Қара теңіз астық келісімінің тағдыры аммиак құбырына тәуелді болып тұр

940

Бұл құбыр қайта ашылмаса, миллиондаған тонна бидай әлемдік нарыққа жетпей қалуы мүмкін. 

Қара теңіз астық келісімінің тағдыры аммиак құбырына тәуелді болып тұр Фото: yandex.kz

Украинаның Қара теңіздегі үш портынан астық пен тыңайтқыштарды соғыс уақытында қауіпсіз экспорттауға мүмкіндік беретін келісімнің мерзімі келесі айда аяқталады. Оны ұзарту үшін Ресей аммиагын тасымалдайтын құбырды қайта ашу керек. Мәскеудің шарты осындай.

Астық келісімдері

Фото: dp.ru

Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Түркия Мәскеудің Украинаға басып кіруінен ушығып кеткен жаһандық азық-түлік дағдарысын еңсеруге көмектесу үшін өткен жылы шілдеде Қара теңіз астық бастамасына 120 күн бойы делдалдық жасады. Содан бері бұл пәтуа үш рет ұзартылды. Соңғы мерзім - 17 шілдеге дейін.

Украина осы келісімнің арқасында 31 млн тоннадан астам жүгері мен бидай экспорттаған екен. Қара теңіз астық бастамасы, сонымен қатар, нитрат тыңайтқышының негізгі ингредиенті саналатын аммиакты қауіпсіз экспорттауға да мүмкіндік береді. Алайда бұлардың ешқайсысы нарыққа жөнелтілген жоқ.

Мәскеуді Қара теңіз астық келісіміне көндіру үшін былтыр шілдеде БҰҰ Ресейдің азық-түлігі мен тыңайтқыштарын тасымалдау жолындағы кез-келген кедергілерді жоюға көмектесетін 3 жылдық пакетке қол қойды.

Ресейдің азық-түлік және тыңайтқыш экспорты Украинадағы соғысқа байланысты Батыстың санкцияларына ұшыраған жоқ. Соған қарамастан, Мәскеудің мәлімдеуінше, төлемдерге, логистикаға және сақтандыруға қойылған шектеулер Ресейдің ауылшаруашылығы өнімдерін шетелге шығаруға бөгет жасап отыр.

Аммиак

Ресей Украинаға әскер кіргізгеннен кейін, Киев Еділ өзенінің бойындағы Тольятиден Қара теңіздегі "Южный" портына әлемдік нарық үшін жыл сайын 2,5 млн тонна аммиак айдайтын құбыр желісін жапты.

Фото: rupec.ru

Халықаралық энергетика агенттігінің мәліметінше, оның ұзындығы шамамен - 2470 шақырым және әлемдегі ең ұзын аммиак құбыры.

Украина билігінің сөзінше, аммиакты қайта айдауға құбырды дайындау үшін жұмысшыларға шамамен 30 күн қажет болады.

Украина

Қара теңіз астық бастамасы Украинаның Қара теңіздегі Одесса, Черноморск және Пивденный (Южный) порттарынан "астық және онымен байланысты азық-түлік өнімдері мен тыңайтқыштарды, соның ішінде аммиакты экспорттау үшін қауіпсіз навигацияны" қамтиды.

Алайда Украина бұл келісімнің өз жері арқылы Ресей аммиагын транзиттауды қарастырмайтынын алға тартып отыр. Дегенмен, Украина үкіметінің бір өкілі Reuters агенттігіне берген түсініктемесінде айтқандай, аталған аммиак құбырын қайта іске қосу үшін Киев Қара теңіз астық келісімінің аясын кеңейтуді талап етпек.  Сондай-ақ Украиа оған өзге де порттар мен тауар түрлерін қосу мәселесін қарастыруға дайын.

Ресей

БҰҰ аммиак құбыры қайта іске қосылмайынша,  Мәскеу Қара теңіз келісімі бойынша Пивденный портына баруға рұқсат етілген кемелер санын шектейтінін хабарлады.

Дегенмен, Біріккен Ұлттар Ұйымының өзге бір дерегінше, Пивденный портына үш аптадан астам уақыттан бері бірде-бір кеме бармаған.

БҰҰ-ның аммиак құбыры туралы ұсынысы

Қыркүйекте Reuters агенттігі хабарлағандай, Біріккен Ұлттар Ұйымы ресейлік "Уралхимге" тиесілі аммиакты құбыр арқылы Ресей-Украина шекарасына жеткізуді ұсынған.

Бұл ұсынысқа сәйкес, шекарада сол аммиакты штаб-пәтері АҚШ-та орналасқан Trammo тауар трейдері сатып алады және Trammo Біріккен Ұлттар Ұйымының ынтымақтастық туралы өтінішін қуанышпен қабылдаған.

Сонымен қатар, Біріккен Ұлттар Ұйымы аммиак құбырын қайта ашуды үнемі алға тартып келеді.

Қазақстан

БҰҰ-ның Азық-түлік және ауылшаруашылығы ұйымының дерегінше, 2020 жылы әлемде 761 миллион метрикалық тонна бидай өндірілген. Соның шамамен 150 миллиондай тоннасы мемлекеттер арасында саудаланады. Осы өндірісте Ресей мен Украинаның үлесі орасан. Ал шілденің 17-інде РФ Қара теңіз астық келісімінен шығатын болса, ең алдымен, Украинадан миллиондаған тонна бидай дүниежүзілік нарыққа жетпей, баға өсуі мүмкін.

Фото: yandex.kz

Қазақстанның өзі де астықты өлке, яғни, ол Украина бидайына тәуелді емес. Сондықтан еліміз Қара теңіз порттарының қайта жабуылынан нансыз қалмайды. Дегенмен, кейбір сарапшылардың ойынша, қазақстандық өндірушілер әлемдік бағаның өсуін пайдаланып, бидайды сыртқа көбірек шығаруға әрекеттенуі ғажап емес. Мұндай жағдайда ішкі нарықта ұн қымбаттауы ықтимал.

Алайда Қазақстан былтыр шамамен 14 миллион тоннадай бидай өндірді. Транспорттық шығындарға байланысты, бұл өнімнің басым бөлігін дүниенің Орталық Азиядан өзге аймақтарына экспорттауға мүмкін болмаған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу