Израиль елімізден қой етін тасымалдауға ниетті

Ирина Севостьянова Ирина Севостьянова
2810

Дегенмен ол үшін алдымен еліміздің ветеринарлық бақылау қызметі өз әлеуетін дәлелдеуге тиіс.

Израиль елімізден қой етін тасымалдауға ниетті

Израиль елімізден қой, сиыр еттерін және ақ түсті жұмыртқа өнімін өткізу үшін әлеуетті нарық ретінде таңдалып отыр.  Премьер-министрдің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов бастаған делегация  Израильға барып, келіссөздер жүргізіп қайтты. Сапар қорытындысында екі ел үкіметтері арасындағы келісім шеңберінде 2017-2018 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық жөніндегі "Жол картасына" қол қойылды. Сонымен қатар, Қазақстанда коммерциялық негізде демонстрациялық ферма құру ниеті туралы декларацияға қол қойылды. Аталмыш база негізінде ауыл шаруашылығының түрлі бағыттары бойынша технологияларды таныстыру көзделіп отыр.

"Израиль тарапы сиыр және қой еттерін жеткізуге үлкен қызығушылық танытып отыр, – деді баспасөз конференциясында "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев. – Оларға қой еті қазір мұздатылған күйде Аустралиядан жеткізіліп жатыр, шындап келгенде, ол жақта бізге бәсекелестер жоқ".

Оның айтуынша, арақашықтық алыс болғанымен, қазақстандық өндірушілер үшін Израиль нарығына жеткізу бәрібір тиімді.  Израильдің сауда желілерінде қой етінің бөлшек саудадағы бағасы келісіне 22-25 долларды құрайды. Сауда желілерінің  бағасын, көтерме баға мен күрделі логистиканы қоса есептегенде біздің бизнес үшін ол жаққа тауар жеткізу табысты болмақ.

"Қазақстанның өз ішіндегі көтерме баға логистиканы қоса алғанда 2-3 доллар ғана. Тіпті ең қымбат авиакөлікке кеткен шығын 2 доллардай болады. Яғни, қой етінің өзіндік құны 5 доллар шамасында, оларға әр келісін 15 доллардан жеткізуге болады", – деп есептеп шықты Әлтаев мырза.

Дей тұрғанмен, дәл қазірден бастап жеткізу туралы әңгіме болып отырған жоқ. Бұған дейін мәлімделгендей, Израильдің ветеринарлық қауіпсіздік жөніндегі талаптары өте жоғары, сондықтан сапар барысында тараптар екі елдің ветеринарлық қызметтері келіссөз жүргізіп,  арадағы кедергілерді жою туралы мәселені пысықтауға тиіс деп уағдаласты. Алайда ол үшін еліміздің ветеринарлық қызметі өзінің деңгейін растауы керек.

Болашақта қанша көлемде қой еті жеткізілетіні туралы сөз етілмейді. Нұржан Әлтаев түсіндіріп өткендей,  бірқатар израильдық компания  ет жеткізуге қызығушылығын білдірген. Солардың бірі  күніне біржарым тонна ет тасымалдауға әлеуеті жететінін де мәлімдеген. Дегенмен мұның бәрі сірә жақын арада өтетін келіссөздер барысында айқындалмақ.  Ал алдағы мамыр айына екі елдің кәсіпкерлері  ірі бизнес-форумда бас қосатын болады.

Ирина Севостьянова, Гүлназ Ермағанбетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу