Қаруын тастап жатқан Қарабақ армяндарына гуманитарлық көмек жеткізіле бастады

2027

Әзірбайжан президенті бұл анклавта "жұмақ" орнатуға уәде берді. Оған сенбеген жергілікті тұрғындар болса, геноцидке ұшыраудан қауіптеніп отыр.

Қаруын тастап жатқан Қарабақ армяндарына гуманитарлық көмек жеткізіле бастады Фото: az.sputniknews.ru

Таулы Қарабақтағы этникалық армяндар басшылығы Әзірбайжанның бақылауына өткеннен кейін өздеріне Баку тарапынан қауіпсіздік кепілдігі әлі берілмегенін айтып отыр. Дегенмен соңғы 35 жылда басынан дау кетпеген аймаққа гуманитарлық көмек жеткізіле бастаған.

Қазір Таулы Қарабақ пен ондағы 120 мың армянның болашағы қыл үстінде тұр. Әзірбайжан бұл өңірді өзіне біржолата интеграциялауға күш салып жатса, жергілікті халық қудаланудан қауіптеніп, әлемді Қарабақ армяндарын қорғансыз қалдырды деп айыптап жатыр.

Ресей қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, Таулы Қарабақта атысты тоқтату туралы келісімнің орындалуын бақылауға уәкілетті орыс бітімгерлері соңғы күндері Қарабақ тұрғындарына екі жолмен 50 мың тоннадай көмек апарған. Армениядан және Әзірбайжаннан.

Ал "Ассоушиэйтед пресс" агенттігінің хабарлауынша, қарабақтық армяндар арсеналын ресейлік бітімгерлерге тапсырып жатыр. Соңғы мәліметке қарағанда, сепаратистер 5 мың дана оқ дәрі, 800-дей ұсақ қару және 6 әскери машинасын өткізген.

Баку болса, кейбір армяндар қарсылықты жалғастыруға серт берсе де, қаруын тастаған барлық армян содырларына амнистия жариялауға әзір.

"Тіпті бұрын өзімізбен соғысқандарға да рақымшылық жасауға сыңай танытып отырмыз", – дейді Әзірбайжан президентінің сыртқы саясат жөніндегі кеңесшісі Хикмет Гаджиев "Рейтерге" берген сұхбатында.

Дегенмен, Қарабақты "Арцах" деп атайтын армяндар Бакумен бүгінше қандайда бір келісім жасалмағанын айтып отыр.

"Бұл мәселелер әлі шешілуі керек. Нақты нәтиже әзірге жоқ", – дейді мойындалмаған республика жетекшісінің кеңесшісі Давид Бабаян.

Мұның алдында Бабаян гуманитарлық конвойдың Армениядан Таулы Қарабаққа Әзірбайжан арқылы өтетін Лашын дәлізімен тасымалданатыны жөнінде келісімге қол жеткізілгенін хабарлады. Ал Ресей қорғаныс министрлігінің мәлімдемесінде Әзірбайжаннан өтетін екінші жолмен де Қарабаққа жүк жеткізілгені айтылған.

"Азық жоқ, отын жоқ, жарық жоқ"

"Жағдай өте ауыр: халық аш, жарық жоқ, отын жоқ, есесіне бізде босқындар көп", - дейді Бабаян.

Әзірбайжан армиясы осы аптада жүргізген жедел әскери операциядан кейін Президент Ильхам Әлиев этникалық армяндардың құқығын қорғауға кепілдік бере отырып, "темірдей жұдырықтың" тәуелсіз армян Қарабағы идеясын тарихтың қойнауына жібергенін ескертті. Оның сөзінше, бұл анклав енді Әзірбайжанның құрамында "жұмаққа" айналады.

Түркия қолдаған Әлиевтің елі әскери тұрғыдан қарабақтық содырлардан әлдеқайда үстем тұр. Бірақ сол содырлардың қаншасы қаруын тастауға дайын және олар талқыланып жатқан жан-жақты келісімнің қандай формасын қабылдауға дайын екені белгісіз.

Бір кездері Кеңес одағына кірген Әзірбайжан мен Армения 1991 жылы КСРО ыдырағаннан кейін Қарабақ үшін екі рет соғысты. Бұл аймақ халықаралық заңдар бойынша Әзірбайжанның аумағы ретінде танылған. Соған қарамастан, кейінгі отыз жылда жергілікті армяндар Арменияның көмегімен іс жүзінде Бакудан тәуелсіз өмір сүрді.

Екі ел арасындағы сол қанды тарихты ескере отырып, көптеген армяндар әрі қарай не болады деп қорқып отыр.

"Жалғыз үмітіміз – ресейлік бітімгерлердің көмегінде. Әлем көзін жұмып, ештеңені естігісі келмейді. Егер бітімгерлер бір сағатқа жоғалатын болса, бізді геноцид күтіп тұр", – дейді Әзірбайжан шекарасы маңында тұратын Григор Захарян "Рейтердің" тілшісіне берген сұхбатында.

Алайда, Гаджиев мәлімдегендей, армяндардың құқығы олардың Әзірбайжанға интеграциялануы аясында қорғалады.

Сонымен қатар, Гаджиев Қарабақ армиясы мен оның офицерлеріне бағынышты кейбір топтар қарсылықты жалғастыруға уәде бергенімен, бұл проблеманың соншалықты ауқымды болмайтынына сенімді.

Таулы Қарабақ ғасырлар бойы парсылардың, түріктердің, орыстардың, османдардың, советтердің қол астында өмір сүрді. Енді Әзірбайжанның жеңісі бұл мазасыз өңір тарихының жаңа бетін ашып жатыр. 

Кейбір сарапшылардың ойынша, бұл жағдай мұнай мен газ құбырлары өтетін және Ресей, АҚШ, Түркия, Иран ықпал ету үшін күресіп жатқан Қарабақта күштер балансын өзгертуі мүмкін.

Армяндар үдере көше ме?

Ереванда өзіне қарсы шерулерге тап болған Премьер-Министр Никол Пашинянның айтуынша, оның үкіметі Қарабақтан жетуі мүмкін босқындар легі үшін орын әзірлеп қойған. Бірақ ол Қарабақтың босап қалғанын қаламайтынын да мәлімдеді.

Қарабақта 2 мыңға жуық бітімгер жауынгер ұстап отырған Ресей тараптарды сабырға шақырды. Алайда кейбір армяндар мен Пашинян Мәскеуді Арменияны қолдау жолында жеткіліксіз әрекет етті деп айыптап отыр.

Әлеуметтік желілерде тарап жатқан фотосуреттерге қарағанда, қарабақтық мыңдаған армян ресейлік бітімгер сарбаздар шоғырланған әуежайға жиналып қалған.

Дегенмен, Бабаянның сөзінше, авиациялық терминалға халық жаппай кетіп жатқан жоқ. Өйткені Таулы Қарабақ – қоршауда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу