Қазақ елі өз кәсіпкерлерімен мақтанады

2670

Елбасы: "Ұлттық рухы берік, бәсекеге қабілетті, халықаралық беделі зор қуатты мемлекет құра білдік".

Қазақ елі өз кәсіпкерлерімен мақтанады Фото: akorda.kz

Бүгінгі дәстүрлі телекөпір кезінде ел өңірлерінен Индустрияландыру картасы жобаларының тұсауы кесілді. Нұрсұлтан Назарбаев "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында бірқатар индустриялық және инфрақұрылымдық жобалар өндірісін іске қосты.

Шараға мемлекеттік мекемелер, ұлттық компаниялар басшылары, облыс әкімдері, депутаттар, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының басшылары, "Алтын сапа" және "Парыз" байқауларының лауреаттары қатысты.

Қарағанды облысы Теміртау қаласынан "АрселорМиттал Теміртау" АҚ металлургтері байланысқа шықты. Алматы-Шу екінші теміржол телімі мен Құрық порты құрылысы аяқталғаны мәлімделді. Елбасы жаңа шойынжол желісімен отандық "Тұлпар-Тальго" құрамының жіберілуіне рұқсат беріп, Тәуелсіздіктің 25 жылындағы үш жобаның да ел экономикасы үшін маңыздылығын айтты.

Атыраудағы ірі мұнай өңдеу зауыты, Ақмола облысынан "Август-нан" кәсіпорны мен Жамбыл облысынан "Қазфосфат" ЖШС басшылығы байланыс орнатты. Алматы қаласынан жеңіл өнеркәсіп саласындағы аяқ киім өндірісі цехы іске қосылды. Агроөнеркәсіп кешенінен тікелей байланысқа бекіре балығы шаруашылығы, нан-тоқаш өндірісі секілді нысандар шықты. Машина жасау саласының отандық авто, теміржол көліктері тәрізді сан алуан мазмұнға ие болғаны қуантты.

Елбасы ұлттық рухы берік, саяси жүйесі тұрақты, экономикалық әлеуеті мықты, бәсекеге қабілетті, халықаралық беделі зор қуатты мемлекет құра білгенімізді тілге тиек етті. Қазақстан бүгінде ынтымақ ұясына, достық пен келісім панасын саялағысы келетін жандар үшін жерұйық мекеніне айналып отыр.

"Бұл жобалар Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойында көңілімізді көтере түсті. Біз бүгін өнім сапасы жөнінен ең үздік кәсіпкерлерді марапаттамақпыз. Жүзден жүйрік озатыны анық. Тарихта алғаш рет өңдеуші өнеркәсіп тау-кен саласынан өсім жағынан жоғары көрінеді. Шетелдік инвестицияның жалпы көлемінде өңдеуші кәсіпорындар үлесі 2 есе өсті. Бүгінде жасалған игілікті істерді келер ұрпақ әлі алғыспен еске алады", – деп сөзін жалғастырған Президент қазақстандықтар өзімізде жасалған электромобильдерді қолданса, экологиялық ахуал жақсара түсер еді дегенді келтірді.

Елбасы әлемдік бизнестің Қазақстанға сенімі нығайғанын айтып өтті.

"Бүкіләлемдік банк рейтингінің бизнесті жүргізудің жеңілдігі тұрғысында 190 елдің арасында 35-орынға көтерілдік", – деген Нұрсұлтан Назарбаев экспорт мәселесінің еш уақытта өзектілігін жоймайтынын тағы бір мәрте еске салып, дағдарысқа қарамастан, даму жолынан айнымаған барша бизнес-қауымдастыққа алғысын білдірді.

Президент жас кәсіпкерлерді талмай еңбек етіп, биік белестерді бағындыруға ынталандырып, асқақ идеялар арқылы елдің тыныс-тіршілігін гүлдендіруге шақырды.

Салтанат қорытындысында Нұрсұлтан Назарбаев "Алтын сапа" арнаулы үш сыйлығы мен "Парыз" байқауының бас жүлдесін тапсырды.

"Үздік индустриялық жоба" номинациясында мұнай-газ кешені құрал-жабдығын және қосалқы бөлшектерін шығару мен оларға қызмет көрсетуде бай тәжірибесі бар, қазіргі заманғы технологияларды игерген "АтырауМұнайМаш" ЖШС құрылтайшысы Сағат Түгелбаев Елбасы қолынан құнды сыйлық алды.

"Үздік инновациялық жоба" номинациясында Оңтүстік Қазақстан облысындағы "ХИМФАРМ" АҚ топ жарып, құнды жүлдені кәсіпорын директоры Рустам Байғарин алды. "Химфарм" АҚ өндірістік қуаты жылына 1,5 млрд таблетка, капсула және гранула шығаруға мүмкіндік береді. Компания өнімі Қырғызстан, Тәжікстан, Моңғолия, Түркіменстан және Ресей нарықтарына жіберіледі.

"Сапа көшбасшысы" номинациясында үздік көрінген "Қазақстан электролиз зауыты" АҚ тартуы ERG менеджерлер кеңесінің төрағасы Александр Машкевичке тапсырылды. Осы орайда бастапқы алюминий өндiретін электролиз зауытын 2007 жылы Елбасының өзі іске қосқанын айта кеткен жөн. Бүгінде кәсіпорында 2,5 мыңнан астам адам еңбек етеді. Зауыттың жобалық қуаты жылына 250 мың тоннаға жетіп отыр.

Президенттің "Алтын сапа" сыйлығын табыстау сәті – жылдың басты оқиғаларының бірі. Сыйлықты жыл сайын Нұрсұлтан Назарбаевтың өз қолымен тапсыруы, оның елдік маңызын айшықтай түседі.

Биыл Елбасының "Алтын сапа" сыйлығына 100-ден астам кәсіпорын үміткер атанды. "Алтын сапа" сыйлығы дәстүрлі түрде үш номинациясындағы үш санат бойынша берілді: "Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын"; "Халық тұтынатын тауарлар өндіретін үздік кәсіпорын"; "Қызмет көрсету саласындағы үздік кәсіпорын".

2016 жылы жүлдені ұйымдастырушы "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы "Сапа көшбасшысы" номинациясында және алғаш рет "Азық-түлік немесе ауыл шаруашылығы тауарларын өндіретін үздік кәсіпорын" номинациясында отандық компанияға таңдау жасады. Индустрияландыру картасын жүзеге асыру аясында "Үздік индустриялық жоба" және "Үздік инновациялық жоба" номинациясында кәсіпорындар марапатталғанын жоғарыда келтірдік.

"Алтын сапа" байқауында көзделген мақсат – отандық өнімдер сапасын арттыруда кәсіпорындар мен ұйымдар қызметінің белсенділігін арттыру, Қазақстан нарығын жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өніммен қамтамасыз ету және де халық арасында сапа ұғымын насихаттау.

Қазақстан Республикасы Президентінің "Алтын сапа" сыйлығын алуға арналған байқау, қазіргі заманғы менеджменттің даму үрдістерін ескере отырып өткізіледі және сапа жөніндегі Еуропалық сыйлық үлгісімен үйлесім тапқан. Бұдан тыс, талаптар өнімдер мен қызметтер сапасы саласындағы жетістіктер үшін берілетін ТМД сыйлығына сәйкес келеді.

Қазақстандық "Алтын сапа" сыйлығының үлгісіне жалпыға ортақ сапа менеджменті ұстанымы арқау болған. Мұнда басшылықтың көшбасшылық рөлі мен мақсатқа жетудегі табандылығын; сапа саласындағы саясаты мен ұйымдастыру стратегиясын; тұтынушының өнімдер мен қызметтер сапасына қанағаттану деңгейін; кәсіпорын персоналының үздіксіз танымдық қызмет пен инновациялар арқылы ортақ арнаға жұмылуын; серіктестік пен қоғаммен байланысты дамытуды сипаттайтын көрсеткіштерге басымдық берілген.

"Парыз" бас жүлдесі "Ақсайгазсервис" АҚ президенті Тілек Шектебаевке берілді. Компания жыл сайын әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға 25 млн теңгеге дейін қаржы бөліп, білім беру, мәдениет мекемелеріне тұрақты қолдау көрсетіп, мұқтаж жандарға қол ұшын созып келеді.

Биыл бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі "Парыз" байқауына қатысуға республикадағы 501 кәсіпорынның басшысы ниет білдірген. Байқаудың өңірлік кезеңі қорытындысында ең көбі Алматы қаласы ұйымдары мен кәсіпорындарынан 68 өтінім түсіп, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарынан 53 үміткерден тіркелген. Жалпы, байқауда бақ сынаушылардың арасынан ең көп өтінім (263 кәсіпорын) "Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын" номинациясында беріліп, онда өзіндік ұжымын қолдауға, мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік бейімдеуге және тұтастай қоғамның жағдайын жақсартуға арналған әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асырушы үміткерлердің қызметі бағаланған.

Сондай-ақ, "Ұлы дала елі", "Қазақстанның үздік тауары", "Іскер" сыйлықтары өз иелерін тапты. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу