Қара түтінге тұншыққан Теміртау

3937

Теміртаулықтар қаладағы экологиялық ахуалдың ушығып тұрғанына наразы. 

Қара түтінге тұншыққан Теміртау

Бүгінде Теміртау қаласының елімізде ең лас шаһарлар қатарын бастап тұрғаны жасырын емес. Теміртаулықтардың  қыс бойы ақ қар көрмейтінін айтып, шағымданып келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі болған. Алты ай қыста қала тұрғындары жауған қардың бірден қара түске боялып кететін фотосуреттерін әлеуметтік желіге салып дабыл қағып келеді. Былтыр қыста Экология департаментінің мамандары,метерологтар мен прокуратура мамандары тексеріп баққан еді. Алайда сол кездің өзінде ауаның ластануын тексерген мамандармен облыстық билік нақты бір шешімге келе алмаған. Теміртау қаласында еліміздегі ең ірі өндіріс алпауыты "Арселор Миттал Теміртау" АҚ комбинаты бар. Бұған қоса түтін шығаратын ірілі ұсақты бірнеше кәсіпорын осы қалада  жұмыс жасап тұр. Осы "Арселор Миттал Теміртау" компаниясының металлургиялық  комбинаты қаланың шетінде тұрғын үй аумағына өте жақын орналасқан. Теміртаулықтар қаланың ластанып кетуіне осы металлургиялық комбинаттың  әсер етіп отырғанын айтады.

"Мен осы комбинатқа қарама-қарсы жерде тұрған дүңгіршекте жұмыс жасаймын,таңғы алтыда жұмысқа келемін. Бұлар таңғы алты-жетінің кезінде түтін шығарады, айналаның барлығы сұмдық қап-қара болып кетеді.  Даусын естісеңіз, жағаңызды ұстайсыз.Түтінді сыртқа шығарғанда қатты дарылдап  дауыс шығады,бір жер сілкініп жатқан сияқты. Қап-қара түтін исі сұмдық өткір, ол кезде шықпауға тырысамыз. Сосын есік терезені жауып қоямыз, терезе бұл кезде сәл ашық қалса, терезенің алды еденге дейін қара көмір болып кетеді",-деді "Арселор Миттал Теміртау" АҚ металлургиялық комбинаты жанындағы дүңгіршек сатушысы Индира Жұмабекова.

Биылғы жылы облыстық денсаулық сақтау басқармасы Теміртау қаласында онкологиялық сырқаттардың жылдағы көрсеткіштен аса көбеймегенін айтқан болатын.  Алайда теміртаулықтардың көбісі таныстарының, туыстарының қатерлі дертке бұрынғы жылдарға қарағанда жиі шалдығып жатқанын айтып отыр.

"Қорқынышты, тіпті мұнда анау онкологияға шалдығыпты,мынау ауырып жатыр екен дегенді көп естиміз. Осы комбинатты салғанда, қалай дұрыс ойластырмағанына таңым бар. Құдай-ау, қалаға бұл комбинат тіпті бір шақырым ғана қашықтықта орналасқан  ғой. Сонда жұрттың денсаулығы не болады деп біреуі ойламай ма деп қоямын.Өзім Қызылорданың тумасы едім, отбасымды алып кетемін бе деп ойлап жүрмін, жұмыс осында болған соң қалып едік", -дейді Теміртау қаласының тұрғыны Абдурахым Ишиев.

Теміртаулықтар соңғы жылдары экологияны қорғау мақсатында өздері белсенді топ құрған. Бұл белсенді тұрғындар ластанған аумақтардың фотасын, бейнежазбасын әлеуметтік желілерге таратады,тіпті кейде арнайы құрылғылардың көмегімен ауадағы қалдықтарды өлшейді.Осы белсенді топтың мүшесі журналист Анжелика Волкович жұрттың көмек сұраған жан дауысын облыстық биліктің әлі күнге дейін естімей келе жатқанын мәлімдейді.

"Теміртаудың экологиясы өте нашар,әсіресе, ауаның қатты бұзылғанын түнгі уақытта  сезесің, демалу мүмкін емес. Қазіргі уақытта "Арселор Миттал Теміртау" комбинаты ғана емес,басқа да кәсіпорындар түтін шығарады әрі жылу энергоорталығы бар.Мұндағы басты проблема - биліктегілер экологияның жақсаруына ешқандай ықпал жасап отырған жоқ. Бір білетінім, Теміртауда балалар көп сырқаттана бастады. "Арселор Миттал Теміртау" компаниясы ауа қабатына шығаратын қалдықтарды азайту мақсатында кешенді жобалардың жүзеге асып келе жатқанын әлі айтып келе жатыр. Алайда тұрғындар үшін әлі ештеңе жақсарған жоқ ,ауа ластанған күйде қалды.Біз оны терезенің алдына қара май тәрізді шаң тұрып қалғанда,түнде далада тұрған көліктерде осындай қара шаң тозаңның тұратынын көріп байқап жүрмыз.Сонда біздің ішкі ағзамыз не болып жатыр екен деген қорқынышты ойға қаламын. Ауаны кешенді түрде ешкім зерттеп жатқан жоқ, комбинаттың құрылғыларының барлығы ескі, оған модернизация жасау керек,ал ешкім оған ақша жұмсағылары келмейді. Жұрттың ішінде көп адамның қатерлі дертке шалдыққанын естиміз,ол аздай қазір жүрек-қан тамыры аурулары мен аллергияға шалдыққандар көбейіп кетті. Оны жасыру мүмкін емес",-дейді теміртаулық журналист Анжелика Волкович.

"Арселор Миттал Теміртау" компаниясы өз кезегінде қоршаған ортаға шығаратын қалдықты  азайтып келе жатқанын айтудан жалығар емес.

Еске сала кетсек,  2018 жылы экология департаменті  "Арселор Миттал Теміртаудың" ауаға белгіленген мөлшерден көп деңгейде лас қалдықтарды шығарғанын анықтап, шыққан шығынды 1 млрд 355 млн 759 мың теңге деп бағалаған болатын.  Ал 2019 жылы наурызда аталмыш компанияның экологиялық заңнаманы бірнеше рет бұзғаны анықталған соң, Теміртау прокуроры "Арселор Миттал Теміртау" компаниясын  бюджетке 21 млн теңгеден астам шығынды төлесін деп міндеттеген еді.

Алайда "баяғы жартас сол жартас" дегендей, Теміртау әлі де қара түтінге қақалып тұр.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу