Карантиндегі ауыл шаруашылығы саласы: шектеулер кезеңіндегі сектор жұмысы

Шаруалар карантин кезінде бірқатар қиындық туындап отырғанын айтты.   

Карантиндегі ауыл шаруашылығы саласы: шектеулер кезеңіндегі сектор жұмысы

"Агроөнеркәсіптік кешен: дағдарысқа қарсы шаралар пакеті" тақырыбындағы телемарафонның төртінші санында Жамбыл өңірінде пияз егумен айналысатын кәсіпкер Медеу Шаханов байланысқа шықты. Ол төтенше жағдай салдарынан қоймадағы 300 тоннадан астам пиязды экспортқа шығара алмай отырғанын мәлімдеді. 

"Бізге Мемлекеттік инспекция комитеті Ауыл шаруашылығы министрлігі шектеу қойды деп айтты. Сол себепті фито-санитарлық рұқсат қағазын ала алмай отырмыз. Осы құжат болса, өнімдерімізді Ресейге шығарар едік", –дейді кәсіпкер. 

Медеу Шахановтың сөзінше, қоймадағы пияз тағы 10-15 күннен кейін түкке жарамсыз болып қалады. 

"Енді 10-15 күн сақтасақ, оны біз шетелге де сата алмаймыз. Тек қоқысқа тастауға мәжбүр боламыз. Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан мен көптеген өңірдің Ауыл шаруашылығы басқармаларына хабарластық. Әзірге олардан сұраныс жоқ. Біздің қожалығымыздың өнімдері көбінесе шетелге шығарылады. Тек 20%-ы Қазақстанда қалады. Ал қалғаны Жамбыл облысынан Ресей, Белорусь, Украина, Грузия, Түркия, Иран, Иракқа жіберілетін. Алайда шектеуге байланысты оның барлығы тоқтап тұр", – дейді кәсіпкер. 

"Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма басшысының кеңесшісі Ербол Есенеев бұл мәселенің Үкіметпен бірге талқыланып жатқанын айтады. Оның сөзінше еліміз пияз, ұн сынды өнімдерді артығымен өндіріп отыр. Ал бұл шектеу сатылмай тұрған өнімдерді сыртқа нарыққа шығаруға кедергі болып отыр. 

"Еліміздің ішкі нарығына қанша өнім керек. Оны толық есептеу қажет. Тек шектеу арқылы мәселені шешуге болмайды. Бидаймен бір емес, бірнеше Қазақстан сияқты мемлекетті қамтамасыз етуге мүмкіндігіміз бар. Сондықтан әріптесім айтып отырған қиындықтар Жамбыл облысындағы шаруалардың ғана мәселесі емес. Елдің барлық өңірінде кездеседі", – деді Ербол Есенеев. 

Ал "Атамекен" ҰКП департаментінің директоры Нұрлыбек Мұқанов жуырда ғана төрт вице-министрдің қатысуымен осы профицит мәселесі талқыланғанын айтады. 

"Сонымен қатар Қазақстан бойынша 120 кәсіпкермен онлайн конференция жасадық. Олардың ұсыныстарын, сұрақтарын толық хаттама ретінде жазып, Ауыл шаруашылығы министрлігіне және соған қатысты барлық ведомствоға жібердік. Оның ішінде пияз мәселесі де айтылды. 30 маусымға дейін пиязды 5 мемлекеттен ары қарай шетелге шығаруға тыйым салынды. Соған байланысты Ресей сынды Еуразиялық одақ елдеріне бұл шектеуді алып тастаған дұрыс болады деп есептейміз", – деді Нұрлыбек Мұқанов. 

Сонымен қатар "Атамекен" ҰКП департаментінің директоры жанар-жағармайдың бағасына байланысты түсініспеушіліктер туындап жатқанын айтады. Себебі наурыз айынан бері жанармай өндіріп, жеңілдетілген бағамен операторларға беретін зауыттар оның құнын үш рет өзгерткен. 

"Наурызда баға 177-182 теңгеден болған. Әрине, әр өңірге жеткенше уақыт кетеді. Кейін оны диқандар алып кеткенше, тағы біраз уақыт кетеді. Осының барлығын есептей келе зауыттар жанармай бағасын тағы да 175 теңгеге төмендетті. Осыдан кейін Мемлекет басшысы айтқан 160 теңге тағайындалды. Одан кейін де қиындықтар туып жатыр. Барлық өңірде жеңілдетілген бағамен беретін операторлар болу керек. Сондай-ақ оны бірыңғай бағамен беретін нақты ереже қабылданса. Біз осыны талап етіп отырмыз", – деді Нұрлыбек Мұқанов.

Сарапшының сөзінше, операторлардың талаптары әртүрлі. Осының барлығын ретке келтіру керек. 

"Баға Мемлекет басшысы айтқан 160 теңгеге тұрақтау керек. Осы мәселені құзырлы органдарға жібердік", – дейді Нұрлыбек Мұқанов.

"Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма басшысының кеңесшісі Ербол Есенеевтің айтуынша, ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпорындарға 14-16%-бен несие беріледі. Бұдан бөлек үкімет тарапынан қосымша 400 млрд теңге бөлінбек. 

"Ол қаржы жоспар бойынша 10 жылға жеңілдетілген 6%-бен беріледі. "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы бойынша да несие алған фермерлер де бар", – деді Ербол Есенеев.

Қойшылар қауымдастығының президенті Алмасбек Садырбаевтың пікірінше, Үкімет тарапынан бөлініп жатқан қаражат дұрыс игерілуге тиіс. 

"ҚазАгроның" несиесіне жету қиын. Неге осы тосқауылдарды алып тастамайды? Әсіресе, кепілдік қою мәселесі шешілсе. Олар 10-5 күнде құжаттарды реттеп береміз деп айтса да, несие рәсімдеуді ұзаққа созады. Алда бұл қиындықтар шешімін табады деп үміттенеміз. Себебі палата өткізген онлайн конференцияда вице-министр Айдарбек Сапаров осыны түбегейлі шешеміз деп сөз берді. Осы жиналыстарға барлық шаруа қатысса, жабық есік артында өтпесе екен",  – деді қойшылар қауымдастығының президенті. 

Ақтөбелік шаруа қожалығының иесі Марлен Баймағамбетов карантин кезіндегі шектеулер далалық жұмыстарға кедергі келтіріп жатқанын айтады. Сондықтан шаруалардың көбі жұмысқа кірісе алмай отырған көрінеді. 

"Қалаға рұқсатпен кіргізеді. Оның саны шектеулі. Ал бір техника бұзылса, оған қаладан жабдық алу қиын. Бұл шаруалардың жұмысына кедергі. Әрі ет өнімдерін сатайық десек, базарлар да жабық. Ал супермаркеттерге жұмыс істеуге рұқсат берілген. Сондай-ақ, әр облысқа жанармай бөлу талаптары да бірдей емес. Бізде ең қиыны әкімшілік өздері оператор тағайындайды. Оған үкіметтік ұйымдар қатыспайды. Оған біз қарсымыз", – дейді шаруа қожалығының иесі. 

Ауыл шаруашылығы министрлігіне қосымша құзырет беру керегін сөз еткен Қазақстан фермерлері қауымдастығының президенті Жигули Дайрабаев "азық-түлік қауіпсіздігін ойлаған жөн, сондықтан фермерлерге жағдай жасаған абзал, бұл салада кедергілер туындаса, елдегі жағдай қиындай түсуі мүмкін" дегенді айтты.

Бұл ретте сарапшы Ұлан Қасымбек қаншама жылдар бойы өзгермеген "ҚазАгро" корпорациясының механизмдерін алдағы уақытта да өзгерту қиын болады деп есептейді. 

"ҚазАгро" жұмысын Үкімет бақылауға тиіс.  Жалпы ауыл шаруашылығына тек карантин кезінде емес, бұрыннан жеткілікті қаржы бөлінеді. Тек ол фермерлерге дер кезінде жетпейді. Әсіресе, шағын шаруашылық қожалықтарына қаржы жетпейді. Сондықтан қаржыны бөлетін оператор ретінде "ҚазАгроны" емес, банктерді емес, сол өңірдің әкімшіліктерін тағайындау керек. Сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешенді дамытуда жаңа механизм ойлап табудың қажеті жоқ. Бұрынғы Кеңес одағының моделін алуға болады", – деді сарапшы. 

 

 Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу