"Қайсар" Еуропа лигасына жолдама алды

2980

"Атырау" – "Қайсар" арасында Қазақстан кубогының тарихындағы ерекше финал болды.  

"Қайсар" Еуропа лигасына жолдама алды

Бұл жолы ақтық сынға "Астана" да емес, "Қайрат" та емес "Атырау" мен "Қайсар" шығып еді. Аталған екі команданың ойыны сүреңсіз, бір ғана голмен аяқталады деп болжам айтылған еді. Алайда болжамдар бордай тозып, кездесу қиян-кескі шытырман сценариймен өрбіді. Нәтижесінде жеңіске "Қайсар" жетіп, Қызылорда қаласы келесі жылы Еуропа лигасын қабылдайтын болды.

Қазақстан кубогының шешуші матчы "Астана Арена" стадионында өтті. Қазақстан кубогының финалына үшінші рет шығып отырған "Атырау" мен "Қайсар" кездесті. Осыған дейінгі екі финалда "Қайратқа" жеңілген "Атырау" ер кезегі үшке дейін деп, белді бекем буды. Қызылордалық команда болса, араға 20 жыл салып финалға қайта шығып отыр.

Ойын басында ойыншылар тәртіпті көбірек бұзып, бір-бірін аямай ойнады. Тек аракідік "Қайсардың" шабуылдары болмаса, "Атырау" аса қатты белсене қоймады. "Атырау" қақпашысы Антун Маркович келген қауіптің барлығын қайтарып отырды. Әрбір минут өткен сайын, матчтың да қарқыны арта берді. Екінші таймда "Атырау" қарымта шабуылдарға көшіп, өткір соққылармен жауап қатты. Сондай сәттің бірінде польшалық шабуылшы Петр Гжелчак жоқ жерден гол салды. Жығылғанға жұдырық болғандай, "Қайсар" капитаны Асхат Тағыберген қызбалыққа салынып, қызыл қағаз алды.

"Қызыл қағаз алғаным үшін жанкүйерлерден кешірім сұраймын. Дегенмен әріптесітерімнің бұл ойынды ұтатынына сенімді болдым", – дейді "Қайсар" капитаны Асхат Тағыберген.

10 адаммен қалған қызылордалық команда матчтың соңғы секундтарында барын салып, шабуылға шықты. Алаңға алмасып енген Игорь Зенькович бірден алдыңғы шепте ойқастай бастады. Думан Нәрзілдаевтың берген пасынан кейін Зенькович бар күшімен соққы жасап, таразы басын теңестіріп кетті.

"Клуб бұл кубокты 20 жыл күтіпті. Алаңға алмасып кіріп гол соққан деген керемет сезім ғой. Біз ең бастысы қарсыластан еш қорықпадық. Бір футболшыға кем болсақ та, гол соғуға болатынын біліп жүрдік. Қазіргі сезімімді сөзбен жеткізу қиын. Финалда соңғы секундта гол салу деген футболда көп кездесе бермейді. Жеңіске жеткенімізге ризамыз", – дейді "Қайсар" шабуылшысы Игорь Зенькович

Төреші алты минут уақыт қосты. Қызылордалықтар осы уақыттың ішін де тағы бір гол салып кете жаздады. Бірақ сәтті болмады. "Атырау" сапындағы Жак Нгвем де қызыл қағаз алып алаңнан қуылды да, футболшылардың саны теңесті. Ойыншылар ұзақ уақыт қысымда жүргендіктен бе, шаршаңқылық танытып, алаңның әрбір бұрышында құлай берді. Көбісінің аяқтары тартылып, сіңірлері созылды. Дегенмен осы ойыншылардың ішінде шаршау дегенді білмейтін, шыдамдылары ғана мықты ойнады. Соның бірі –қызылордалық Думан Нәрзілдаев. 25 метр жерден допты шиіріп тұрып, тоғыздыққа тоғытқан ол Қызылорда жұртшылығының матанышына айналды.

"Мен командамен келісімшартқа қол қойған кезде енді Қызылорда Еуропалық рухты сезінеді деп айтқан болатынмын. Ал енді Еуропа Қызылорданың рухын сезінетін болады. Керемет атмосфера, керемет қолдау. Жанкүйерлер мен өзіміздің отбасыларымыз үшін тер төктік", – дейді "Қайсар" ойыншысы Тигран Барсегян.

Қазақстан кубогын арнайы қонақ Әли Тұрғанбеков табыстады. Енді қызылорданың "Қайсары" келер жылы Еуропа лигасында өнер көрсететін болады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу