"Кассеталық снарядтар артиллериядан 5 есе қуатты"

1833

Американың Украинаға осы қару түрін беру туралы шешімі дау тудырды. Киев одан бейбіт тұрғындардың зардап шегуін барынша азайтуға уәде етіп отыр. 

"Кассеталық снарядтар артиллериядан 5 есе қуатты" Фото: yk.kz

Ақ үй Украинаға арналған 800 миллион долларлық келесі әскери көмегінің пакетіне кассеталық оқ-дәрілер кіргенін растады. Бұл туралы брифинг барысында Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан мәлімдеді.

Фото: yandex.kz

"Біз кассеталық оқ-дәрілер бейбіт тұрғындар үшін де қауіп-қатер туындататынын білеміз. Сондықтан бұл шешімді мүмкін болғанша, барынша кейінге қалдырып келдік. Дегенмен, Украина оларды пайдалану кезінде халық үшін қатерлерді минимизациялайтыны жөнінде жазбаша кепілдік ұсынды", — деді Дж.Салливан.

Бұдан бұрын The New York Times АҚШ әкімшілігіндегі анонимді дереккөздеріне сілтеме жасап, Американың кассеталық оқ-дәрілерді табыстау жоспарын жариялаған болатын. Мұнысы шын болып шықты.

Сарапшылардың түсіндіруінше, кассеталық оқ-дәрілер – "снаряд, зымыран, бомба ішінде жасырылған шағын суббомбалар" саналады. Ол жау әскерінің үстінде жарылып, төбесінен соларды шашады. Жарылған шағын бомбалар қарша борап, қарсыластың жауынгерлерін жаппай жер жастандыра алады. Тіпті жеңіл бронды көліктерін де тесіп өте алады. Тек танк, терең блиндаж сияқты анағұрлым қорғалған жерде тығылғандары аман қалады.

Киевтің ұстанымынша, Батыс қару мен әскери техника жеткізілімін кешіктірген жарты жылға жуық уақыт ішінде Ресей Украинаның басып алған территориясында жаппай бірнеше эшелонды бекіністер түзіп алды. Контршабуылдың алғашы айы оларды батыстық озық танктермен де басып алу қиын екенін паш етті. Енді Украина Қарулы күштері ресейлік қаптаған траншеялар мен оларды толтырған солдаттардың үстінен "кассеталарды" жаудырмақ.

Америкалық кассеталық бір снаряд 200 шаршы метр аумақты қамтып, сондағы дұшпан жауынгерлерін жусатып сала алады. Ал бұл снарядтардың тұтас бір топтамасы 1 шаршы шақырымды қамти алатын көрінеді.

Фото: yandex.kz

Бірақ кассеталық оқ-дәрілердің бір бөлігі жарылмаған күйі жерге түседі. Түрлі-түсті болып келетін шағын бомбашаларды балалар қызық көріп теруі мүмкін. Осындай зұлмат Иракта болған: АҚШ әскері көктен сепкен кассеталық бомбалардың жарылмағандары қарапайым халыққа көп залал әкелген. Қаншама адам, соның ішінде балалар аяқ, қолдарынан айрылды. Құқық қорғау ұйымдары, соның ішінде Хьюман Райтс Уотч сол оқиға Украинада жаппай қайталана ма деп қауіптенеді.

Нәтижесінде, Канада, Испания, Ұлыбритания сияқты бірқатар дамыған елдер мен НАТО мүшелері Американың кассеталық снарядты Украинаға беруіне қарсылықтарын білдірді. Испания қорғаныс министрі Маргарита Роблес, британдық премьер-министр Риши Сунак Құрама Штаттардың бұл шешімін мақұлдамайтындарын мәлімдеді. Бірақ олардың бәрі Американың "егемен ел ретінде қабылдаған шешімін құрметтейді" және өз қарсылықтарында табандамайды.

Атап өтетін жайт, НАТО-ның біраз елі кассеталық снарядтарды қолдануға, өзге елге беруге және жинақтауға тыйым салатын халықаралық конвенцияны ратификациялады. Кассеталық оқ-дәрілер жөніндегі конвенция 2010 жылы күшіне енді. Оған 113 ел қол қойды, оның 84-і ғана — ратификациялады. Алайда бұл халықаралық шартқа АҚШ та, Украина да, Ресей де, көрші Қытай да қосылмаған. Сол себепті олардың оны майдан даласында пайдалануына ешкім кедергі жасай алмайды.

Украинаның да өз дәйектемесі бар. Бастысы сол, Ресей былтырдан бері кассеталық снарядтарды, тіпті бүкіл әлемде тыйым салынған фосфорлық бомбаларды Украина армиясына және бейбіт тұрғындарына қарсы онсыз да қолданып жатыр.

Оның үстіне РФ кассеталық оқ-дәрілеріндегі суббомбалардың 30 пайыздан астамы жарылмай, жерге саулап түседі. Ал сарапшылардың дерегінше, америкалық кассеталық снарядтарда бұл көрсеткіш 2 пайыздан ғана асады.  

Human Rights Watch дерегінше, өткен жылы кең ауқымды басқыншылығын бастағалы, Ресей әскері төл кассеталық оқ-дәрілерін шабуылдар кезінде кең қолданып жатыр. Салдарынан, олар азаматтық бейбіт тұрғындар арасында жүздеген адамның түбіне жетті.

Украина Президенті кеңсесі басшысының кеңесшісі Михаил Подоляк барлық наразы адамдарға Украина Қарулы күштері үшін кассеталық оқ-дәрілердің қаншалықты маңызды екенін түсіндіріп берді. Оның айтуынша, кассеталық снарядтар Украинаның снаряд тапшылығының бір бөлігін өтейді және майдан даласындағы паритетті, қарсыластардың теңдігін ішінара қалпына келтіреді.

Кеңес одағы және оның мұрагері Ресей бүкіл Батыспен соғысқа ондаған жыл дайындалды. Снарядтардан тау түзді, әрбір әскери қоймасында миллиондап қоймалады. Ал ауқаттан "денесін май басып", шымырлығын жоғалтқан, армияны қаржыландыруды еселеп қысқартқан Батыстың дамыған елдерінде оған жауап беруге қажетті көлемде оқ-дәрінің жоқтығы былтыр әшкере болды. Украинаның қару-жарақ қоймаларын Ресей диверсанттары 2014 жылдан бері жарды. Қалғанының басым көпшілігін былтыр тұтқиылдан шабуылдағанда жойды. Ендеше Украинаның кассеталық снарядтар көмегіне жүгінуден басқа амалы қалмағанға ұқсайды.

Мамандардың дерегінше, Америкада миллиондаған бірлік кассеталық снарядтар қоймаларда босқа жатыр: Вашингтон оларды пайдалануға мораторий енгізді және утилизациялауға дайындап жатқан.  

Фото: trmzk.ru

"Кассеталық оқ-дәрілер Украина үшін төтенше маңызды. Ол біздің снарядтық аштығымызды біршама өтейді. Майдан даласындағы паритетті ішінара қалпына келтіреді. Ресей Украина жерінде бір жылдан астам уақыттан бері оқ-дәрінің дәл осы түрін онсыз да қолданып жатыр. Осыны ескерсек, оны жауға қарсы Украинаның да қолдануы, кем дегенде, әділетті", – деді М.Подоляк Twitter парақшасындағы жазбасында.

Өз кезегінде Украина Қорғаныс министрі Алексей Резников өз елінің кассеталық оқ-дәрілерді пайдалануда 5 қағидатты ұстануға міндеттеме алатынын мәлім етті. Мысалы, Украина армиясы оны украиналық қалалар аумағында және Ресей территориясында қолданбайды.

Фото: yandex.kz

"Кассеталық оқ-дәрілерге қатысты бізде 5 басты қағидат бар, біз соларды ұстанамыз. Біз АҚШ бастаған серіктестеріміздің бәріне осыны уәде еттік. Мен америкалық серіктестерімізге осы бес қағидат туралы бұдан біраз бұрын жазбаша ақпарат бергенмін", – деді А.Резников.

Егжей-тегжейіне тоқталсақ, бірінші қағидатқа сәйкес, Украина бұл оқ-дәрілерді тек өзінің халықаралық мойындалған аумағын деоккупациялау үшін пайдаланады. "РДК", "Свобода России" легионы сияқты РФ аумағына рейд жасайтын әскери құрылымдарға бермейді.

Сондай-ақ ЗСУ кассеталық бомбаларды украиналық қалаларда да қолданбауы шарт. Оларды тек қарсыластың қорғаныс желісін бұзып өту үшін және ресейлік әскерлер шоғырланған жерлерде ғана іске жаратуы керек.

Бұдан өзге, Украина осы қаруды қолданудың әрбір дерегіне және олар шашылған аймақтарға қатысты қатаң есеп жүргізуге тиіс болады. Бұл кейін ол аумақты басымдықты түрде минасыздандыру үшін маңызды. Сол жазбалар негізінде азат етілген аумақтар тазартылуға тиіс.

Украина өз серіктестерін аталған оқ-дәрілердің тиімділігі туралы хабардар етіп тұрады.

Эспрессо эфирінде сұхбат берген украиналық әскери Евгений Иевлев осы қару арқылы енді дұшпанның есін шығарып, деморализациялай алатындарын жеткізді. Оның айтуынша, кассеталық снарядтарды 25 шақырым қашықтықтан атқылауға болады.

"Кассеталық оқ-дәрілер кез келген бағытта таптырмас қару болады. Бұл дұшпанды естен тандырып, зәре-құтын қалдырмайтын қаһарлы қару. Мысалы, бүгінде шабуыл аясында М777 гаубицасы қолданылады. Олардың барлаушылары бұл артиллерияның ұңғысын көтеріп, дәлдеп жатқанын беспилотниктер арқылы көріп отырады. Тіпті қандай аумаққа мина ұшып келетінін де ұғынады. Ал кассеталық оқ-дәрілер басқаша. Оларды біз 25 шақырым қашықтан, жау байқай алмайтын позициямыздан жолдай аламыз. Бұл қатты деморализациялайтын фактор. Осындай бір ғана снаряд өзіндік қозғалатын артиллериялық қондырғының (САУ) бір атысынан 5 есе қуатты зақым келтіреді. Біз ресейліктердің тылының түте-түтесін шығаруға мүмкіндік аламыз", – деді сардар Евгений Иевлев.

АҚШ Қорғаныс министрінің орынбасары Колин Каль украиналық контршабуылдың қарқын ала алмай, баяулап қалғанын көргендіктен, Пентагонның кассеталық оқ-дәрілерді беруден басқа амалы қалмағанын мәлімдеді. Бұған қоса, шабуыл үшін әлдеқайда көп снаряд қажет болатыны анықталыпты. Себебі, "жарты жыл бойы ресейліктер Украинаның жазық даласында окоптар қазып, нық бекініп алды". Сондықтан берік нығайтылған бекіністерді еңсеру үшін әлдеқайда көп оқ-дәрі керек болады.

Жалпы, Құрама Штаттар кассеталық снарядтардың жеткізілетін мерзімін нақты атамады. К.Каль да мерзімін жасырды: "Бұл оқ-дәрілер Украинаға контршабуыл үшін қажетті мерзімде жеткізіледі" деп қысқа қайырды. Пентагон өкілінің айтуынша, осы қаруын беру арқылы АҚШ украиналықтардың қолдаудан қағажу көрмейтіні туралы Ресейге "маңызды сигнал" беріп отыр. Осылайша, Кальдың байламынша, "Батыстың Украинадан шаршағанын күткен және бізді зорықтырып, қажытып жеңуді ойлаған Владимир Путин дегеніне жете алмайды".

Осының алдында АҚШ Президенті Джо Байден CNN арнасына сұхбатында кассеталық оқ-дәрілерді Украинаға жолдау шешімі қиынға түскенін, бірақ "снарядтары таусыла бастаған украиндықтарға контршабуылдау үшін" оның өте маңызды екенін түсінгендіктен сондай ауыр шешім қабылдағанын хабарлады.

Байден мұны уақытша шара деп атады: жеткізілім тұрақты негізде болмайды, ол мерзім 155 миллиметрлік снарядтардың Америкадағы өндірісі артып, тиісінше, жеткізілімі де ұлғайғанға шейін, өтпелі кезеңмен шектеледі.

Президент Владимир Зеленский жаңа қорғаныс көмегін ұсынғаны үшін АҚШ-қа алғысын білдірді.

Кассеталық снарядтар HIMARS сияқты соғыс барысын өзгертетін қару бола ма, жоқ па, оны майдан даласы көрсетпек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу