Бизнестің банктерге сенімі азая бастады

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
1836

​Биыл алғаш рет жеке тұлғалардың депозиттегі ақшасы корпоративті салымнан асып кетті.

Бизнестің банктерге сенімі азая бастады

Биылғы қыркүйектің соңындағы мәлімет бойынша елдегі екінші деңгейлі банктердегі депозит көлемі 16,6 трлн теңгені құрады. Бұл былтырғы көрсеткіштен 3,9 пайызға кем. Былтыр бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,6 пайызға өсіп еді.

2015-2016 жылдардағы девальвация кезінде доллардағы депозиттерді теңгеге шаққанда жалпы депозит портфелінің күрт көбейіп кеткені байқалған еді. Кейіннен 2017 жылы теңге бағамының тұрақталғанынан кейін депозиттің көлемі де айтарлықтай өзгере қоймады. Сонымен қатар сол уақыттан бастап депозиттің жылдық сыйақы мөлшерлемесі де төмендетілді. Мәселен, заңды тұлғаларға мерзімді депозиттің орташа пайыздық көрсеткіші 2016 жылдың қыркүйегінде 11,1 пайыз болса, тура бір жылдан кейін бұл көрсеткіш 8,1 пайыз деңгейіне дейін төмендеп кетті.

Банктерге салынған депозит көлемінің азаюына басты себептердің бірі биыл 3 банктің: Qazaq Banki, Астаны банкі мен Эксимбанкінің жабылуы. 2017 жылдың қыркүйек айында осы үш банктегі жалпы депозит көлемі 454 миллиард теңге болған еді.

Қазіргі таңда банктердегі жеке тұлғалар мен заңды тұлғалардың жинақ ақшасы шамалас болып тұр. Корпоративті салым көлемі 8,2 трлн теңге болса, қарапайым халықтың салған қаражаты 8,5 трлн теңге. Былтыр бұл көрсеткіштер тиісінше 9,1 трлн теңге және 8,2 трлн теңге болған еді. Осылайша, 2018 жылы алғаш рет қарапайым халықтың банктерге жинаған ақшасы бизнестің салған депозитінің көлемінен асып кетті. Оған себеп бизнестің қазақстандық банктерге деген сенімінің азаюы болса керек. Айта кетейік, бір жылда елдегі екінші деңгейлі банктер саны 33-тен 28-ге түсіп кетті. 

Банктерге жекелей тоқталар болсақ, корпоративті салым көрсеткіші бойынша көш басында Халық банкі. Ондағы бизнестің салымы 2,9 трлн теңге. Бұл жалпы қазақстандық бизнестің депозиттегі салымының 35,3 пайызы.

Екінші орында – Цеснабанк. Бұл банктегі корпоративті салымдардың бір жыл ішінде 35,9 пайызға азайып кеткеніне қарамастан, қазіргі таңда мұндағы бизнестің қаржысы – 644,1 млрд теңге, яғни жалпы көрсеткіштің 7,9 пайызы.

Үшінші орындағы Сбербанкте бизнестің 609,4 млрд теңгесі жатыр. Бұл нарықтың 7,4 пайызына тең.

Сонымен қатар үздік бестікте АТФбанкі (608,1 млрд теңге) мен Ситибанк (593,5 млрд теңге) бар. Бұл бестік жалпы корпоративті депозит нарығынң 65,3 пайызына (5,3 трлн теңге) ие.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу