Қашықтан оқыту цифрлық дағдыны үздіксіз дамытуды талап етеді

12933

Қашықтан оқыту жоғары білім сапасына қалай әсер етті? Жаңа оқу жылында студенттер мен оқытушыларға қандай жағдай жасалды? Биыл магистранттар мен докторанттар тағлымдамадан өтті ме? Бұл сұрақтарға Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры Еркін Оңғарбаев жауап берді.   

Қашықтан оқыту цифрлық дағдыны үздіксіз дамытуды талап етеді

– Пандемия отандық білім беру жүйесіне ауыр соққы болып тиді. Бұған дейін мұндай мәселемен бетпе-бет келіп көрмегендіктен білім жүйесі түрлі қиындықты бастан өткерді. Әйтседе дер кезінде қабылданған шаралар жоғары білім беру саласында болуы ықтимал кемшіліктердің алдын алды. Өздеріңіз білетіндей, ұлттық университет қашықтан оқыту жүйесіне көшті. Бүгінгі таңда білім берудің осы тәсілі қолданылып жатыр. Асинхронды оқыту Platonus автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылуда. Бұған қоса білім беру үдерісінде көпшілікке арналған ашық онлайн курстар қолданылуда. Университеттің 2 студиясында осы уақытқа дейін 2 мыңға жуық бейнедәріс түсіріліп, 14 мың білім алушының назарына ұсынылды. Синхронды оқыту Microsoft Teams, Webex сервистері арқылы онлайн жүріп жатыр. Факультет декандары, кафедра меңгерушілері студенттердің білім сапасын бағалаудың объективтілігіне ерекше көңіл бөліп отыр. Студенттермен кері байланыс орнату және сессияны қашықтан ұйымдастыру бойынша білім алушылармен бірнеше онлайн кездесу ұйымдастырылды. Қашықтан оқытудың алғашқы күнінен бастап ғылыми кітапхана университеттің білім беру және ғылыми-зерттеу қызметін қолдау үшін цифрлы форматқа ауысты. 

– Қашықтан оқыту білім сапасына қалай әсер етті? 

– Қазіргі студенттер заманауи технологияны өте жақсы меңгерген. Олар білім беру жүйесі қашықтан оқытуға көшкен кезде өздігінен білім алуға дайын екенін көрсетті. 2019-2020 жылғы оқудың көктемгі семестрі аяқталғаннан кейін 11 118 
студент арасында пәндерді оқыту сапасына қатысты сауалнама жүргізілді. Респонденттердің 60%-ы қашықтан оқыған ұнайтынын, ал 80%-ы оқыту сапасына көңілдері толатынын айтты. 

– Қысқы сессия қалай өтіп жатыр?

– Қысқы сессияны прокторинг автоматты жүйесін қолдану арқылы ұйымдастырып жатырмыз. Нақты нәтиже сессия аяқталған соң белгілі болады. Қашықтан оқыту форматында өткен алдыңғы сессияның нәтижесі емтиханға қатысқандар мен тапсырғандардың 94%-ның оқу үлгерімінің сапасы 63,5%-ды көрсетті. 
2018-2019 оқу жылында бұл көрсеткіш 51%-ды құраған еді. 

– Магистранттар мен докторанттардың шет мемлекеттердегі тағлымдамасы қалай ұйымдастырылды?

– СOVID-19 пандемиясына байланысты Білім және ғылым министрлігі 2020-2021 оқу жылында магистранттар мен докторанттар тағлымдамадан қашықтан өтеді деген шешім қабылдады. Сәйкесінше 2 курс докторанттарының тағлымдамасы келесі жылға ауыстырылды. Білім алушылардың педагогикалық практикадан өтуі академиялық күнтізбеге сәйкес Microsoft Teams сервисі арқылы қашықтан жүзеге асырылды. Ал жылу энергетикасына қатысты білім беру бағдарламасының өндірістік тәжіриесі ішінара дәстүрлі форматта өтті. 

– Қашықтан оқыту кезінде студенттер мен оқытушыларға қандай жағдай жасалды?

– Университеттің 333 оқытушысы мен 96 студенті заманауи компьютермен қамтамасыз етілді. Қазіргі уақытта ЕҰУ-дың студенттер үйінде өз шаңырағында оқу мүмкіндігі жоқ 154 студент білім алып жатыр. Осыған байланысты студенттер үйлеріне қосымша 50 бірлік компьютерлік техника мен 80 бірлік Wi-Fi нүктесі орнатылды. Факультеттерде қашықтан оқыту үдерісін бақылайтын ахуалдық орталық құрылып, университеттің педагогикалық құрамы мен студенттеріне 
техникалық және әдіснамалық қолдау көрсету үшін call-орталық ашылды. 
Бұдан бөлек университет пен факультеттердің веб-сайттарында виртуалды ректорат, виртуалды құрылымдық бөлімше, виртуалды деканат және виртуалды кафедра жұмыс істейді. 

– Қашықтан оқыту жүйесін жетілдіру үшін қандай шаралар қабылданып жатыр? 

– Университеттің материалдық-техникалық базасын күшейттік. Қашықтан оқытуды сапалы ұйымдастыру үшін қосымша сервер мен желілік жабдық, бейне байланыс сервистері, прокторинг және антиплагиат жүйесінің бағдарламалық жабдығы сатып алынды. Жыл соңына дейін виртуалды зертхана орнатуды жоспарлап отырмыз. Биыл құрылған Цифрлық даму және қашықтан оқыту департаменті қашықтан оқыту жүйесін жетілдірумен айналысып жатыр. 

Жалпы, қашықтан оқытуды дұрыс ұйымдастыру үшін бірінші – материалдық-техникалық база, екінші – жақсы цифрлық контент, үшінші – оқытушылар мен студенттердің жоғары цифрлық сауаттылығы қажет. Бұған қоса 
материалдық-техникалық базаны жетілдіруге, контент сапасын арттыруға және цифрлық дағдыны үздіксіз дамытуға басымдық берілуге тиіс. 

– Сұхбатыңызға рахмет 
Сұхбаттасқан Қанат Махамбет 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу