Таяу Шығыста Иранға арқа сүйеген мыңдаған содыр Израиль мен Хезболла арасындағы қарулы қақтығыстар кең ауқымды соғысқа ұласатын болса, Ливанға аттануға дайын. Мұны Хезболла өкілдері бірер күн бұрын хабарлады.
Былтыр күзде Газа секторында Израиль мен Хамас арасында шайқас басталғалы, Ливан мен Израильдің солтүстік шекарасы бойында күнде атыс болып тұрады.
Аймақтағы жағдай осы айда тіпті ушықты. Оған себеп сол, Израиль әуе күштерінің соққысынан Ливанның оңтүстігінде Хезболланың жоғары шенді командирі мерт болды. Көп кешікпей, Хезболла Израильдің солтүстігіне жүздеген зымыран мен жарылғыш заты бар дрондарды жіберген.
Израильдің ресми өкілдері егер Хезболланы шекарадан аластату туралы шешім қабылданбаса, Ливанға әскери шабуыл жасайтынын ескертіп отыр.
Соңғы онжылдықта Иран қолдаған ливандық, ирактық, ауғанстандық және пәкістандық жасақтар Сирияда 13 жылға созылған соғысқа килігіп, Президент Башар Асад армиясына басым түсуге жәрдемдесті. Сол топтар енді Израильге қарсы бірігуге әзір екендерін жариялап отыр.
Хезблолла лидері Хасан Насыралла сәрсенбі күні айтқандай. Ирандағы, Ирактағы, Сириядағы, Йемендегі және өзге елдердегі содырлардың жетекшілері Хезболлаға көмекке ондаған мың адам жөнелтуді ұсынған. Бірақ, Насыралланың сөзінше, оның тобында қазірдің өзінде 100 мың жауынгер бар.
Насыралланың мәлімдеуінше, қазір Хезболла адам күшімен бірге зымырандар мен дрондар жіберетін жойғыш ұшақтарға да ие екен.
Ирак пен Ливандағы ираншыл қарулы топтар болса, кең ауқымды Ливан-Израиль соғысына дайындық ретінде қазірдің өзінде мыңдаған содырын Сирия жеріне шоғырландырып қойғандарын айтады.
Олар Хезболла мен Израиль арасындағы қарулы жанжал насырға шапқан жағдайда, белгіленбеген шекарадан Ливан жеріне оп-оңай өтуі ықтимал.
"Егер кең ауқымлы соғыс басталса, біз Хезболламен бірге қоян-қолтық күресеміз", - дейді Бағдадта АР агенттігі тілшісіне берген сұхбатында атын атамауды өтінген ираншыл жасақ лидерлерінің бірі.
Оның сөзінше, ирактық кеңесшілер қазірдің өзінде Ливанда жұмыс істеп жатыр.
Ливандық содырларға сенсек, оларға көмекке Ирак халықтық мобилизация күштері, ауғанстандық Фатимиюн партиясының, пәкістандық Зейнабиюн тобының жасақтары мен йемендік хуситтер келуі мүмкін.
Хезболла жөніндегі сарапшы Қасим Қассирдің ойынша, қазір соғыс қимылдары зымыран атқыштар тәрізді озық технологияға негізделгендіктен, сонша көп содырды қажет етпейді. Бірақ, егер соғыс басталып, ол ұзаққа созылып кететін болса, Хезболлаға сырттан адам күші қажет болуы мүмкін.