Израильдің қуатты армиясын ықтырған ХАМАС шынымен нашар қаруланған ба?

2365

Палестиналық содырлардың арсеналында не барын сарапшылар жариялады.

Израильдің қуатты армиясын ықтырған ХАМАС шынымен нашар қаруланған ба? Фото: reuters.com

ХАМАС – Харакат аль-Мукавама аль-Исламия деген сөздерден шығарылған атау және ол "Исламдық қарсыласу қозғалысы" деп аударылады.

Радикалдар планер деуге де келмейтін қолдан жасалған қанаттарды қолдарына байлап, Израилмен арадағы ортақ, миналанған шекарадан ұшып өтуін жалғастыруда. Таяу Шығыстағы жаңа шиеленіс басталғалы нашар қаруланған, брондалмаған машиналар, мопедтер мінген содырлардың аймақтағы ең мықты армияны тізе бүктіре алғаны туралы көп жазылуда.

Хамастықтар тіпті Израилдің тұтас әскери базасын басып алды. Олардың израилдік заманауи бронды техникаларды қолға түсіргені, бірақ оларды қалай жүргізуге болатынын білмегендіктен, жарып, өртеп кеткені бейнеленген видеороликтер интернетті кезіп жүр.  

Израилдік әскери шолушы Сергей Ауслендер ХАМАС жауынгерлерінің әскери тұрғыдан ұйымдаспаған, жете жабдықталмаған тобыр екені туралы тұжырымдарды жоққа шығарды.

Олардың үлкен бөлігі көрші Сирия аумағындағы нағыз сұрапыл соғыстың ыстығы мен суығынан өтіп, қан-қасап қырғындарда әбден ысылған адамдар. Олармен салыстырғанда, ЦАХАЛ солдаттарының соғысу тәжірибесі жоқ.

"Бұл лаңкестік ұйымның әскери қанаты әртүрлі бағалау бойынша 10-нан 20 мыңға дейінгі жақсы даярланған содырдан тұрады. Олар ұдайы жаттығады. Жаттығуларының сценарийлері кепілге адам ұрлау элементтерін де қамтиды. Олардың қолында тек ескі "Калашников" автоматтары мен қарадүрсін гранатометтар бар деп сену – үлкен қателік. Бұл қарулы топтың арсеналы мол әрі әралуан. Олар заманауи үлгідегі атыс қаруларына ие. Мәселен, 7 қазанда израилдік күш құрылымдарымен көшелерде атысқан лаңшылдардың қолында М-4 шабуыл винтовкалары (М-16 модификациясы), MAG және "Негев" пулеметтары болған. Соңғысы – израилдік модель. Оның Газа секторына қалай түсетінін анықтауға тура келеді", – деді Сергей Ауслендер.

Бұдан бөлек, радикалдардың ірі калибрлі "Хейдар" және "Араш" алысқа соғатын снайперлік винтовкаларымен мұздай қаруланғаны анықталды. Олар қарсыластың жауынгерлерін 2, 3 шақырым қашықтықтан атып түсіруге жарайды. Сарапшылар мұндай қарудың оғы тіпті Израиль территориясының тылында кетіп бара жатқан жеңіл брондалған машинаны тесіп өте алатынына назар аудартады.

Әрине, ХАМАС арсеналы біршама ескіргенімен, адамдарды қырып, техниканы жоя алатын қуатты гранатометтардан және минометтардан тұрады. Арасында кеңестік-ресейлік РПГ-7 гранатометтары, америкалық бір реттік LAW реактивті граната атқыш құрылғылар бар. Олардың көмегімен ғимараттарды құлатып, жеңіл бронды техниканы жайрата алады.  Израилдің аумағына жаппай басып кіргенде, осы гранатометтар да қолданылған.

Минометтарының калибрі сан түрлі – 60, 82 және ең қаһарлы 120 миллиметрлік: соңғысы снарядты шекаралас кез келген елді мекенге дейін лақтыра алады.

Израилдің үстінен "қорғаныштық қолшатыр" түзген "Темір күмбез" жүйесі бұл минометтардың снарядтарын аулауға біршама қауқарсыз: жүйенің бақылау жүйелері олардың атылғанын тіркей бермейді екен. Бұл ретте 120 миллиметрлік минометтің фугастық снарядынан келетін шығын "Кассам" басқарылмайтын зымырандарынан асып түсуі мүмкін.

ХАМАС-та танкке қарсы кешендер де бар болып шықты. Түрлі эксперттер олардың қатарында израилдік "Меркава-4" танктерінің беренін тесіп өтіп, ішінде жарыла алатын ресейлік "Корнетті" атайды. Сонау 2014 жылы палестиналықтардың шекараға таяп келіп, дәл осы қарумен әскери техниканы, объектілерді қиратуға талпынғаны тіркеліпті. Корнеттік зымырандардың 5 шақырымға дейін ұшатынын ескерсек, қарсыластың жерінде біраз лаң салуға ол да жетеді.

Мақтаншақтық содырларға жат емес: ХАМАС бұрындары көптеген әскери парадтар өткізді. Соларда барлаушы және соққы беруші дрондарының салмақты флотын иеленгенін паш еткен. Бұл жолғы шабуылда олар маңызды рөл атқарды: Израиль тарапы шекараларда қаптатып орнатқан түрлі станциялар мен датчиктерді бір мезгілде соққылап, жойып жіберген. Салдарынан әскери базадағылар шекарада не болып жатқанын түсіне алмай, састы.

Дрон кумулятивті бомбасымен соққы берген соң еврейлердің мақтанышы саналатын, жоғарғы технологиялы жабдықтармен мелдектей толтырылған "Меркава" танкі қурайдай жанып кеткені көрсетілген видеороликті әлемдегі ірі ақпарат құралдарының бәрі дерлік көрсеттті.

Осындай қауіп барын шиеленіс қарсаңында израилдік "Маарахот" әскери журналы жазды. Алайда оған ешкім құлақ аспағанға ұқсайды.

Беспилотниктердің бір бөлігін ХАМАС Мысырмен арадағы "Филадельфия дәлізі" деген атауға ие жерасты тоннелдері арқылы қару контрабандистерінен алғызады. Египеттің күш құрылымдары бұл жерасты жолдарын жарып, бітеуге талай талаптанды. Алайда жаңа тоннелдер қазу содырларға қиынға түспесе керек.

Израилдік тарап Украинаны қанқақсатып жатқан ирандық ұшақ типтес "Шахед" беспилотниктерінің өздеріне қарсы қолданылғанын байқапты. Оларға тән мотор шуылын шекарадас аудандардың тұрғындары естіген. 

Дегенмен, хамастық содырлардың басты қаһарлы қаруы – алысқа ұшатын зымырандар. Израилдің "Темір күмбезі" бұрындары олардың бәрін қағып түсіретін. Содан арқаны кеңге салған израилдік және халықаралық сарапшылар палестиналықтардың қолдан жасайтын зымырандарын "ұшатын су құбырлары" деп әжуалауға бой ұрды. Оларды ұшыру салдарынан Израиль тұрғындарына қарағанда палестиналықтардың өзі көбірек мерт болатын. Не ұшыру кезінде, немесе көршінің аумағына жетпей құлап, жарылады. 

Бірақ содырлар олардың екі мыңнан астамын бірінен соң бірін ұшырғанда "Темір күмбез" оның бәрін бірдей тұта алмай, өткізіп алды. Бірқатары ел орталығы Тель-Авивке дейін жетіп, жарылды.

Оның үстіне ХАМАС шекаралас елді мекендерді және Сдерот қаласын тек қарабайыр "Кассамдармен" атқылайтын заман келмеске кеткенге ұқсайды.

Әскери сарапшылардың мәліметінше, енді содырлардың иелігінде:

"Кассам-2" зымырандары (10 шақырымға дейін ұшады);

"Кудс" зымырандары (16 шақырымға дейін жетеді);

"Град" типті дүркін атыс реактивті жүйесі (55 шақырымға қашықтыққа соққы бере алады);

"Седжил-55" (ол да 55 шақырымға дейін құлаш ұрады);

М-75 (солтүстіккореялық мамандардың қатысуымен Иранда жасалған: зымырандары 75 шақырымдағы нысандарды талқандауға қауқарлы);

"Фаджр" (оны да Иран солтүстіккореялық мамандармен бірлесіп жасап шыққан: 100 шақырымға дейінгі алшақтықты еңсере алады);

R-160 (мысалы, кеше әл-Кассам бригадасы дәл осы зымырандармен израилдік Хайфа қаласына соққы жасағандарын жариялады. Зымыран 120 шақырымға жетеді);

M-302 (қашыққа ұратын бұл зымырандар 200 шақырымдағы нысандарды жоя алады, бірақ олар өте аз).

Соңғысының өндірісін не жеткізілімін кең жолға қоя алса, онда лаңшылдар Үлкен Тель-Авив және Иерусалим аудандарына үстемелете соққы бере алуы мүмкін.

Кейінгі жылдары ХАМАС өз арсеналдарын жаңғыртуға, молайтуға баса мән берді. Мәселен, сарапшылар олардың Ираннан белсенді тасымалданған материалдар мен құрауыштардан зымырандар жасау ісін өрістеткенін хабарлауда. 

"Темір күмбез" елді жүз пайыз қорғай алмайтынын паш етті: содырлар бір мезгілде жүздеген зымыран ұшырып, Израилдің зымыранға қарсы күрес жүйесін шектен тыс жүктеу тәсілін тапты. Салдарынан бұл жүйедегі кешендердің оқ-дәрілері тез таусылып қалған.

Сондықтан Израиль Газа секторына басып кіріп, оны тып-типыл етіп қиратып, ХАМАС-тың басшыларын, инфрақұрылымын жоюға кірісті. Бұл жолда жүздеген бейбіт тұрғынның қаза тапқаны да, жүздеген мың босқынның Мысырға, БҰҰ паналарына бас сауғалай қашқаны да Израилді тоқтата алатын емес.

Сонымен бірге сарапшылар жақсы қаруланған, әрі шет-шегі жоқ жерасты тоннелдерінде жасырынған жаудың тез жеңілетініне сенбейді. Олар ретін тауып, Израилді атқылауын жалғастырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу