"Қазақ тілі тек қазақша сөйлейтіндердің ғана мәселесі емес"

3360

Кешелі бері әлеуметтік желілерде Chocofamily басшысы Рамиль Мухоряповтың қазақ тілі туралы айтқан пікірі қызу талқыланып жатыр. Оның айтуынша, "қазақша жауап беру – мәдениетсіздік". 

"Қазақ тілі тек қазақша сөйлейтіндердің ғана мәселесі емес"

"Кешірім сұраған" кәсіпкердің бейнежазбасы бұл жағдайды реттей ала ма? Бұл жайт елдегі қандай мәселелердің шетін шығарды? inbusiness.kz тілшісі анықтап көрді.

"Кешірім сұрау" нормаға айналып бара жатқан жоқ па?

Қоғамда дау туғызған жағдайға байланысты журналист, тіл жанашыры Алма Сайлауқызының пікірін білдік.

Кәсіпкердің кешірім сұраған бейнежазбасы жарияланды. Оғаш сөз немесе әрекет үшін "кешірім сұрау" нормаға айналып бара жатқан жоқ па?

Осындай кешірім сұрау арқылы заң алдында жауапкершіліктен құтылу әдетке айналып бара жатыр. Оның ең сорақысы сол, кейде бұл тәсіл алалап жүргізілетіндей көрінеді. Мәселен, қазақ азаматтары өзінің мәртебесін, өзінің тілін қолдану құқығын қорғап, қандай да бір әрекетке барса, оған мемлекет темірден жасалған ала таяғын алып шығатын сияқты. Ал өзге ұлт өкілдері аузына келгенін айтып, жылдар бойғы берік ұстанымынан хабар беріп, осы елге деген сепаратистік көзқарасын, құрметсіздігін көрсетсе, оған мақтадан жасалған ала таяғын алып шығатындай. Сондай дискриминациялық тұрғыдағы жазалау мен жауапқа шақыру әрекеттері елдегі мемлекет құраушы халықтың ашу-ызасын туғызуы заңды шығар.

Қазақ тіліне қатысты Мухоряповтың "позициясын ұстанатындар" қандай сабақ алуы мүмкін?

Аса бір қатты сабақ алады деп ойламаймын. Тек біраз уақыт үркіп, мемлекеттік тілді қолданып жатқан секілді кішкене имитация жасауы мүмкін. Бірақ негізінде біз бұл мүмкіндіктен 2000 жылдардың басында мүлт кеттік. 90-жылдардың басында, яғни тәуелсіздікті енді алған кезде, еліміздің жаңа ұлттық-демократиялық жолмен дербес Қазақ республикасы болып дамығанына келіскісі келмеген, бұл жермен өзінің болашағын байланыстырмағандар елден кетті. Ал қалғандарының бәрі қазақ тілін оқуға, үйренуге, мемлекеттік тілді сыйлай отырып, өз тілін дамытуға ниетті еді. Сол кездер есімде. Қарапайым ғана "Астана-Энергосервис" деген елордадағы мекемеде қазақ тілі мамандарын алып, өзінің қызметкерлерін қазақшаға үйрететін, тіпті арнайы қазақ тілі кабинеті болатын. Бұған менің басқа да замандастарым өзінің мысалдарын келтіре алады.

Жер-жерде қазақ тілін үйренуге деген, оның мемлекеттік тіл ретіндегі талабы күшейетініне деген сенім мен жауапкершілік салтанат құрып тұратын. Бірақ 2000 жылдардың ортасынан бастап қазақтың өзінің тарихи атауларын қайтару туралы уәде орындалмағаннан кейін, титулды ұлттың мемлекеттік тілінің мәртебесінің бірте-бірте көтерілетіні туралы жоғары мінберде айтылған сөз сол сөз күйінде қала бергеннен соң, кейбір азаматтарымыздың ойында әртүрлі ала-құлалық сезім пайда болды. Мемлекеттік тілді білмесе де, маңдайы шылқып, жақсы өмір сүруге болатынын, бұл елдің нанын адал, ал тілі мен мәдениетін харам етуге болатынын, ол үшін ешқандай жауапкершілік күтілмейтінін сезінген соң, кей тар ойлылар тайраңдай бастады. Бұл идеологияның әлсіреп, мүлт кеткен және түзу бағытта келе жатқан ұлттық ұстанымның, дамып жатқан елдің бағытының қисаюы деп білемін. Тура сол кездерде басқа да түрлі саяси, діни  оқиғалар орын алды. Оған қарайтын шама болмады. Бірақ бұл іштен шыққан шұбар жылан секілді дамып, соның кесірінен сыртқа іріңі шығып жатқан үлкен індет деп санаймын. Негізі ел тәуелсіздігі үшін өте қауіпті фактор. Енді осы сәтте бұл дүниенің сыртын жауып қоя бермей, бұл дертті емдемесе, тиісті мемлекеттік дәрежеде қадамдар жасамаса, мемлекеттік тілді шын мәнінде бірліктің нышаны мен кепілдігіне айналдырмаса, соңы жақсылыққа апармайтын секілді.

Бұл жайт елдегі қандай мәселелерді көтерді?

Бұл жайт елдегі көптеген-әлеуметтік, экономикалық, рухани, идеологиялық мәселелердің ушығып тұрғандығын көрсетіп тұр. Мемлекет құраушы, ата-бабасынан мұра боп қалған жерге заңды түрде иелік етуші ұлттың құқығы – өз тәуелсіз елінде өз тілінде сөйлеу хақы, өзінің жер игілігін пайдалану құқығы, өз жерінде еркін өмір сүріп, қызметтерді ана тілінде еркін пайдалану құқығы үнемі шеттетіліп немесе арасында алалаушылыққа тап болып жатқан уақытта, ол, әрине, халықтың ашу-ызасын туғызады. Халқымыздың саны 20 миллионға енді жетіп жатыр. Бірақ біздің байлағымыз негізі 100 миллионды да өте жақсы жағдайда ұстап тұруға жететін еді. Халықтың әлеуметтік тұрмысының әлі де көтерілмеуі, көп адамның баспанасының болмауы, онымен қоса өз тілінде өзінің руханияты мен мәдениетін өз жерінде пайдалану құқығының шеттеткісі келген қара ниеттілердің жолының кесілмеуі немесе керісінше, олардың тайраңдатылуы саналы қазақты булықтырары сөзсіз. Біздің ұлт жері үшін, тілі үшін: "Малым – жанымның, жаным – арымның садағасы" деп барлығына барғанын тарихтан білеміз. Сондықтан осындай проблемаларды концептуалды түрде шын ниетпен шешетін кез әлдеқашан келді.

Chocofamily компаниясының өнімдері, сервисі түгел дерлік орыс тілінде. Олардың жыл соңына дейін қазақ тілін барлық сервиске енгізуді "жоспарлап отыр" деген жаңалық шықты. Компания отандық нарықта 2011 жылдан бері жұмыс істейтінін ескерсек, бұл нені аңғартады?

Chocofamily компаниясының 2011 жылдан бері қазақ тілін менсінбеуі оның бұдан кейін де қазақ тілін менсіне қоюы екіталай екендігін білдіретін сияқты. Олардың ұстанымына мемлекеттік тілді құрметтеу, сыйлау, ол тілде қызмет ету кірмейтіні барлық қосымшаларында айдан анық көрініп тұр. "Бізге бәрібір" деген ұстанымын білдіреді. Кешеден бері популистік көзқараспен "Осылай істейін деп жатырмыз!" деп атойлап, ұйқысынан оянған аю секілді алақ-жұлақ етіп, түрлі уәделерін үйіп-төгіп жатыр. Бірақ осы уақытқа дейінгі нәтижесінің, еңбегінің барысын көріп отырған халық ондай нәрсеге енді алданбайды деп ойлаймын. Компанияның бұл әрекеті өте аянышты көрініс тауып жатыр. Халықтың басым көпшілігі сенбейді. Бұл қызмет түрлерінен бас тарту арқылы өзінің бойкотын білдіре береді деп ойлаймын.

Осы жағдайдан кейін қоғамда қандай өзгерістер болады деп ойлайсыз?

Бұл қандай да бір үлкен өзгерістер болатынын немесе болмайтынын болжай алмаймын. Әлеуметтанушы, экономист, саясаттанушы емеспін. Дегенмен де өзімнің азаматтық көзқарасым тұрғысынан келетін болсам, тарихи үлкен оқиғаларға осындай кішігірім дүниелер түрткі болғанын білемін. Мысалы, кешегі Ирандағы жаппай қыз-келіншектердің өзінің құқығының қорғауына жас қыздың қыршын кетуі себеп болды. Сондай бір факторлар негізгі триггер ретінде әсер етеді. Бәлкім, солай біраз өзгеріп қалармыз.

Бірақ... қоғамдық сананың түбегейлі оянуы, кейбір өз арамыздағы бірнеше буын орысша сөйлеп кеткен рухсыз жандардың санасына жете қоюы неғайбыл деп ойлаймын. Бұған дейінгі, мәселен, 90-жылдардағы орысша сөйлейтін жастардың ең болмаса ата-анасы қазақша білетін. Ал қазіргі 2022 жылғы кейбір кішкентай сәбилердің әке-шешесі мүлдем қазақша білмейді. Өйткені оны қалыпты жағдай етіп қабылдауға мемлекет жол беріп қойды, мемлекеттік жауапты органдар тиісті дәрежеде қазақ тіліне қажеттілік туғызбады, талап қоймады. Екі буын қазақша сөйлемегендіктен, оларға қазақтың тілі де, мәдениеті де жат болып үлгерді. Сондықтан олар әбден үйреніп, қандарына сіңіп кеткен "өз тілдерінде" сөйлеу үшін барын салады және сол ыңғайлы зонаны қалыптастыру үшін Ресейдің кейбір шовинист өкілдерінен де қатты тырмысатын шығар... Көзбен көріп жүрміз. Бұл ішкі қайшылықтардың туып, таза қазақы ойлайтындар мен мүлдем қазақылықты қабылдамайтын екі армияның ішкі соқтығысына алып келмес пе екен деп қатты алаңдаймын. Осының бәріне қарап бірліктің ыдырамауына сеп болуы тиіс мемлекеттік идеологияның тізгінінде отырған жауапты азаматтар енді тезірек ойланбаса, бәрі де кеш болуы мүмкін деп қорқамын.  

                                                   "Тіл – ұлттық бірегейліктің өте маңызды символы"

PaperLab зерттеу орталығының жетекшісі, әлеуметтанушы Серік Бейсембаевтың айтуынша, қазақ тілін талап ету кешегі кейстен ғана туындаған жоқ.

"

Бұл соңғы 20-30 жыл ішінде тұрақты түрде қоғам тарапынан билікке, бизнеске қатысты айтылып жүрген бір талабы болатын. Бірақ ол талап әлі де жеткілікті деңгейде қанағаттандырылған жоқ. Ең қарапайым мысал – мемлекетте барлық заңдар орыс тілінде жазылады, шенеуніктердің басым көпшілігі қоғаммен орыс тілінде байланысады. Көпшілік орындардағы жазулардың қазақ тіліне аударылды деген аты ғана бар", – деді ол.

Әлеуметтанушы еліміздегі демографиялық өзгерістерге байланысты қазақ тілді аудиторияның жылдан-жылға артып отырғанын айтады.

"Тіл – ұлттық бірегейліктің өте маңызды символы. Сол себепті тілді талап ету, қазақ тілінің қолжетімді болуы бүгінгі ең алғашқы саяси сұранымдардың бірі деуге болады. Кешегі оқиға жай ғана триггер болды. Бұл жайт "жығылғанның үстіне жұдырық" болды. Мемлекет басшысының бұған дейін айтқан орыс тіліне қатысты бастамасы бар. Ол да қоғам тарапынан негативті қабылданған болатын. "Қазақ тілі – бірліктің тілі" деп ярлыктар тағу қоғамды белгілі бір деңгейге дейін ашуландырған болатын.

Қоғам тарапынан тілге қатысты наразылық деңгейінің қандай екенін бағалауға біздің саяси жүйеде мүмкіндік жоқ. Оған бірқатар факторлар әсер етіп отыр. Алдағы уақытта тіл мәселесінің өзектілігі одан бетер арта түспек. Әртүрлі белсенділер, қарапайым азаматтар бар. Тілді талап ету күшейе түседі. Егер мемлекет тарапынан, билік тарапынан қандай да бір шешімдер, тілге қатысты мүмкіндіктер пайда болмаса, онда тілге қатысты жанжалдың саны да артатын болады", – деп атап өтті Серік Бейсембаев.

Спикер бүгінде қазақ тіліне деген көзқарастың өзгергенін айтады.

"Қазақ тілі мәселесі тек қазақ тілінде сөйлейтіндердің ғана мәселесі емес. Ол мемлекеттің мәселесі. Бізде бұған дейін қалыптасқан түсініктің бірі – қазақ тілі қазақша сөйлейтіндерге ғана керек деген мәселе. Бірақ енді Украинадағы соғыстан кейін байқасаңыздар, орысша сөйлейтіндердің көбі қазақша үйрене бастады, қазақша сөздерді пайдалана бастады. Неге? Себебі қазақ тілі тек коммуникация құралы ғана емес, өзіңді анықтаудың маңызды бір символы. Сен қазақша сөйлесең, осы елдің азаматы екеніңді білдіресің. Яғни Ресейден келген иммигрант емессің, Қазақстан азаматысың. Сол үшін қазақ тіліне деген көзқарас қазіргі күні өзгеріп отыр. Яғни сұраныс артып отыр. Ішкі факторлар (тарихи, мәдени) мен екінші жағынан Ресейдің Украинаға басып кіруі, Ресейдің пропагандасы осы процесті одан бетер күшейте түсті", – деді ол.

Серік Бейсембаевтың ойынша, тіл мәселесінің шешілуі саяси жүйеге тығыз байланысты. Бұдан бөлек ол қоғамда туындайтын жанжалдарды "қалыпты нәрсе" дейді.

"Кез келген қоғамда қарама-қайшы көзқарас болады. Осындай жағдайлар туындап отырады, адамдар дауласады. Бірақ бұл даулардың саяси кризиске ұласпауының бір жолы – демократия. Ашық саяси бәсекелестік болған кезде, адамдар өзінің мүддесі қорғалатын кезде, олардың мүддесін қорғайтын әкімдер, депутаттар бар кезде, мұндай кикілжіңдердің шешілуі әлдеқайда оңайырақ. Қоғам "біздің мәселемізді кім, қашан көтереді деп" дүрлікпес еді. Менің ойымша, айналып келгенде бұл мәселенің шешілуі біздегі қалыптасқан саяси жүйеге келіп тіреледі", – деп қорытындылады әлеуметтанушы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу