Кәсіпкерлер конференциясы тікелей эфирден көрсетіледі

18727

Нұр-Сұлтанда үш адамның екеуі кәсіпкерлікпен айналысады.

Кәсіпкерлер конференциясы тікелей эфирден көрсетіледі

Бүгін "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаевтың бас болуымен елордада өтетін кәсіпкерлердің VI конференциясында астанадағы кәсіпкерлікті дамыту жоспары талқыланады. 

Конференцияға Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Күлгінов, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқасы мен басқармасының мүшелері, ұлттық компаниялар мен даму институттарының сондай-ақ аумақтық органдардың жетекшілері және екінші деңгейлі банктер мен бизнес өкілдері қатысады.

Конференцияға атсалысқандардың алдында қала әкімі Алтай Күлгінов пен Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Алмат Жүнісов кәсіпкерлікке қатысты баяндама жасайды.

Айта кетейік, Нұр-Сұлтан қаласында шамамен 130 мың шағын және орта бизнес субъектісі бар. Мұндағы шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнім көрсеткішіндегі үлесі республика бойынша 58,8%-ды құрайды.

Нұр-Сұлтанда жұмыспен қамтылғандардың 72% кәсіпкерлікпен айналысады.

2018 жылы бизнеспен шұғылданатындардың қатары көбейіп, 350 мыңнан асты. Бұл жерде жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 540 мың адам болғанын назарға алу керек. Бұл "Атамекен" өңірлік кәсіпкерлер палатасы таратқан мәлімет.

Бүгінгі таңда елордада "1000 орын - көше саудасы" бағдарламасын жүзеге асыру жалғасып жатыр. Astana әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы АҚ 603 жер телімін игеруде.

Палата әлеуметтің осал тобына аукционнан тыс, жеңілдікпен жер телімін беру бастамасын көтерді. Көрсетілген санаттағы адамдарға жер комиссияның шешімімен ұсынылады. Биыл осы әдіспен 20 сауда орны үлестірілді.

Сауда саласы жалпы өңірлік өнімнің 18%-ын құрайды. Мұнда халықтың 15,5% немесе 84 мың адам еңбек етеді. Бюджетке түсетін салықтың 8%-ы саудадан келеді. Қалада 25 базар, 15 сауда желісі, үйлерге орналасқан 2 500 дүкен жұмыс істейді. 

Астанада  қызмет көрсету саласында 50 мыңнан астам кәсіпорын бар. Олар жалпы өңірлік өнімнің 42,5%-ын құрап отыр. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырсақ, саладағы өсім 9,5%-ға жетті. Бұл жерде 195 мың адам немесе халықтың 36%-ы тер төгіп жүр. Білім, денсаулық, ақпарат және байланыс, қаржы, сақтандыру салалары басымдыққа ие.

"Атамекен" өңірлік кәсіпкерлер палатасының дерегінше, мектептердегі орын тапшылығы 20 мың адамнан асып отыр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өңірлік кәсіпкерлер палатасы мектеп салуға жер телімдерін беру бастамасын көтеруде. Сонымен қатар мемлекеттік балабақшаларды жекеменшікке беру ұсынылуда.

Қалада кәсіпкерлікті дамыту үшін жыл соңына дейін білім беру орталықтарының саны арттырылады, импорт алмастыру бағытындағы жобаларға басымдық беріледі, түрлі салаларда өңірлік бағдарламаларды ілгерілету үшін шаһар скринингтен өткізіледі.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу