Израиль палестиналық балаларды тас атқаны үшін түрмеге жаппай қамауда

3159

Хамас кепілдеріне айырбас ретінде израильдік тарап өз түрмелерінен біраз палестиналықты босатты, бірақ темір тордағы палестиналықтардың саны күрт артты. Бұл парадокстың себебі неде?

Израиль палестиналық балаларды тас атқаны үшін түрмеге жаппай қамауда Фото: mondoweiss.net

Израиль және Хамас арасындағы атысты уақытша тоқтату туралы келісім алтыншы күнге кетті. Бұған Қатар, Мысыр және Американың араағайындығының арқасында қол жеткізілді. Өткен күндері Хамас кепілдегі 60 адамды, ал Израиль өз түрмелеріндегі 180 палестиналықты бостандыққа жіберді. Келісім бойынша 1 израильдік 3 палестиналыққа айырбасталады.

Израильдік тарап азаттық берген палестиналықтардың арасында кісі өлтірген бірде бір қылмыскердің, лаңкестің, әскеридің жоқтығы белгілі болды. Осыған қарап, халықаралық сарапшылар бейбіт тұрғындардың бейбіт тұрғындарға алмастырылып жатқанын айтуда.

Израиль адам алмасу тоқтаған соң Газа аумағына шапқыншылығын, Палестинаның осы өңірін тып-типыл етіп талқандауын жалғастыратынын жариялады.

Газада, Хамас қолында жалпы саны 240-тан астам израильдік кепіл бар деп саналады. Шын санын Израиль жағы білмейді, Хамас бомбалаудан олардың қаншасы тірі қалғанын жасырып, айтпады.

Қазіргі айырбас схемасы бойынша Израиль сол 240 адамын босатып алу үшін кем дегенде 700-ден астам палестиналықты бостандыққа жіберуі керек. Израильдің түрмелерінде Палестинаның мыңдаған тұрғыны ұзақ жылдардан бері қамауда отыр. Олардың көбі израильдік қоныстардың Палестина аумағына кең таралуына, Палестина территорияларын оккупациялауға қарсылық танытқандар. Шетінен ұсталып, Израильдегі қаптаған түрмелердің темір торына тоғытылған. 

Бірақ израильдік тарап барлық кепілді босату міндеті тұрмағанын білдірді. Мұның бір дәлеліндей, Израильдің Әділет министрлігі Хамас кепіліндегі адамдарға айырбастайтын палестиналықтардың тізіміне небәрі 300 адамды ғана қосты. Соның ішінде 33 әйел бар.

Батыстық ақпарат құралдарының хабарлауынша, израильдік тізімдегілердің басым көпшілігі – балалар. Олар абақтының қапасында отырып, 16-18 жасқа жетіп қалған. Тізімге кіре алғандар ішінде аса ауыр немесе ауыр қылмыс жасаған бірде бір қылмыскер жоқ.

Бостандыққа шығарылып жатқан палестиналықтарды соттауға негіз болған баптар:

  • Кісі өлтіруге оқталу;
  • Израиль мемлекетінің қауіпсіздігіне қатер төндіру;
  • Израильге заңсыз кіру;
  • Тас лақтыру;
  • Өрт салу;
  • Атыс қаруын немесе жарылғыш заттарды сақтау;
  • Израильге қастық пиғылдағы ұйымдармен байланыс.

Соңғы бапқа Газа аумағының барлық тұрғындарын жатқыза алады. Өйткені бұл өңір ұзақ жылдардан бері Хамас бақылауында болды. Тиісінше, онда тұратын 2 миллионнан астам тұрғынның бәрі аталған радикалды палестиналық ұйымның және оның құрылымдарының қарауында жұмыс істеуге мәжбүр болды.

Израильдің бұл тірлігі халықаралық қоғамдастықты, құқық қорғаушы ұйымдарды шошынтып отыр.

"Палестиналықтарды жаппай ұстап, тұтқындап, түрмеге қамаудағы негізгі қылмыс – израиьлдік әскерилерге тас ату. Бұл үшін палестиналық балалар 20 жылға бас бостандығынан айыруға сотталуы мүмкін", – деп жазады халықаралық Save the Children құқық қорғау ұйымы.

Әшкере болып жатқан сорақылықтар мұнымен бітпейді. Төбе шашты тік тұрғызатын тағы бір жайт. Израиль тіпті тізімдегі барлық 300 адамды босатса да, оның түрмелерінде ашық аспанды көруге зар болған Палестина тұрғындарының саны тіпті азаймайды. Керісінше, көбейіп барады.

Хамас шапқыншылық жасаған 7 қазанға дейін израильдік түрмелерде кем дегенде 5 200 палестиналық қамауда отыр деп есептелетін. Одан көп болуы да мүмкін. Анадолы агенттігінің мәліметінше, 7 қазандағы Хамас шабуылынан соң израильдік түрмелерге жабылған палестиналықтар саны тағы 3 000 адамға көбейді. Әрі қарай артуда. Себебі, Израиль Газа аумағына басып кіріп, қарсыласқан тұрғындарды содырлармен бірге қырды немесе тұтқынға алды. 

Al Jazeera арнасының дерегінше, израильдік түрмелерде қамалған палестиналықтардың саны 10 мыңнан асып кетті.

Босап шыққан әйелдердің бірі – Ханан Салех Абдулла әл-Баргути. Батыстық ақпарат құралдары оны Израильдің не үшін соттағанын да біле алмады. Келіншектің енесі Эман BBC-ге сұхбатында келінінің оралуын тойламайтындарын хабарлады. Осы арқылы оның отбасы "Израильдің Газаны үстемелете бомбалауы салдарынан қаза тапқан, жараланған, босқынға айналған өзге палестиналықтарға құрмет көрсетеді". Эманның айтуынша, оның таныстарының отбасылары да ұқсас шешім қабылдапты.

Бірақ BBC анықтағандай, Израиль палестиналық қауымдарға сотталғандардың үйлеріне оралуын тойлауға, тіпті атап өтуге тыйым салған. Ал Үкімет израильдік полицияға ондай тойларды дереу тыюға тапсырма беріпті. Мұны израильдік басылымдар да жазды. Қуанышты қызғанғаны, әрі палестиналықтардың рухы көтеріліп кетпесін дегені болса керек.

Сондай-ақ израильдік тарап азат етілетін палестиналықтарды әдейі терезелері қара түспен тұмшаланған автобустармен тасыды. Алғашқы күні ол автобустарды Израиль басып алған аумақтарда тұратын арабтар және шетелдік журналистер қоршап алды. Күн сала қарап, қараңғы терезелерден жанталаса ішке үңілген ақпарат құралдарының өкілдері ондағы палестиналықтардың кейбірі қуанғаннан өз орнында билеп тұрғанын, бірқатары Палестина автономиясының туын жамылып алғанын байқапты.  

Йордан өзенінің Батыс жағалауындағы палестиналықтар абақтыдан шыққан бозбалаларды аспанға отшашумен, патриоттық поп-музыкамен қарсы алды.

Associated Press хабарлауынша, бір кезде израильдік күш құрылымдары жиналғандарға көзден жас ағызатын газ атқылай бастады. Салдарынан, "жиналған жұртшылық, соның ішінде қарттар, әйелдер мен жас балалар еңіреп жылап, ауырсына шыңғырып, аулаққа қашуға мәжбүр болды".

Associated Press 16 жасар бала Абан Ияд Мохаммад Саид Хаммадтың еркіндікке шыққанын әңгімеледі.

"Әрбір дерлік палестиналықтың израильдік түрмеде туысы бар, немесе оның өзі сонда отырып шыққан. Құқық қорғау ұйымдарының бағалауынша, Израиль Палестинаның аумағы саналатын Батыс жағалауды, Газа секторын және Шығыс Иерусалимді басып алғалы, 1967 жылдан бері, 750 мыңнан астам палестиналық израилдік түрмелерден өтті... Әбден арыған, бетін секпіл басқан 16 жасар Абан Хаммад жылап-сықтап, өзін құшақтап аймалаған, айналасында ән салып шулаған адамдардың арасында естен танғандай, қаққан қазықтай қатып тұрды. Темір тордың қапасынан шыққан оның бейбіт өмірдің бұл көріністеріне үйренісе алмай тұрғаны аңғарылады. Абан Калькилья қаласында тас лақтырғаны үшін сотталды", – деп жазды Associated Press.

Оның хабарлауынша, Израиль өзі басып алған палестиналық өлкелердегі жергілікті тұрғындардың әскери басшылыққа кез келген наразылығын бірден "қылмыс" деп санап, түрмеге қамайды. Мысалы, ұл бала Жамал Брахманы израилдік күш құрылымдары 2022 жылғы көктемде Иерихондағы үйінен алып кетіпті. Содан бері жасөскінді еш айып тақпай, сот процесін өткізбей, тұтқында ұстады. Енді кепілдерге айырбасқа шығарып отыр.

Батыстың ақпарат құралдары Палестина жұртының қандай құқай, қиянат, қысым көріп жатқанын жариялап, Батыс жұртының көзін ашуда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу