Бизнестің кредит алуы азайып, халықтың қарыз алуы көбейді

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
3683

Экономиканың нақты салаларына берілген қарыз кредит портфелінің жартысына жетпейді.

Бизнестің кредит алуы азайып, халықтың қарыз алуы көбейді

2018 жылдың қараша айы соңындағы мәлімет бойынша банктердің экономиканы кредиттей көрсеткіші былтырғы қарашадағы көрсеткішпен салыстырғанда 0,6% азайып, 12,9 трлн теңгені құрады.

Берілген кредиттің басым көпшілігі, яғни 11 трлн теңге ұзақмерзімді қарыздар. Бұл көрсеткіш былтырғыдан 0,9% аз болса, қысқармерзімді қарыз көлемі 1,9 трлн теңге.

Жыл басынан бері ұлттық валютада берілген кредит көлемі 5,7% ұлғайып, 10 трлн теңгені құраса, шетел валютасындағы қарыз көлемі 17,5% азайып, 2,9 трлн теңге болды. Шетел валютасындағы қарыздың азаюы жылдық пайыздық өсімнің көбеюі көрінеді.

Өткен айдың соңымен салыстырғанда жалпы кредиттеу көлемі 0,7% көбейді.

Қараша айы соңында заңды тұлғаларға берілген қарыз көлемі 9,4% азайып, 7,6 трлн теңгені құрап, банктердің кредит портфеліндегі заңды тұлғалардың қарыздарының көлемі бір жылда 64,8%-дан 59,1%-ға азайып кетті.

Ал заңды тұлғалардың рәсімдеген кредиттерінің көрсеткіші 5,3 трлн теңге болды. Жылдық өсім 15,7%-ды құрап, банктердің кредит портфеліндегі жеке тұлғалардың қарызы 35,2%-дан 40,9%-ға өсті. Орташа есеппен жеке тұлғаларға берілген кредит көлемі бір жылда 11,5% ұлғайды. Ал өткен аймен салыстырғанда көрскеткіш 1,7% көбейді.

Салалар бойынша ең ауқымды үлес, яғни 1,9 трлн теңге өнеркәсіпке тиесілі. Бұл жалпы кредит порфтелінің 14,9%-ы. Көтерме және бөлшек саудаға берілген қарыз көлемі бір жылда 19,3% азайып, 1,7 трлн теңге болды. Бұл жалпы кредит көлемінің 13,5%-ы. Үшінші орында құрылыс саласы. Бұл салаға берілген қарыз көлемі 809,1 млрд теңге. Бір жылда 15,1% азайып, жалпы кредит портфелінің  6,3%-ын құрап отыр. Осы үш салаға берілген қарыз көлемі былтырғыдан 11,6% азайып кетіпті.

Сонымен қатар кредит көп берілген үздік бес саланың қатарында жоғарыдағы үшеуден бөлек көлік және қойма (606,3 млрд теңге, кредит портфелінің 4,7%-ы) және ауыл шаруашылығы (496,9 млрд теңге, кредит портфелінің 3,9%-ы).

Айта кетерлігі, берілген кредиттің 56,3%-ы экономиканың нақты секторларына емес, тұтынушылық кредит пен жеке тұлғалардың түрлі қарыздарына берілген.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу