Кәсіпкер қайтсе тексерулерден құтылады

2162

Бизнесті мемлекеттік реттеу бірте-бірте сақтандырумен алмаспақ.

Кәсіпкер қайтсе тексерулерден құтылады

Сақтандыру нарығын қазіргі кезде Ұлттық банк реттейді. Бірақ сарапшылардың айтуынша, бизнестің қызметін реттеу осы салаға ауысқанда, жаңа құрылым құрылуы да ғажап емес. Мәселен, дамыған елдердің көбінде сақтандыру саласын қадағалаушы орган дербес жұмыс жасайды және үкімет пен орталық банктен тәуелсіз. Айталық, Францияда ол "Сақтандыруды бақылау комиссиясы", Германияда "Сақтандыру қызметін қадағалау бойынша федералдық ведомство", Швецияда "Сақтандыру инспектораты" деп аталады.

Finprom сарапшыларының байламынша, мемлекеттік ревизорлардың қаптаған тексерулерінен құтылу және бизнесті мемлекеттік бақылау деңгейін төмендетудің жолы анықталды. Бұл ретте нарыққа өзін-өзі реттеу және кәсіби жауапкершілікті сақтандыру тетіктері көмекке келмек.

Осы мақсатта бес жылдай бұрын отандық кәсіпкерлер біртұтас ұлттық палатаға біріккен болатын. Қазіргі кезде "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасына 141 қауымдастық пен одақ кіреді. Осы кезең ішінде бірқатар мемлекеттік функциялар министрліктер мен ведомстволардан алынып, ұлттық палатаға берілді.

Ел үкіметі бизнесті мемлекеттік реттеу саясатында қадағалау мен реттеуді азайтып, оны бизнес ортаның өзін-өзі реттеуіне тапсыруда. Алайда сонымен бірге, халықты сапасыз өнім мен қызметтен қорғау мақсатында мемлекет бизнестің әлеумет алдындағы, нарық ойыншыларының – тұтынушылар алдындағы жауапкершілігін күшейтуде. Ал бұл үшін кәсіби жауапкершілікті сақтандыру саласының пәрменді әрі қуатты болғаны жөн. 

Дегенмен, әзірше сақтандыру секторының дәл осы бөлігі елімізде нашар дамығанын көрсетіп отыр. Атап айтқанда, Ұлттық банктің дерегінше, биылғы жыл басынан бері, туроператорлар мен турагенттіктердің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша жиналған сыйақы көлемі небары 94,8 миллион теңгені ғана құрады. Және бұл көрсеткіш төмендеуде: аталған сома өткен жылғыдан 9,3%-ға кем (2017 жылы 104,5 миллион теңгеге жеткен).

Жеке нотариустардың азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша да құлдырау байқалуда: алдын ала қорытынды 34,9 миллион теңге ғана болып, былтырғыдан бірден 17,4%-ға азайып кетті (2017 жылы – 42,3 млн теңге).

Аудиторлық ұйымдардың азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша он айда 19,4 миллион теңге ғана сыйақы жиналған. Бұл өткен жылғыдан (20,3 млн теңгеден) 4,6%-ға төмен.

Салыстыру үшін айта кетсек, тұтастай алғанда, сақтандырушы компаниялардың жиған сыйақы ауқымы 2018 жылдың он айында 317 миллиард 686,4 миллион теңгені құрады. Бұл былтырғыдан 1,9 пайызға (311 млрд 901,6 млн) көп. Яғни, сақтандырушылар негізгі табысты осы сектордан емес, міндетті сақтандыру саласынан табады.

Айтқандай, жиналған сыйақылар төмендеп жатқанда, ал сақтандыру бойынша төлемдер керісінше, артқан. Мысалға, туроператорлар мен турагенттіктер бойынша төлемдер бір жыл ішінде 14,8%-ға өсіп, 27,3 миллион теңгеге жетті. 2017 жылдан айырмашылығы сол, биыл аудиторлар (3,5 миллион теңге) және жеке нотариустар (1,7 миллион теңге) бойынша да тұтынушыларға сақтандыру төлемдерін төлеу басталған.

Әйтсе де, мамандар бұл нарықтың дәуірлер дәурені алда туатынына сенімді. Қазақстанның сақтандырушылар қауымдастығының сарапшылары бизнестің өзін-өзі реттеуге көшуі және ұлттық заңнаманың тиісті өзгеруі бұл сегментке деген сұранысты арттырады деп санайды.

Өйткені үкімет мемлекеттік бақылаушылар мен қадағалаушылар қатарын селдіретіп, лицензия беруді өзін-өзі реттеумен ауыстыруда. Осы орайда нарық ойыншыларынан үшінші тұлғалар алдындағы мүліктік жауапкершілігін кепілдендіру талап етіледі. Яғни, болашақта барлық бизнес нысандары өз азаматтық жауапкершіліктерін жаппай сақтандыруға көшуі ықтимал.

Сонымен қатар, осы үдеріс өзін-өзі реттеу ұйымдарының (ӨРҰ) құрылуын қарастырады. Заңнамада қарастырылғандай, ӨРҰ-лер өзінің және өз мүшелерінің олар өндірген тауарлары мен қызметтерін тұтынушылар алдындағы міндеттемелері бойынша жауап бермек.

Мүліктік жауапкершілікті қамтамасыз ету не "өтем жасау қорын" құру не жауапкершілікті сақтандыру жолымен жүзеге асырылады.

Бірақ қазіргі кезде өзін-өзі реттеу ісі ақша айналымы аз, ал мүліктік жауапкершілігі аса салмақты болып келетін шағын және орта бизнес саласында дамып жатқанын ескерсек, сақтандыру – жауапкершілікті кепілдендірудің ең арзан және оңтайлы құралы болып табылады. Түсіндіре кетсек, өз кәсібін жаңа ашқан бизнесменге өтем жасау қорына жарна аударып тұрғаннан, өз жауапкершілігін сақтандыру әлдеқайда арзанға түседі.

Ұлттық палата дерегінше, бүгінде құрылыс саласында ерікті негізде 6 ӨРҰ жұмыс жасауда. Бұдан бөлек, актуарийлердің ӨРҰ-ы, заңгерлік палаталар, адвокаттар алқасы, жеке орындаушылар палатасы және басқалары бар.

Бизнес үшін маңыздысы сол, сақтандыру оларды мемлекеттік тексерулерден құтқарады. Бұл Қазақстанның Кәсіпкерлік кодексінің 141-ші бабының 8-ші тармағында бекітілген. Ал "екінші топқа" жатқызылған, яғни ішінара, жоспардан тыс тексерулер жүргізілетін және бақылау мен қадағалаудың өзге де формалары қолданылатын бизнес азаматтық-құқықтық жауапкергілігін сақтандыру туралы келісімшарт бекітісімен, бірден "үшінші топқа" ауыстырылады. Бұл топтағы кәсіпкерлерді мемлекеттік органдар тек тұтынушылар тарапынан арыз-шағым түссе ғана, тексере алады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу