Бірнеше апта бұрын келісі 250-300 теңге тұрған картоп Атырау мен Ақтөбеде 400 теңгеден саудаланып, өңірлерде сәбіздің құны келісіне 735 теңгеге жетті, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Сатушылар мұны қордағы көкөністің азюымен байланыстырса, Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров қымбатшылыққа делдалдарды кінәлады.
Тіпті ведомство басшысы шаруаларға алдағы уақытта баға түссе, өнімді өзіндік құнына да сата алмай қалатынын айтып, картопты шамадан тыс өсірмеуге шақырды. Мәселеге депуттар да үн қосып, статистика мен дүкен сөрелеріндегі бағаларда алшақтық барын айтып, алаңдаушылық білдірді.
Картоп мәселесі күзде шешіледі
"Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры Ербол Есенеев картоп маусымдық өнім болған соң қымбаттағанын айтады. Айтуынша жақында баға реттеледі. Алайда маман басқа азық-түлік бағасының өсуін болжап отыр.
"Қазір сатылып жатқан картоп былтырғы егіннен қалған, ал биылғы өнім әзірге аз болған соң, сатып алушылардың сұранысын қамтамасыз ете алмай отыр. Бұдан бөлек тасымалдау шығындарын қосқан соң тағы қымбаттады. Мысалға, Түркістан облысындағы шаруалардан бір келі картопты 200-210 теңгеден алуға болады, ал нарықтағы бөлшек сатылымда бағаның артатыны түсінікті. Өнім көбейген сайын баға да төмендейді, ең төмен баға күзде болады", – деді департамент директоры.
Ербол Есенеевтің айтуынша, бүгінде елімізде 4 млн тонна картоп өндіріледі. Бұл қазақстандықтардың сұранысын толық қанағаттандыруға жеткілікті. Алайда көптеген шаруаның өнімді сақтайтын қоймасы жоқ көрінеді.
"Егетін жеріміз жеткілікті, технология бұдан да көп егуге мүмкіндік береді. Бірақ Қазақстанда картопты тұтыну көлемі өскен жоқ. Оның үстіне көрші елдер қажетті өнімді өздері егеді. Сондықтан шаруаларға картопты көбірек егу тиімсіз. Бұған қоса кейбір шаруалардың картопты жазға дейін сақтайтын қоймасы жоқ",– дейді Ербол Есенеев.
Ет бағасы келісіне 3 мың теңгеге жетуі мүмкін
Қазірдің өзінде оңтүстік өңірлерде картоп пен ерте пісетін көкөністерды жинау маусымы басталған. Нарықта өнімдер көп болған сайын баға тұрақтайды. Бірақ сарапшы азық-түлік қымбатшылығы мәселесі мұнымен шешілмейтінін жеткізді. Себебі жауын-шашынның аздығы, су жетіспеушілігі және құрал-жабдықтардың қымбаттығы шөп жинауға әсер етіп, салдарынан еттің бағасы шарықтап кетуі мүмкін.
"Азық-түлік қымбаттауы мүмкін. Оның ішінде, ет бағасы. Қазақстанның көптеген өңірінде жемшөп мәселесі шешілген жоқ. Маусым кезінде шаруалар құрғақ және сулы жемшөптің бір жылдық қорын әзірлеп алуы керек. 100% жеммен қамтамасыз ету ғана малдың жоғары өнімділігі мен өнім, оның ішінде ет пен сүт сапасын қамтамасыз ете алады. Оның үстіне, жағдай жыл сайын қиындап келеді. Елдің оңтүстігінде жемшөптің бағасы бірнеше есе өсті", – дейді маман.
Мәселен, 2020 жылы Жамбыл облысында 20 келі шөп бағасы 400-500 теңге болса, биыл 1000-1200 теңгеге жеткен. Жем құны бір келісі үшін 60-65 теңгеден асады. Оған көктемгі қолайсыз ауа райының әсері мен жауын-шашынның аз түсуі тағы бар. Сондай-ақ, жанармай мен қосалқы бөлшектер де күрт қымбаттады.
"Жемшөп құны осылай шарықтай берсе шаруалар күзде жаппай малдарын сатады, себебі қыста оны бағу тиімсіз. Ал мал аз болған соң ет пен сүт қымбаттауы мүмкін. Алдын-ала есептеулер бойынша жыл соңына дейін ет құны келісі үшін 3 мың теңгеден асуы мүмкін", – деп түсіндірді Ербол Есенеев.
Шешім бар, бірақ оған қомақты қаражат керек
Сарапшы мәселені кешенді түрде шешуді ұсынып отыр. Яғни, халық көп тұтынатын азық-түліктің өндірісін ұлғайту үшін қолайлы жағдай жасап, жергілікті өндірісті қолдау маңызды.
"Сонымен қатар жердің өнімділігін арттыру, инфрақұрылым мен технологияларға қаражат салу бойынша шұғыл шаралар қабылдау қажет. Өрістерді суарып, шабындықтар мен жайылымдардағы шөптің өсуін қадағалау керек. Сонымен бірге, фермерлерге техникалар – тракторлар, шөп шабатын машиналар, пресс-жинағыштар және қосымша жабдықтар қажет. Мұндай істі жолға қоюға 140-150 млн теңге кетеді. Бірақ бұл шаруаларға малын ұзақ жылдар бойы сапалы және арзан жеммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", – деп түйіндеді сарапшы.
Айта кететіні, статистикалық деректер бойынша елімізде 1 -8 маусым аралығында, яғни, бар болғаны 1 аптаның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлері орта есеппен 0,3%-ға қымбаттады. Егер жыл басынан бері алсақ, баға 5% өскен. Алайда деректер мен дүкендегі азық-түлік құнының арасы жер мен көктей.
Құралай Құдайберген
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз !