғы санат көрсетті. Оның 29 пайызы – ғылым мен технология саласында жүр. Бәсекеге қабілетті және қиындыққа төзімділіктің қандай болатынын бізге іскер әйелдеріміз дәлелдеді. Әйел әлсіз және маман ретінде талапқа сай болмаса, ол елдің болашағы жоқ. Сондықтан, іскер әйелдер жаңа заманның трендтерін барынша дер мезгілде игергенін және жаңалықтардың алдында жүргенін қалаймын", – деп ойын түйіп өтті Ләззат Рамазанова.

Ұлттық палата өкілінің айтуынша, іскер әйелдерді тек сауда-саттық соңында жүргендермен ғана байланыстыратын түсінік бүгін ескірді. Бизнестің сипаты да заманауиланды.

Сондықтан кез келген ата-ана өзінің қыздарын технология әлеміне бейімдеуді ертерек бастау керек. Біздің еліміз әйелдердің бизнесін қаржыландыруды қолға алды. Халық банк пен "Атамекен" ҰКП бірлесіп қолға алған бағдарлама шеңберінде 236 әйел жеңілдетілген пайызбен несие алды.

"Мемлекет әйелдер бизнесіне неге оң қабақпен қарай ма" деген сауалдың жауабын Қазақстанның "Халық Банк" басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова түсіндіріп өтті.

Оның пайымдауынша, әйелдер кез келген орында жауапкершіліктің салмағын сезінеді, оған атүсті қарай алмайды.

Бұл форумның ерекшелегі оның ауқымының қазақстандық деңгейде шектеліп қалмағанымен есте қалды. Сонау Гонгонктен арнайы қонақ ретінде шақырылған China CITIC bank басқарма төрағасы Ли Цинпиннің әңгімесі ресми түрде өтіп жатқан форумның атмосферасын жылытып жіберді. Әлемдегі ең ықпалды әйелдердің ондығына кірген Ли Цинпинді үйіндегі жолдасы әйел деп, жалғыз ұлы ана деп таниды екен.

"Жұмыс барысы көңіл-күйіңе әсер етеді. Бірақ мен оны жұмыс орнында қалдырып кетемін. Жолдасым – бизнес саласында. Мен әйел екенімді ұмытып, тек бизнеске ғана мойын бұрып кетсем, өмірдегі табысым тек бизнесіммен ғана шектеліп қалар еді. Қазір бизнес пен отбасым – қос қанатым. Менің бизнестегі табыстық формуламның сыры осы", – деді.

Жиналған қауымды оның отбасылық бақыты ғана қызықтырмайтынын аңғарған Ли Цинпин өзі тұрып жатқан Гонконг екі қаланың бай құндылықтарын бойына сіңіргенін айтып өтті. Гонконгтың табиғатының өзі жемқорлыққа мүлдем жат.

"Бизнестегі табыстылықтың бір себебі – осы. Салық саясатының гуманистік сипаты адамдарды бизнеске баруға жұмылдырады. Табысыңның 10-15 пайызы мемлекеттің меншігі, қалғаны жеке табысың", – деп атап өтті Ли Цинпин.

Ли Цинпин қазақстандықтардың ықыласына риза болғаны соншалықты, бұрын ешбір адамға тіс жармаған құпиясын форум қонақтарының алдында ашып қойды.

"Еркектер әйелдердің табыстылығы мен біліктілігін бірден мойындай қоймайтыны белгілі. Сондықтан әйелдердің кез келген саладағы басты қаруы – оның нәзіктігі болуы керек. Бойыңда нәзіктік, парасаттылық қатар келіп тұрса, алынбайтын қамал жоқ", – дейді.

Ли Цинпин әңгіме арасында қазақстандық банк секторына инвестиция салуға ықыласты екенін айтып қалды.

"Қазақстанда қытай фобиясының күшті екенін мен осында келіп білдім. Біз Қазақстанға адамдарды жұмыс орнынан алып тастауға немесе айлықтарын қысқартып тастауға келген жоқпыз. Өз білген тәжірибемізді бөлісуге келдік. Қазір біздің банк тек сіздердің елдеріңізде жүрген қытай азаматтарына ғана емес, сіздерге де қызмет етеді, Жақында халықаралық компанияларға қызмет көрсететін арнайы бөлімше аштық", – деп сөзін қортындылады Ли Цинпин.

Бүгін Алматыда өтіп жатқан Women in business форумға елімізден және алыс-жақын шетелдерден келген 100-ден астам кәсіпкер әйел қатысып, өзара тәжірибе алмасты. Форумның соңы бізде кенжелеп дамып келе жатқан welness, fashion, restoclub секторларында қаржыны, брендті қалай басқару және тайм-менеджменттің мүмкіндігін жеке пайдаңа жарату туралы пікірлермен жалғасты. 

Рауан Ілиясов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу