Төмен жалақыны көтеру үшін бизнеске қанша қаржы қажет

3303

Еліміздегі жеке секторда жұмыс істейтін әрбір оныншы адам ең төмен жалақыны алады, алайда бұған қолдау ретінде бизнеске салықтық жеңілдіктер мен мемлекетпен субсидиялар берілуі неғайбыл.

Төмен жалақыны көтеру үшін бизнеске қанша қаржы қажет

Келесі жылдан бастап ең төменгі жалақы (ЕТЖ) алатын 1,3 млн адамның табысы 1,5 есеге көтерілетін болды және бұл мемлекеттен жыл сайын қосымша 96 млрд теңгені қажет етеді. Бұл сома кей өңірдің жылдық кірісіне тең келетіндіктен, шығынды аз деп айту қиын. Алайда жеке бизнесте жұмыс істейтін жалақысы төмен жұмыскерлердің үлесі қанша және ЕТЖ-ның өсуі оған қандай салдар әкелетіні  тек қоғамды ғана ойландырып қойған жоқ.

Аbctv.kz-ке белгілі болғандай, үкіметте оның нақты саны болмай шықты. Ұлттық экономика министрлігі (ҰЭМ) ең төменгі жалақының өсу салдары шамалы ғана болады деп болжаса, еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі (ЕӘҚМ) біршама көп болады дейді.

Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетінің мәліметі бойынша, елдегі мемлекеттік емес секторда жұмыс істейтіндердің саны 2017 жылы 5,4 млн адам болған. 2018 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша жалдамалы жұмыскерлердің жалпы саны 6,5 млн адам болған. Бұл ретте ШОБ (кәсіпкерлікпен айналысатындар) субъектілерінде жұмыс істейтіндер саны 3,1 млн адам, ірі, орта, шағын кәсіпорындарда жұмыс істейтіндер (кәсіпкерлікпен айналыспайтындар) 2017 жылы 1,6 млн адам, оның ішінде ірі кәсіпорындардағылар 970 мың адам болған.

Осылардың қаншасы ресми түрде ЕТЖ алатынын мемлекеттік статистика комитеті білмейді. Статистика комитеті жылына бір рет сәуір айында тек ірі және орта кәсіпорындардағы зерттеу нәтижелерін жариялайды.

"Жеке меншік нысан түріндегі ірі және орта кәсіпорындарда орташа айлық жалақысы 30000 мың теңге ғана болған жұмыскерлер 2018 жылдың сәуірінде 7150 адам болды", – деп жазылған ҰЭМ жауабында.

Сондай-ақ ҰЭМ abctv.kz-ке елімізде жеке сектордың 65 мың ұйымы бар екенін, онда 477 мыңнан астам адам жұмыс істейтінін, олардың жалақылары 42,5 мың теңгеден төмен екенін айтты. Тап осындай жұмыскерлер саны қазір ЕТЖ (28,28 мың теңге) алып отыр, жаңа жылдан бастап ЕТЖ өскен кезде бұл бизнес үшін қосымша 6,8 млрд-тан 20,3 млрд теңгені қажет етеді.

Аbctv.kz-тың бизнеске салықтық жеңілдіктер, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау сияқты өтемақы шаралары болады ма деген сауалына ҰЭМ салық кодексіне сәйкес әрбір жұмыскер үшін 1 ЕТЖ-ға табыс салығы салынбайтынын айтты. Яғни жалақының салық салынбайтын бөлігінің артуы салықтың азаюы дегенді көрсетеді. ЖТС бойынша қай өңір түсімді көп жоғалтатыны да түсініксіз.

"Бұл ретте ең  төменгі жалақының өсуіне байланысты бизнес үшін салықтық жеңілдік түріндегі өтемақы шаралары қарастырылмайды", – деп атап кетті ҰЭМ.

Елімізде әртүрлі меншік түрінде жұмыс істейтін 65 мың кәсіпорын тіркелген, оның 1759-ы ірі бизнес субъектілері, 2918-і орта және 60 мыңы шағын кәсіпкерлік субъектілері. Шағын кәсіпорындардағы орташа айлық жалақы биылғы жылдың II тоқсанында 136,2 мың теңге болған.

Майра Медеубаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу