Қаратау елін 30 жылдай басқарған тұлға оппозицияға жол берді

3823

Бұл Балқан таулары аймағында қандай өзгерістерге әкелуі мүмкін? 

Қаратау елін 30 жылдай басқарған тұлға оппозицияға жол берді Фото: yandex.kz

Осынау еуропалық елді жаһан жұртшылығының басым көпшілігі латын тіліндегі байырғы атауымен Монтенегро (mons "тау" + niger "қара") деп атайды. ТМД елдері арасында ол Черногория деген атаумен белгілі. Балқан елдерінің өздері оны Црна Гора деп ұлықтайды. Мұның бәрі қазақшаға, әрине, "қара тау" болып аударылады. Сондықтан бұл елді қазақша Қаратау деп алсақ, жаңылмаспыз.Кейінгі жылдары Балқантау таулар жотасының ортасында орналасқан осы Қаратау елі қазақстандықтардың сүйікті туристік бағытына айналды. Себебі Еуропа елдері ішіндегі салыстырмалы түрде алғанда арзан демалыс орындары сонда орналасқан. Бүгінде Черногория қазақстандықтар жиі саяхаттайтын елдердің жетілігіне енді.

Сонымен, Қаратау елінде сенсация болды:ел тізгінін тапжылмай 30 жылдан артық уақыт бойы ұстап келген, жергілікті халық "Ұлт атасы" деп қабылдаған Мило Джукановичтің осы ғана өткен сайлауда жеңіліп қалғаны белгілі болды. Президенттік сайлаудың екінші айналымы биылғы 2 сәуірде, жексенбіде ұйымдастырылды. Нәтижесі енді белгілі болды.

Халқына шынымен сыйлы болғандықтан Черногорияны өмір бойы басқаратындай көрінген көшбасшы президенттік додада күтпеген жерден елдің бұрынғы экономика министрі, "Еуропа бүгін" қозғалысының кандидаты Яков Милатовичке жол берді. Оның қарсыласы одан 20% артық дауыс жиып айқын жеңді.

Демократияның бір феномені де осында: ел басшысынан жалықса, ол неше жерден білікті болса да, сайлаушылар оны ауыстырып, басшылықты жаңартуға құмарланады. Демократияда биліктің ауысуы, ел басшылығына оппозицияның келуі мемлекетті күйретпейді.

Оның үстіне халықтың осы көңіл-күйінен шошынды ма, билік іс басындағы лидер үшін жарыс жолын тазалай бастады. Мысалы, сайыс фавориттерінің бірі саналған, "Еуропа бүгін" қозғалысының көшбасшысы Милойко Спаичті электоралдық рәсімдерді бұзды деген сылтаумен кандидаттар тізімінен шығарып тастады.

Оппозиция оның орнына Милатовичті ұсынды. Ал ұзақ отырып қалған Президенттің мұндай астыртын ойындары елдің ашуын туғызды. 

Саясаттанушы, Балқан өңірі бойынша эксперт Александар Джокич Мило Джукановичтің халық арасында "Қаратаулық ұлттың негізін қалаушы" бейресми мәртебесіне ие болғанын айтады. Тарихқа аз-кем шолу жасай кетсек, байырғы замандарда Черногория аумағын иллириялықтар (Illyricum) мекендеген. Ал біздің дәуірімізге дейінгі I ғасырда бұл территория Ежелгі Римнің құрамында болды. VI ғасырда бұл жерлерге славяндық сербтер қоныс аударып, жайлай бастады. 1499 жылы Қаратау елі ресми түрде түріктердің Осман империясының құрамына енді. Бертінде Югославия одағының құрамында болды. Ол күйрегеннен кейін, тек XXI ғасырда, яғни 2006 жылғы референдум нәтижесінде Сербиядан бөлініп, жеке отау құрды. 

Мило Джуканович 1991 жылы Черногорияның Премьер-министрі лауазымына келді. Содан бері тек лауазымдары ауысқаны болмаса, билікті өз қолында сақтап қалды. Осы кезде одан басқа көшбасшыны білмейтін тұтас ұрпақ өсіп шықты.

Кремль мен орыс олигархатынан айласын асырды

90-шы жылдары Джуканович өзімен билікке таласқан ұлтшыл Момир Булатовичпен тайталаста жеңіп шығып, сонау I Пётр орыс императоры заманынан бері ресейшіл болған елдің бағытын күрт өзгертті. Демократияны дамытуды қарастыратын еуропалық бағдарды ілгерілете бастады. Ол кезінде большевиктер бекіткен карталарды мойындамайтынын мәлімдеп,  Хорватия жерінің бір бөлігін тартып алу үшін Дубровник тарихи курорт қаласын басып алуға тікелей өзі қатысты. Сөйтіп өз ұлтының рухын көтерді, мықты саяси тірек тапты. Әрине, бұл халықаралық қылмыс саналатын.

Бірақ Югославияда қырғынды ұйымдастырған қандықол қылмыскер ретінде кейін Гаага соты соттаған Милошевичке дер кезінде қарсы шығып, оппозиция жағына өтіп, Батысқа бет бұруы арқасында Джуканович соғыс заманындағы әрекеттері үшін жауапкершіліктен құтылып кетті.

Осы тұста ол политтехнологтар көмегімен "Черногориялық ұлттың атасы" ретінде төл саяси имиджін қалыптастыруға кірісті.

Сонымен бірге Джуканович бірнеше рет В.Путинмен де кездесті. Кремль басшысы оған Ресейдің Қаратау еліне саяси және экономикалық қолдау көрсететінін мәлімдеп жүрді. 2006 жылы бұл республика Сербиямен арадағы одақтан бөлінгенде, оның тәуелсіздігін бірінші болып мойындаған, дипломатиялық қатынас орнатқан елдің бірі де Ресей еді.

Сарапшы Александар Джокичтің байламынша, замана лебінің өзгергенін тез сезе қоятын Черногория басшысы Кремль басшысының да енді Милошевич сияқты қолы тиіп кеткен жерді уға айналдыратын "залалды тұлғаға" айналғанын түсінді. Джуканович пен Путиннің жылышырайлы қарым-қатынастары 2014 жылы Мәскеу Қырымды өзіне қосып алғанда күрт доғарылып, "сіз-біз" деген сыйластық "шыж-быж" жанжалға ұласты. Мысалы, Черногория 2016 жылы тіпті Мәскеудің арнайы құрылымдары елде төңкеріс ұйымдастырмақ болды деп айыптады.

Қаратау елінің лидері төл саяси бағдарын тағы да 180 градусқа күрт өзгертіп, Мәскеу қас жауы санайтын батыстық әскери блокқа Черногорияны қосу идеясына серпін берді. Нәтижесінде, 2017 жылғы 5 маусымда Черногория НАТО-ға мүше болып, Солтүстікатлантикалық шарт ұйымының жетінші кеңеюіне жол ашты.

Бұдан ең көп зардап шеккені – ресейлік олигарх Олег Дерипаска. Миллиардер Кремльдің кеңесімен Қаратаудағы ең ірі индустриялық кәсіпорынды – Подгорица алюминий комбинатын сатып алып, мол инвестиция салған еді. Ал бұл елдің НАТО-ға кіруі екі ел арасындағы саяси, экономикалық байланыстарға нүкте қоятын. Содан Дерипаска Черногорияны халықаралық арбитраж сотына беріп, әскери блокқа кіруі оның инвестицияларына қауіп төндіретінін дәлелдемек болды. Жеңіліп қалды.

Ол экономикалық және саяси дағдарыс туғызу мақсатында шағын елдің экономикасын қоректендіріп отырған алып комбинатты тоқтатты, инвестиция ағынын сап тиды. Бұл Джукановичке Мәскеуге қарсы жаңа айыптар тағуына мүмкіндік берді.

Саясатта қулығына құрық бойламас "қу түлкі" саналатын Мило Джуканович тағы да айласын асырып кетті. Югославия мен Сербиядан бөлініп шыққан алмағайып шақта РФ және оның олигархтарының қаржылық көмегімен ірі кәсіпорындарды жандандырды, ел экономикасын түзеді. Артынша мемлекет еңсесін тіктеген соң, қитұрқы Кремльдің ықпалынан оп-оңай сытылып шықты.

Черногория енді НАТО мүшесі болғандықтан, Мәскеу бұл елге шапқыншылық жасауға батпайды. Кремльдің батылы тек Грузия, Молдова, Сирия, Украина сияқты елдерге күш көрсетуге ғана жетті.

Өкінішке қарай, билікте тым ұзақ отырған кез келген көшбасшы сияқты Джуканович та ақыр соңында коррупцияға батқан мемлекеттік аппарат пен бір партияға басымдық берген саяси жүйені құрып шықты. Бұған сайлаушылардың көбінің көңілі толды, себебі, ресми дерек бойынша оппозициялық күштердің бір бөлігін Ресей жасырын қаржыландырыпты. Сондықтан Мило Черногорияның тәуелсіздігін Ресейдің және Сербияның шабуылынан қорғап келе жатқан тау тұлға болып көрінетін.

Қаратау елінің саясаты күрт өзгере ме?

Дегенмен, халықтың одан шаршағаны 2020 жылғы парламенттік сайлауда байқалып қалды. Парламенттік додада оның партиясы көпшілік дауысқа ие болу үшін қажетті мандат санына қол жеткізе алмады. Тиісінше, Үкіметті де коалиция құру арқылы жасақтауға тура келген.

Президенттік додада сайлаушылар іс басындағы Президентті тіпті көшбасшылардың бірі ретінде қарастырмады. Нәтижесінде, басты тартыс пен қақтығыс оппозициядағы негізгі екі күш арасында жүрді. Либералдық және демократиялық партиялар Джуканович сияқты Черногорияның ары қарай да Еуроодақ пен НАТО-ның сенімді серіктесі болып қалуын қалайды. Бірақ олар елді онжылдықтар бойы басқарған тұлғаның өзі мен партиясының ұзақ жылғы үстемдігін үзуге ұмтылды.

Серб ұлтшыл партиялары болса, өз мақсаты ретінде Батыстың үстемдігімен күресті таңдады. Олар тіпті Черногорияны НАТО-дан шығарып, елдегі еуроинтеграцияны тыюға ынтық. Националистер болашақта Сербиямен бір мемлекетті қайта қалпына келтіруді армандайды. Олар Серб православия шіркеуінің бір бөлігі Черногория митрополиясының да қолдауына сүйенеді. Оның діндарлары жергілікті монтенегролықтар арасында зор беделге ие.

Нәтижесінде, президенттік сайлаудың бірінші турында либерал Яков Милатович 29%-дай, ал оның басты қарсыласы, серб ұлтшылдарының кандидаты Андрия Мандич шамамен 19% дауыс жинады. Екінші раундта Яков Милатович бұдан да сенімді жеңіске жетті. Енді ол Черногорияның жаңа Президенті болады.

Осы орайда бір сұрақ туындайды. Егер Қаратау-Монтенегро-Черногорияны 30 жылдан астам мерзім бойы бір автократ басқарса, неге Еуропа бұл елді демократиялық мемлекет санайды. Өйткені елдегі саяси реформа арқасында Қаратау елі суперпрезиденттік билікті күшейткен жоқ, керісінше Парламентті пәрменді етті. Соның арқасында бүгінде Черногорияда Президенттің рөлі мен функциясы негізінен "протоколды", яғни құзыры өте аз.

Сондықтан Қаратау мемлекетінің саяси бағдарын жаңа Парламент айқындайтын болады: биылғы маусымда мерзімінен бұрынғы парламенттік сайлау өтпек. 2022 жылдан бері жүрген президенттік және жергілікті сайлаулардың нәтижесі көрсеткендей, халықтың басым бөлігі еуроинтеграцияны жақтайтын Милойко Спаич пен Яков Милатовичтің "Еуропа бүгін" қозғалысын қызу жақтайтыны байқалады. Демек, жазғы дода қорытындысында жаңа депутаттық корпуста да солар басымдыққа ие болатынға ұқсайды.

Сонда Джукановичтің Социалистердің демократиялық партиясы (СДП) да бағы мен бабын қайта сынап, коалициялық Үкіметті қалыптастыруға қатысуға мүмкіндігі бар. Бірақ қаратаулық саясаттанушылар СДП халық қолдауына ие болу үшін оның басшылығынан экс-Президент кетуі керек деп отыр. Тау жоталарын қалқан еткен шағын ғана елде салмақты саяси интрига сақталды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу