Қарағандыдағы жекешелендіру: жоқ жерден шыққан шу және Legends for sale

4269

Сатып алушылар бұрынғы мемлекеттік нысандарды көбінесе бастапқы көрсетілген бағадан үш-төрт есе арзан бағаға сатып алады. 

Қарағандыдағы жекешелендіру: жоқ жерден шыққан шу және  Legends for sale

2017 жылдың 29 тамызында Қарағанды облысының Қарағанды және Теміртау қалаларындағы екі емхананы бес жылға дейін сенімгерлікпен басқарып содан кейін сатып алу құқымен беруге қатысты алғашқы  сауда өтеді.

Жекешелендірудің екінші кезеңіндегі статистика мәліметіне сәйкес, Қарағанды облысы "турнирлік кестенің" бел ортасынан ойып орын алып, сатылған нысан саны бойынша елімізде жетінші орында тұр.

Жазушы Виктор Пелевин өзінің романдарының бірінде көргендерімен бөлісіп: "Адамзат тарихында соңғы он мың жыл ішінде орын алған жағдай – бұл жекешелендіру қорытындысын үздіксіз қайта қарау болған шығар", – деп жазды.

Алайда Қарағанды облысының басшылығы заманауи классиктің пікірін емес, Қазақстан Республикасы үкіметінің  2015 жылдың 30 желтоқсанындағы № 1141 қаулысын – 2016-2020 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспарын басшылыққа алады.

Сонымен бірге  мемлекет басшысының "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" жолдауында бизнес-ортаны түбегейлі жақсартып, кеңейту мемлекеттің экономикадағы үлесін ЖІӨ-нің 15%-на дейін төмендетуі мүмкін делінген.

Осы жоспарға сәйкес, өңірде облыстың коммуналдық меншігіндегі ұйымдарды қайта жекешелендіру жүргізілді. Осы жылдың сәуір айында Қарағанды облысының бәсекеге қабілетті ортаға беруге жататын ұйымдарының тізімі үкімет қаулысымен тағы да 10 ұйыммен толықты.

Қарағанды облысының мемлекеттік активтер және сатып алу басқармасының басшысы Мұрат Кадеков 17 тамыз күнгі брифингте "жергілікті атқарушы органдардың, ҚР ақпараттық және коммуникация министрлігінің ұсынысы бойынша" БАҚ саласындағы ұйымдар жекешелендіру жоспарынан алынып тасталды деген болатын. Сөйтіп облыстық мемлекеттік құрылымдарға тиесілі 18 бұқаралық ақпарат құралы өңірлік бюджеттің "асырауында" қалды.

Осы жылдың 6 сәуірінде Қарағанды облысының коммуналдық меншігіндегі ұйымдарды саудағы шығарудың кестесі бекітілді. Осыған сәйкес, 2017 жылы денсаулық сақтау, ТКШ және спорт саласының 24 ұйымы бәсекеге қабілетті ортаға берілетін болады. Ал қалған төртеуі 2018 жылы сатуға шығарылады.

Қарағанды облысының 2017-2018 жылдары бәсекеге қабілетті ортаға берілетін мемлекеттік ұйымдарының тізімі:

Қазірдің өзінде Қарағанды облысында бес мекеме сатылып, өңірлік бюджеттің "бүйірі" 44,7 млн теңгеге толыққан. Бірақ та көп жағдайда сатып алу бағасы бастапқы бағадан 3-4 есе төмен болған.

Осы арада айта кетерлік бір нәрсе бұл "Қарағанды" волейбол клубын" аға жаттықтырушы және осы клубтың 2009 жылдан бергі директоры Нұрлан Садықов сатып алған.

Жоқ жерден шыққан дау

Жеті мекеме сатуға қойылып, оның үшеуі үш сатылымда да сатылмай қалып, ҚР "Мемлекеттік мүлік туралы" заңына сәйкес  таратылады. Олардың қатарында "Теміртау" спорт клубы" КМҚК, Жезқазған қаласының "Полигон" ЖШС,  "Тұлпар" шағын-футбол клубы" ЖШС бар.

"Теміртау" спорт клубы" КМҚК-ты тарату туралы хабар шыққаннан кейін облыста үлкен шу шықты. Бұл клубта спорттың 29 түрі бойынша 1747 бала жаттығады.   Мұз сарайында, "Металлург" стадионында және "Жастар" жүзу бассейінде жұмыс істеп жүрген клубтың 270 жұмыскері жұмыстан босату туралы хабарлама алды. Атқарушы билік және функционерлер түсіндіру жұмысын жүргізуді өткізіп алды ма, әлде қала тұрғындары клубтың таратылуын барлық жұмыскерлер жұмыстан кетіп, спорт секциялары жабылады деп түсінді ме, әйтеуір, үлкен жанжал осыдан шықты.

Ақыр соңында Теміртау қаласының басшылығы мен облыстық спорт басқармасы журналистерге брифинг ұйымдастырып, "Теміртау" спорт клубы" КМҚК өз жұмысын тоқтатпайтынын, тек заңды тұлғалар ғана таратылып, басқа спорт ғимараты (стадион, мұз сарайы және жүзу бассейні) штаттағы жұмыскерлерімен облыстық олимпиадалық резервті дайындайтын мектептің балансына берілетінін айтты.

Бұл дұрыс қадам ба?

Жергілікті атқарушы биліктің шешімімен экономикалық тиімділік үшін тағы төрт ұйым таратылмақ. Олар – "Шаруашылық басқармасы" ЖШС; "Горсвет" КМК, Қарағанды қаласы; "Береке-2010" АҚ, Қарағанды қаласы; "Қарағанды облысының мемлекеттік-жекеменшік әріптестік өңірлік орталығы" АҚ.

Рrivatization.gosreestr.kz сайтының деректеріне сүйенсек, "Қарағанды облысының мемлекеттік-жекеменшік әріптестік өңірлік орталығы" АҚ сатылымнан алынып қалды. Өңірде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағыты бойынша жыл соңына дейін жалпы құны 7,1 млрд теңге болатын 22 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Оның 18-і – денсаулық сақтау саласына, төртеуі мектеп дейінгі білім саласына арналған. Барлық жоба сараптамадан сәтті өтті. Осының негізінде экономикалық тұжырымдама дайындалуда. Бұдан бөлек тұрғын үй коммунальдық шаруашылық және жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатысты тағы үш жоба әзірленді. Жобалардың құны – 4,4 млрд теңге. Облыстық мәслихаттың таяудағы сессиясында МЖӘ бағыты бойынша жүзеге асырылатын жобалар депутаттардың қабылдауына ұсынылмақ. Осыдан кейін тиісті заңнамаларға сәйкес келісімшарттар бекітіледі.

Шыны керек, өңірлік орталықты таратқан соң облыста мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жүйесінің қалай жұмыс істейтіндігі түсініксіз болып отыр. Бұған қатысты барлық рәсімдер аяқталғанша, МЖӘ жүйесінің өңірдегі дамуына байланысты Қарағандыға арнайы жұмыс тобы келіп кетті. 15 тамызда мемлекеттік құрылымдардың, бұл бағытқа қызығушылық танытқан органдар мен бизнес өкілдері қатысқан жиында ҚР Ұлттық экономика министрлігі бюджеттік инвестициялар және мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамыту департаментінің директоры Нұрым Аязбаев былай деді: "Инвесторларды көптеп тарту үшін біздің министрлік "Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы" АҚ-ның ресми сайтының платформасында МЖӘ жобалары бойынша бірыңғай ақпараттық база құрды. Алдағы уақытта рәсімдерді жеңілдету үшін МЖӘ саласына қатысты заңнамаға түзетулер мен толықтырулар енгізу ұсынылды. Бұл қадам кейбір қажетсіз кезеңдерден құтылуға, мемлекеттік ұзақ мерзімді тапсырыстарды және келісімшарттарды тіркеуді реттеуге, стандартты типтік жобалар үшін арнайы бағдарлама қабылдауға мүмкіндік береді".

Сондай-ақ Нұрым Аязбаев аталған шараларды қабылдау арқылы МЖӘ жобаларын жоспарлау 40 жұмыс күніне, яғни 135 күннен 95 күнге қысқаратынын мәлімдеді. Сонымен қатар "Ақ кітап" атты көмекші құрал дайындалды. "Ақ кітаптан" МЖӘ жүйесіне қатысты жиі қойылатын сұрақтарға жауап табуға болады.

Жекенің қаржысы - жалпының қамы үшін

Кейіннен сатып алу құқығымен бес жылға сенімді басқаруға берілген денсаулық сақтау саласының екі ұйымы тендерге шығарылды. Олар - "Қарағанды қаласының №2 емханасы" КМК, бастапқы сома – 911 млн 852 мың теңге; "Теміртау қаласының №2 емханасы" КМК, бастапқы сома – 1 млрд 281 млн 705 мың теңге.

Бұл ретте сенімді басқаруға берудің негізгі талаптары бойынша нақты міндеттемелер анықталған: медициналық нысан негізгі бағытын сақтауы тиіс; нысандағы қызметтер медициналық қызметтер тарификаторына сәйкес көрсетілуі керек; арнайы бекітілген заңнамаға сәйкес тұрғындарға тегін медициналық көмек көрсетілуіне кепілдік берілуі тиіс; нысан құрылымы мен төсек-орын қоры Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының келісімімен ғана өзгертілуі қажет; инвестиция тарту, оның ішінде техникалық жабдықтау және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу керек; бес жыл бойы меншік иесін өзгертуге (қайта сату, кепілдікке қою, жалға беру және басқа) байланысты келісім жасалмауы тиіс; жұмыс орындары сақталуы қажет.  

Аталған медициналық ұйымдардың неліктен сенімді басқаруға берілетіндігіне қатысты пікір білдірген облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаевтың айтуынша, екі нысанға жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жабдықтарды жаңалау үшін инвестиция керек. Материалдық-техникалық жабдықталуын нығайтып, қызметкерлердің біліктілігін арттыру да кезек күттірмес шаруа.

Аталған емханалар 60 мыңнан астам адамға қызмет көрсетеді. Сондықтан басқарушы компания қаржылық және басқа да міндеттемелерді орындаудан бөлек, өз клиенттерінің денсаулық сапасын арттыруы қажет.

"Денсаулық сақтау басқармасы емханаларға қарайтын тұрғындардың денсаулығына тұрақты түрде мониторинг жүргізіп тұрады. Аталған ұйымдарға жақсы компания иелік ету үшін біз бірден бірмезеттік жекешелендіруден бас тартып, аралық кезең түріндегі сенімді басқару жолын таңдадық. Сатып алуға ниетті компания алдымен бұл істің қолдан келетіндігін дәлелдеуі қажет", – деді Ержан Нұрлыбаев.

Ал қабілеттілігі дәлелденген соң компанияға нысанның нарықтағы құнын өтеу үшін бөліп төлеу мүмкіндігі беріледі.

Алғашқы сатылым 2017 жылдың 29 тамызында өтеді. Аbctv.kz аутсорсинг негізінде медициналық қызмет көрсететін қарағандылық ірі кәсіпорындардың басшыларымен байланысқа шыққан еді. Алайда олар аталған мәселе туралы пікір білдіруден бас тартты.

"Қатардағы емханаға қай кәсіпкер миллиард теңге көлемінде қаржы бөлуі мүмкін? Дәрігерлер онсыз да жетіспейді. Сондықтан бізге оңтайландыру жүргізудің қажеттілігі шамалы. Болмаса дәрігерлерді әмбебап маман етіп даярлау керек. Олар адамдарды да емдесін, жөндеу жұмыстарымен де айналыссын", – дейді кәсіпкерлер.

Әйгілі клубтар сатылымда

Қазіргі уақытта тағы алты ұйымды сатылымға дайындау бойынша жұмыстар жүргізілуде: бағалаушыны таңдау үшін конкурстық шара өткізу, бағалау туралы есеп ұсыну, веб-парталға қойылатын құжаттарды әзірлеу, тендерлік комиссияның отырысын өткізу.

Алғашқы төрт коммунальдық кәсіпорынды жекешелендіру облыс тұрғындарының назарын аудара қоймасы анық. Олар - "Ұлытау Тасбұлақ" ЖШС, Ұлытау ауданы; "Абай Көркем" ЖШС, Абай ауданы; "Горкомхоз" ЖШС, Шахтинск қаласы; "Тазалық Қарқаралы" ЖШС, Қарқаралы ауданы.

Ал Қарағанды облысының спорттық брендіне айналған әйгілі екі клубтың сатылымын облыс тұрмақ, республика халқы қызу талқылау үстінде.

2013 жылы Чемпиондар лигасында шотландиялық "Селтикті" 2:0 есебімен тізе бүктіріп, сенсация жасаған "Шахтер" футбол клубы" АҚ бар-жоғы мың теңгеге сатылмақ. Бұл ретте, "Шахтердің" жаңа иесіне клубтың байырғы қарыздарын өтеуге туралы келеді.

"Неліктен мың теңгеге сатылатындығын түсіндірейін. Бағалау құны – 208 млн теңге. Алайда, клубтың кредиторлық қарыздары бар. Тендерде жеңіп шыққан компания сол қарыздарды өтеуі тиіс", - деді 17 тамыз күні өткен брифингте Қарағанды облыстық мемлекеттік активтер және сатып алулар басқармасының басшысы Мұрат Кадеков.

Жоғары хоккей лигасы чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы, "Братина" Кубогы жолындағы жарыстың финалисі, бір маусымдағы плей-офф бәсекесінде қатарынан 12 жеңіске жетіп, рекорд тіркеген "Сарыарқа" хоккей клубы" АҚ-ның да иесі өзгермек. Клубтың бастапты сомасы – 161 млн теңге. Облыс тұрғындары "Сарыарқаға" клубтың қазіргі басшысы, мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің інісі Арғын Нығматулиннің иелік ететініне сенімді. Рrivatization.gosreestr.kz сайтының деректеріне сүйенсек, хоккей клубының сатылымы 2018 жылдың қаңтарында, ал "Шахтерге" қатысты сауда наурыз айында аяқталуы тиіс.

Гүлназ Ермағанбетова, Олег И.Гусев

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу