Қазақстан бизнесінде әйелдер үлесі 42%-ға жетті

2186

Көрсеткіштің артуына ауылдағы әйелдердің өз-өзіне деген сенімсіздігі мен білімінің жетіспеушілігі кедергі келтіреді.

Қазақстан бизнесінде әйелдер үлесі 42%-ға жетті Фото: baq.kz

Жалпы республикада 697 355 шағын және орта бизнес субъектісін әйелдер басқарады. ЖІӨ-ні қалыптастырудағы әйелдер үлесі 40%-ға бағаланып отыр. Бірақ бұл шама осымен тоқтамайды деп есептейді "Атамекен" кәсіпкерлер ұлттық палатасы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова.

"Біз Қазақстанда алғаш рет мемлекет ерлер мен әйелдерге беретін көмекті бөліп сараладық. Өзіміздің өңірлік палаталарымызға тестілеу, есеп тапсыруда қандай қиындық барын, осы көмекке қанша әйел мұқтаж екенін саралауды тапсырдық", – деді Ләззат Рамазанова орталық коммуникация қызметінде өткен брифингте.

Шағын және орта бизнесті қолдау бағытында КҰП іскер әйелдер кеңесі сервистік көмек көрсетеді. Бұған ақпараттық сүйемелдеу, заңгерлік және бухгалтерлік қызмет көрсету, соттарда кәсіпкерлер мүддесін тегін таныстыру кіреді.

Ләззат Рамазанованың айтуынша, өткен жылы бизнеске сервистік қолдау көрсету аясында әйелдерге 18 мың қызмет көрсетілді, 45 мың кәсіпкер әйел ақпараттық көмек алды, ал 8 мыңы "Бизенс-мектеп" бағдарламасымен білім алды.

Әйелдердің мемлекеттік қолдау туралы білімі күңгірт, сондай-ақ бизнесті жүргізуде білімі жетіспейтіні байқалады. Әсіресе бұл кедергі ауылдық жерлерде айқын көрінеді.

"Бізде үнемі жария етілмейтін қиындықтар бар. Ауылдық жердегі әйелдерде өзіне деген сенімсіздік басым, олар өз қорқынышын жеңе алмайды. Сондай-ақ қарапайым білімңнің болмауы, сондай-ақ қорқынышынан арылып, пісіп-жетілген және бірігуге дайын әйелдерде де білімі жетпейтіні байқалады. Барлығына түсінікті деңгейде жаппай оқыту жүргізу қажеттілігі туындап отыр", – дейді іскер әйелдер кеңесінің басшысы.

"Біз барлық ауданға барып, кеңес беру кездесуін өткізіп қана қоймай, сонымен бірге табысқа жеткен кәсіпкер әйелдердің тарихымен бөлісеміз. Ауылдық жерлердегі әйелдердің мінез-құлқын ескерсек, ең қиыны – бизнеске алғашқы қадам жасау. Оқыту және кеңес беру арқылы біз оларға өз ісін ашуда сенімділік танытуға шақырамыз. Әрине, бұл шара салық қорын ұлғайтатынын біз жақсы түсінеміз. Сонымен бірге, бұл – ауылдағы жұмыссыздық мәселесін шешуге септігін тигізеді. Біздің басты міндетіміз – ауылдағы әйелді бизнеске тарту", – деп баса айтты Маңғыстау облысы өңірлік іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Сәуле Салихова.

Сонымен қатар кәсіпкерлер палатасы үйінде өз ісімен айналысатын және жеке кәсіпкер ретінде тіркелмейтін әйелдерді де тартуды жоспарлап отыр.

"Мысалы аспаздық өнердің қыр-сырын меңгерген, түрлі кондитерлік өнім әзірлеп, сататын үй шаруасындағы әйелдер бар. Олар Instagram және Facebook секілді әлеуметтік желілер арқылы табысты еңбек етіп жатыр, өзінің тұрақты тұтынушылары бар. Ал мен оларға: "сіз жеке кәсіпкерсіз бе?" деп сұрағанымда, жартысынан көбі ондай мәртебесінің жоқ екенін айтты. Мен бұл қыздарды түсінемін, бірақ салық төлеу керек қой. Әлеуметтік желілердегі танымалдылығынан оларға салық қызметшілері келуі мүмкін. Ал оның салдары қандай болатынын өздеріңіз де білесіздер. Біз осы жұмысты өткізгеннен кейін, осы әйелдердің барлығы жеке кәсіпкер ретінде тіркелді", – дейді Сәуле Салихова.

Сонымен бірге Қазақстан әйелдері бизнеске шағын несие беру жөніндегі "Атамекен" КҰП-тың жобасы аясында қаржы ала алады.

"Өңірлердегі халық бизнес бастағысы келеді, бірақ қаражаты жетпейді. Жергілікті атқарушы органдармен жүргізілген келіссөз барысында бір келісімге қол жеткіздік, "Атамекен" КҰП бағыты бойынша шағын несие беру жүйесі іске қосылды. Пайыздық мөлшерлемесі жылына 6-8%. Бұл жалпы халық үшін тиімді. Кепілге қойылатын мүлік бойынша да шарттар қолайлы. Әрине, көпшілігі бұл ақталмайтын тәуекел деп сынап жатыр. Бірақ біз әрекет етуді бастамай, бұл мәселе орнынан қозғалмайды", – деп қорытындылады "Атамекен" КҰП іскер әйелдер кеңесінің басшысы.

Динара Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу