Испания, Ирландия және Норвегия Палестина мемлекетін мойындаймыз деп отыр

1089

Бұған ашынған Еуропа елдеріндегі елшілерін кері шақырып алды. 

Испания, Ирландия және Норвегия Палестина мемлекетін мойындаймыз деп отыр Фото: AP

Испания, Ирландия, Норвегия алдағы сәрсенбіде - 28 мамырда Палестина мемлекетін мойындайтындарын мәлімдеді. Мұндай шешім Израильдің шабуылдарынан Газа секторында құрбандар саны артып, ондағы гуманитарлық дағдарысқа халықаралық наразылық күшейген шақта қабылданып отыр.

Еуропалық Одақтың (ЕО) екі елі мен Норвегияның бір мезгілде қабылдаған шешімдері Палестина мемлекетін ЕО-ның басқа елдерінің де мойындауына серпін беруі мүмкін және бұл жағдай Израильдің оқшаулануын тереңдетіп, Біріккен Ұлттар Ұйымында одан әрі қадамдарға түрткі болуы ғажап емес. Испания, Ирландия, Норвегиядан 27 мүшеден тұратын Еуропалық Одақтағы Мальта мен Словения да үлгі алуы мүмкін.

Жалпы алғанда, бүгінге дейін Біріккен Ұлттар Ұйымындағы 190 елдің 140-ы Палестина мемлекетін мойындапты.

Жаңа еуропалық қадамдар қалай және не үшін маңызды болуы мүмкін? Бұл сауалдарға қысқаша жауаптар төмендегідей:

БҰЛ НЕ ҮШІН МАҢЫЗДЫ?

1948 жылғы БҰҰ-ның Израильді құру туралы шешімі көрші Палестина мемлекетін құруды да көздеді.  Бірақ арада шамамен 70 жыл өтсе де, Палестина территориялары екіге бөлшектеніп басқарылып, бұл автономияның БҰҰ-ға мүшелікке өтінімдері қабылданбай келеді.

Америка Құрама Штаттары, Ұлыбритания және басқа да Батыс елдері Таяу Шығыстағы ең шешімсіз қақтығысты тоқтату үшін Израильмен бірге тәуелсіз Палестина мемлекетін құру идеясын қолдады. Бірақ олар Палестина мемлекеттілігі келіссөздермен шешілуі керек деп есептейді. Айта кетсек, осы мәселе бойынша, 2009 жылдан бері ешқандай мазмұнды келіссөздер өтпеген.

ЕО елдері мен Норвегия Палестина мемлекетінің өмір сүру мүмкіндігін мойындауға әзір. Бұл символизм палестиналықтардың халықаралық аренадағы беделін арттыруға көмектеседі және Израильге соғысты тоқтату туралы келіссөздерді бастау жөніндегі қысымды күшейтуі ықтимал.

Сондай-ақ, бұл қадам 6-9 маусымда 370 миллионға жуық адам дауыс беруі тиіс Еуропарламент сайлауы алдында Таяу Шығыс проблемасының маңыздылығын арттыра түспек.

НЕГЕ ҚАЗІР?

Хамаспен шайқас сегізінші айға ұласқандықтан, Израильге дипломатиялық қысым күшейіп барады. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 11 мамырда Палестинаға жаңа "құқықтар мен артықшылықтар" беруге айтарлықтай басымдықпен дауыс берді. Бұл – Палестинаның БҰҰ-ға толық мүшелігіне халықаралық қолдаудың күшейіп жатқанының белгісі. Палестина қазір бұл әлемдік органда бақылаушы мәртебесіне ғана ие.

Испания, Ирландия, Мальта және Словения басшылары наурыз айында Палестина мемлекеттігін тану мүмкіндігін соғысты тоқтату қосылған "оң үлес" ретінде қарастыратындарын атап өтті.

"Бұл мойындау ешкімге де, Израиль халқына да қарсы емес. Бұл бейбітшіліктің, әділдіктің және моральдық үйлесімділіктің пайдасына жасалған әрекет", - деді сәрсенбі күні Испания премьер-министрі Педро Санчес.

ТАНУДЫҢ САЛДАРЫ ҚАНДАЙ БОЛУЫ МҮМКІН?

Ондаған ел Палестинаны мойындағанымен, Батыстың ірі державаларының ешқайсысы бұндай қадамға барған жоқ және аталған үш мемлекеттің әрекеті нені өзгертетіні белгісіз.

Солай бола тұра, бұл мойындау палестиналықтардың күресіне халықаралық заңдылық беретін маңызды жетістік саналып отыр.

Қысқа мерзімде көп нәрсе өзгере қоймас. Бейбіт келіссөздер тоқтап тұр, ал Израильдің қатал үкіметі Палестина мемлекеттігімен күресті жалғастыра беруі әбден мүмкін.

ИЗРАИЛЬДІҢ ЖАУАБЫ ҚАНДАЙ?

Израиль сәрсенбіде жылдам әрекетке көшіп, қарсылығын ретінде Ирландия, Норвегия және Испаниядағы елшілерін кері шақырып алды.

Израиль үкіметі Палестинаның тәуелсіздігі туралы мәлімдемелерді 7 қазанда Израильдің оңтүстігінде 1200 адамның өмірін қиып, 250-ден астамын ұрлап әкеткен Хамас шабуылына берілген "сыйақы" деп айыптады. Және де ресми Тель-Авив палестиналықтарды халықаралық деңгейде заңдастырудың кез келген қадамын жоққа шығаратынын ескертті.

Үш еуропалық елдің сәрсенбідегі қадамдары Палестинаның ұстанымын қатайтып, келіссөздер процесіне нұқсан келтіретінін мәлімдеген Израиль барлық мәселелерді келіссөздермен шешу керектігін алға тартып отыр.

Израиль шет мемлекеттердің әрекеттеріне наразылық білдіргенде, олардың елшілерін шақырып алады және онсызда қолма-қол ақша тапшылығына ұшыраған Палестина билігін салық аударымдарын тоқтату сияқты шаралармен жазалайды.

ПАЛЕСТИНА МЕМЛЕКЕТТІГІН КІМДЕР ТАНЫДЫ?

Палестинаны 140-қа жуық ел мойындады, бұл - Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше елдердің үштен екісінен астамы.

Кейбір ірі державалар Израильдің Газадағы шабуылдарынан 35 мыңнан астам палестиналықтың өмірі қиылғандықтан, өздерінің Палестина мемлекетін құру жөніндегі ұстанымдары өзгеруі мүмкін екенін байқатып отыр.

Ұлыбритания Сыртқы істер министрі Дэвид Кэмерон Хамас Газада қалып отырғанда, Палестинаны мойындай алмайтынын, бірақ Израильдің Палестина басшыларымен келіссөздері прогресс байқатса, палестиналықтардың елдігін тануы мүмкін екенін жоққа шығармады.

Франция президенті Эммануэль Макрон болса, ақпан айында Париждің Палестина мемлекетін мойындауына "тыйым" салынбағанын атап өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу