Олар мұндай қадамға 3 жыл бұрын қолға алынған жұмысшылардың еңбек құқығын сақтау бойынша ерікті мағлұмдау ісі жөніндегі жобаға сүйеніп барып отыр. Қазіргі таңда Алматы, Қызылорда, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында пилоттық жоба ретінде жүргізілген жобаны ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі "Атамекен" палатасымен бірлесіп, кәсіподақтар федерациясының қолдауымен жүзеге асырып отыр.
Жобаға қатысушы әрбір адам мейлі ірі немесе шағын кәсіпкерлікпен айналыссын, мемлекет сенімін ақтай отырып, жұмысшылардың құқығын қорғау міндетін орындауы тиіс. Осыған қатысты белгіленген шарттарды толық орындаған кәсіпорынға сенім сертификаты беріліп, 3 жыл бойы еңбек заңнамасын қадағалау бойынша еңбек инспекциясының тексеруінен босатылады.
Сонымен қатар, еңбекті қорғау саласындағы жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді. Сондай-ақ жұмыс берушілердің шығыны мен әкімшілік кедергілерді азайтуға септеседі. Расында, бүгінгі таңда кәсіпкерлердің бизнесін дөңгелетіп әкетуге орынсыз тексерістердің кедергі келтіріп жатқанын жасыра алмаймыз. Үкімет заңсыз тексеріске қаншалықты мораторий жариялағанымен тағы да жолын тауып, көлденең пайдаға кенеліп жатқан жағдайлар жетіп артылады. Осының салдарынан жұмысын жүргізе алмай, жол ортада бизнесін тоқтататындар да жетерлік.
Тағы бір жағынан, кәсіпорын бар тапқанын тексеруші топқа тықпалап бітірген соң оның есесін жұмысшылардан қайтаруға ұмтылады. Сөйтіп, уақтылы жалақы төлемеу, жұмысшаларға төленетін еңбек демалысының ақысын бермеу, медициналық және кәсіптік оңалту, сауықтырып емдеу әдістемесін жетілдірмеу, тағы басқа көмекті көрсете алмау сынды мәселе туындайды. Бұл – кәсіпорын мен жұмысшының түсініспеушілігіне әкеп соғады. Сөйтіп жұмыссыздық күрт артады.
Осы тұста кәсіпорынның пайдасынан гөрі жұмысшының жағдайын бірінші орынға қоятын білікті бизнесмен де табылып жатады. Ол түрлі кедергіні жеңе отырып, кәсіптен нәсіп тауып қалмастан, коғамның тұрақтылығы үшін белгілі деңгейде қозғаушы рөл атқарады. Бүгінгі дағдарыс жан-жақтан анталаған кезде өзіне көп пайда келмесе де көптің қамын ойлап, жұмысшы қысқартпай, жалақы кеспей, бір ауысым істейтін жұмысты үш ауысымға ауыстырып, қоғамның тұрақтылығы үшін үлес сіңіріп жатқан кәсіпорынның қатары көп. Есесіне билік те оларға жеңілдік жасауы керек қой. Қысқасы, сенім сертификаты, міне, осындай кәсіпорындарға беріледі. Ол кәсіпорынға үш жыл бойы жөнсіз тексерістен құтылып, іркіліссіз жұмыс жүргізуге кепілдік беріледі.
2013 жылдан бері сенім сертификатына облыстағы "Қазақтелеком" АҚ облыстық филиалы, "ТЭТАК" АҚ, "Инфраэнерго", "Интеллесервис", "Kagaz Recycling", "Ирада-Балық", "Қаратал Транзит", "Doron Food", "ISKER COMPANI", "Контракт" ЖШС ие болса, биыл "Куан Гипс Қапшағай", "Ақсу ГЭС", "Сеюк", "Фирма Тамерлан", "Электрсервис", "Метакон", "Суфле Қазақстан" ЖШС қол жеткізді.
Облыстық кәсіпкерлік палатасының өкілдерінен бұл жобаға қатысушылардың қатары жыл сайын артып келе жатқанын білдік. Ал облыстық кәсіпкерлік, индустриялық-инновациялық даму басқармасының мамандары бұл жобаның өңірдегі кәсіпкерліктің дамуына зор ықпал еткенін жоғары бағалап отыр. Осы тұста кәсіпкерлерге кең қолдау болатын жобаға жетісулықтардың белсене ынта танытып отырғанына қуанасың да, өзге облыстағы әріптестердің неліктен бейжай қарайтынына таңғаласың?