Жексенбі кешкісін Исламдағы ең қасиетті нысандар орналасқан Сауд Арабиясы үкіметі жарты айды көргенін мәлімдеп, әлемдегі 1,8 миллиард мұсылманның көпшілігі үшін дүйсенбіде қасиетті Рамазан айының басталатынын жариялады.
Таң атқаннан күн батқанға дейін ас-судан бас тартатын Рамазан айы - бүкіл ислам дүниясында діни ойларға шомитын, отбасылық басқосуларға жиналатын және қайырымдылық жасайтын кезең. Ал жексенбі түні жарты айды көру дүйсенбі оразаның бірінші күні екенін білдіреді.
Сауд Арабиясының мемлекеттік телеарнасы биліктің жарты айды көргенін хабарлағаннан кейін, Парсы шығанағындағы араб елдерінің көбі осы жаңалықты дереу таратып, дүйсенбіде ораза басталатынын жария етті. Жергілікті басшылар болса, іле-шала жамағатты қасиетті айдың келуімен құттықтады.
Алайда, Австралия, Бруней, Индонезия, Малайзия және Сингапур сияқты Азия-Тынық мұхит аймағының бірқатар мемлекеттері жексенбіден дүйсенбіге қараған түні жарты айды көрмеді. Сондықтан оларда ораза сейсенбіде басталмақ. Араб түбегінің қиыр шығысында орналасқан Оман үкіметі де Рамазанның сейсенбіде басталатынын мәлімдеп отыр.
Биылғы Рамазан айы Таяу Шығыста Израиль мен Хамас арасындағы соғыстың өршіп тұрған шағымен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл қарулы жанжал өрті Газа секторының аумағынан шығып, көршілес мұсылман елдерін шарпуы мүмкін деген қауіп бар. Сонымен қатар, пандемиядан кейінгі әлемде шарықтаған инфляция мен азық-түлік қымбатшылығы да жалғасып жатыр.
Айта кету керек, Таяу Шығыстағы сүннит мұсылмандар көп тұратын елдерде жамағат күніне бес уақыт намаз оқып, Мекке мен Қағбаны қасиет тұтып, Сауд Арабиясының жолын ұстанады.
Ал өзін әлемдегі шиит-мұсылмандардың көшбасшысы санайтын Иранда билік Рамазанды әдетте сүнниттерден бір күн кейін бастайды.
"Иранның рухани жетекшісі аятолла Әли Хаменеидің кеңсесі Оразаның сейсенбіде басталатынын жариялады", - деп хабарлайды мемлекеттік IRNA ақпарат агенттігі.
Рамазан айында ораза ұстаушылар Мұхаммед пайғамбар қалыптастырған дәстүр бойынша әдетте құрмамен, сумен ауыз ашып, "ифтар" өткізеді. Ал таң алдындағы ауқаттану "сухур" немесе "сәресі" деп аталатыны белгілі.
Рамазан – исламдық ай күнтізбесінің тоғызыншы айы. Бұл айда мұсылмандар ұрыс-жанжалдардан аулақ болуға және қайырымдылық істерге көбірек көңіл бөлуге тырысады.
Дегенмен, осы күнге дейін Газадағы соғысты тоқтату мүмкін болмай отыр. Ол 7 қазанда басталды. Сол күні Израильде 1200-дей адам қаза тауып, 250 адам кепілге алынды. Бұған жауап ретінде Израиль Газаны бомбалап, жаяу әскерімен Хамасты жою операциясын жүргізіп, 30 мыңнан астам бейбіт палестиналықтың өмірін қиды. Алапат соққылардан теңіз жағасындағы анклав қирап, қоршауға алынып, бүгінде электр қуатына, азық-түлік пен ауыз суға зәру болып отыр.
Осының бәріне қарамастан, палестиналықтар бомбаланған мешіттердің алдында намаз оқып, шет мемлекеттер әуден тастап жатқан азық-түлікке жүгіріп, жан бағуға жанталасып жатыр. Бұл трагедияны баяндайтын аянышты бейнекадрлар қазір Таяу Шығыс пен бүкіл әлемнің Израильге ашуын күшейтіп отыр. Америка Құрама Штаттары болса, өзінің әскери техникасы мен қолдауына сүйенетін Израильге Рамазан басталғаннан кейін Газаға көбірек азық-түлік жөнелтуге рұқсат беруді талап етіп, қысым көрсетуге кірісті. Және де Вашингтон басқа серіктестермен бірігіп, Газаға көмек енгізетін теңіз дәлізін ашуды жоспарлап жатыр.
Сонымен қатар, осы соғыс пен Израильдің Иерусалимдегі "әл-Ақса" мешітінде намаз оқуға шектеу қоюы аймақта өшпенділікті тіпті өршітуі мүмкін. Бұл мешіт орналасқан ауданды еврейлер де өздерінің ең қасиетті жері деп санайды.
Бір кездері Ирак пен Сирияда халифат жариялаған "Ислам мемлекеті" тобы Рамазан айында шабуылдарға қайта кірісті. Қазір бөлшектеніп кеткенімен, бұл топ өзінің беделін көтеру үшін Израиль-Хамас соғысынан пайда көруге әрекеттеніп жатыр деген пікір бар.
Тағы бір айта кететін жайт, Рамазан айында атысты тоқтатуға тырысқанымен, бүкіл Суданда да соғыс жалғасып жатыр.