Кәсіпкерлік белсенділігімен Қазақ елі Англия, Испания, Малайзиядан алда келеді

Райхан Рахметова Райхан Рахметова
2341

Тәуелсіздік алғалы елде кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту стратегиялық бағыттың бірі саналды.

Кәсіпкерлік белсенділігімен Қазақ елі Англия, Испания, Малайзиядан алда келеді

Іскер адамға қатысты бұрынғы ескі көзқарас өзгеріп, кәсіпкердің беделі арта түскендей. Саланы дамытудың сан түрлі тетігі пайда болды. Дегенмен оның қарқынын бәсеңдететін кедергі әлі де жоқ емес көрінеді.

Қазақстандағы кәсіпкерлік белсенділікті дөп сипаттаған кәсіпкерлікті зерттеу ісінде әлемдік деңгейдегі жобалардың ішіндегі ең ірісі – Жаһандық кәсіпкерлік мониторингінің нәтижесі соны анықтап берді. Ол туралы Орталық коммуникациялар қызметінде Назарбаев Университеті Жоғары бизнес мектебі мен Экономикалық зерттеу институты қызметкерлерінің қатысуымен өткен "Қазақстандағы кәсіпкерлік: Жаһандық мониторинг нәтижелері 2015/2016" атты брифингте хабарланды.

Зерттеу нәтижесінен белгілі болғаны Қазақстан Дүниежүзілік банкінің "Doing Business 2017" рейтінгісінде 35-ші орынға көтеріліпт. "Global Entrepreneurship monitor" зерттеуінің ең жағымды осы жаңалығымен қоса осал тұстарымыз да баяндалды. Оларды "Сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ директорының орынбасары Нұрлан Құлбатыров, Назарбаев университеті жанындағы Жоғары бизнес мектебінің атқарушы директоры Әсел Уәлиева, Жоғары бизнес мектебінің зерттеу бойынша деканы Венката Суббан және "Экономикалық зерттеулер орталығы" АҚ директорының орынбасары Динара Ақылбекова ашып айтып берді.

Кәсіпкерлікті зерттеу саласындағы аталған жетекші ғылыми жобаның тарихы 1997 жылдан бастау алып, оған әлемнің 60-тан аса елі қатысады екен. Басты мақсаты – халықтың, соның ішінде экономикалық белсенді халықтың бизнесті бастауға деген көзқарасын зерттеу.

"Кәсіпкерлікке халықтың бейімі және кәсіпкерлікті бастауға деген ниетін бағалаудан шығатын жоба қорытындысы кәсіпкерлікті дамыту мен қолдауға қатысты шешім қабылдайтын азаматтарға үлкен көмек құралы болады деп есептеймін. Бұл жобаға Қазақстан 2014 жылдан қатысады және біз Орта Азияда зерттеуге қатысатын жалғыз елміз", - деді Нұрлан Құлбатыров.

Жаһандық баяндамаға қарағанда, Қазақстан 60 мемлекет ішінде кәсіпкерлік белсенділік деңгейі жағынан 29 орында екен. Аталмыш көрсеткіш біздің мемлекетте 11%-ды құрап, ол айтарлықтай жоғары болып табылады. Мәселен, Ұлыбритания, Испания, Нидерланд және Малайзия мемлекеттерінде кәсіпкерліктің белсенділік деңгейі 7%-дан аспайтын көрінеді.

Баяндама Назарбаев университеті жанындағы Жоғары бизнес мектебі мен ҚР Ұлттық экономика министрлігі жанындағы "Экономикалық зерттеулер институты" АҚ арасындағы ынтымақтастықтың ортақ жемісі екен. 2015 жылы баяндаманы дайындау үшін Қазақстанның барлық өңірінде 2100 адам сауалнамаға қатысып, 36 сарапшы сұхбат беріпті.

Зерттеу елімізде 25 жыл тәуелсіз даму барысында кәсіпкерге қатысты қоғамдық пікір өзгергенін айқындапты. Қазақстанда "іскер адамға" қатысты теріс көзқарас өзгеріпті. Бүгінде қазақ азаматы кәсіпкері сәтті тұлға ретінде қабылдайды екен. Жастар кәсіпкерлікті жақсы мансап ретінде санайды.

Қазақстанда сауалнамаға қатысқандардың 68,9%-ы кәсіпкерлікті жаңа мүмкіндік ретінде қарастырады. Зерттеу барысында ел азаматтарының 52,1%-ы өз ісін ашу үшін қажетті қабілеті бар деп көрсетіпті. Әлеуетті кәсіпкерлер арасында жастар басым болып келеді және 25-34 жас аралығындағы азаматтар ең белсенді кәсіпкерге жататыны анықталыпты. Зерттеу барысында кәсіпкерліктің гендерлік аспектісі де қарастырылыпты. Мысалы, ер адам кәсіпкерлікпен бизнес мүмкіндігін жүзеге асыру үшін айналысса, әйел адам кәсіпкерлікке қажеттіліктен кіріседі екен.

Қазақстан тәуелсіздігінің бастапқы кезеңіндегі кәсіпкердің сауда саласында 46,6%-ы, ауыл шаруашылығында 11,4%-ы, денсаулық сақтау, білім беру, мемлекеттік басқару мен әлеуметтік қызметтер саласында 17,6%-ы шоғырланыпты.

Сарапшылардың пайымдауынша, Қазақстан жаңа істі ашу үшін қажетті рәсімдерді азайтыпты, салықтық ауыртпалықты төмендетіп, шағын және орта кәсіпорындарға қаржылық көмек көрсетіп, қол жететін физикалық, заң және коммерциялық инфрақұрылымды дамытыпты.

Дегенмен, бірқатар мәселе өз шешімін күтіп отыр екен. Зерттеу барысында сұхбат берген сарапшылар мемлекетте кешенді кәсіпкерлік білім беру жүйесін дамытуды, заманауи технологияны университеттерден және зерттеу орталықтарынан кіші және орта бизнеске жеткізуді жеңілдетуді, шағын және орта кәсіпорындарды ірі кәсіпорындардың монополиясынан қорғауды, жемқорлықпен күресті жалғастыруды және шағын және орта бизнесті қаржыландырудың мүмкіндігін кеңейтуді ұсыныпты.

Әсел Уәлиеваның мәлімдеуінше, зерттеу жобасы мәселелерді шешіп бермегенімен, бизнеске қатысты мемлекеттік органдар мен ұйымдардың назарын кәсіпкерлік саласындағы өзекті мәселелерге аудартуға ықпал ете алады. Сонымен қатар елдің кәсіпкерлік белсенділік сипатын шетелдермен салыстыра қарауға мүмкіндік береді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу