Қазақстан әлемдік газ бағасына тәуелділікті айналып өте алмайды

3905

Былтыр өңірлерді газдандыру жұмысын жеделдету мақсатында жергілікті атқарушы билікке республикалық бюджеттен 51,3 млрд теңге бөлінді. Үкімет бұл қадамға ел тұрғындарының 55%-ын көгілдір отынмен қамту жоспарын жүзеге асыру үшін барды, деп хабарлайды inbusiness.kz. 

Қазақстан әлемдік газ бағасына тәуелділікті айналып өте алмайды

Өздеріңіз білетіндей, еліміздің батысы мен оңтүстігін газбен қамту ісінде мін жоқ, ал солтүстігі мен шығысында жағдай жақсы емес. Осыған байланысты үкімет басшысы Асқар Мамин Энергетика министрлігіне отын-энергетика кешенін дамытудың 2030 жылға дейінгі жаңартылған тұжырымдамасын қабылдауды тапсырды. Бұған қоса премьер-министр 2022 жылғы 1 сәуірге дейін еліміздің солтүстігі мен шығысын газдандыру бойынша кешенді жоспар әзірлеу міндетін қойды. 

"Энергетика министрлігі Ұлттық экономика министрлігімен, "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорымен және жеке энергия өндіруші ұйымдармен бірлесіп, электр станцияларын жаңғырту мен жаңасын салуды қаржыландыру механизмін әзірлесін!" – деді Асқар Мамин.

2050 жылға қарай газ әлем бойынша негізгі қуат көзіне айналады. Бұған "жасыл экономика" саясаты түрткі болады. Қазірдің өзінде алпауыт мұнай-газ компаниялары газ өндірісіне мықтап кірісіп жатыр. Жасыратыны жоқ, біз газға мұқтаж ел емеспіз. Десек те, солтүстік және шығыс өңірлерді экологиялық таза отынмен қамту өзекті мәселе.  

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, елде газ кен орындарын барлау, игеру ісі тұралап тұр. Үкімет пен "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры газдың ресурстық базасын анықтай алмай отыр. Газ өндіру саласына инвестиция тарту да көңіл көншітпейді. 

"ҚазТрансГаз" компаниясы кен орындарын монополияға айналдырмай, тәуелсіз инвесторлардың барлау жүргізуіне жағдай жасауға тиіс. Ал газ ішкі нарықта қолжетімді бағамен сатылуы керек", – деді Президент газ саласын дамыту жөнінде кеңесте сөйлеген сөзінде. 

Мемлекет басшысының мәлімдеуінше, энергетикалық теңгерімнің кемінде төрттен бір бөлігі газға тиесілі болуы керек. Бұл үшін көмір тұтыну көлемін қысқарту қажет. 

"2030 жылға қарай газ өндіру көлемін қазіргі 21 млрд киловат сағаттан 33 млрд киловат сағатқа дейін арттыруды тапсырамын. Қазақстан көміртегінен таза ел болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жұрттың барлығы "Сарыарқа" магистралды газ құбыры кезең-кезеңімен пайдалануға беріліп, станциялар мен газ тарату желілерінің құрылысы жүріп жатқанын біледі. Газға өнеркәсіп нысандары мен жеке тұрғын үйлер қосылып жатқанынан да хабардар. Көпшілік көгілдір отынның көмірден жақсы екенін бір кісідей ұғынып үлгерген. Алайда мұның барлығын газдандыру ісіндегі кемшілік шайып кетеді. Мысалы "Газ және газбен жабдықтау туралы" заңға сәйкес, газ тарату жүйесіне қосылған тұтынушылар барлық шығынды өз есебінен өтейді. Жеңілдік зейнеткерлерге, мүгедектерге, көпбалалы аналар мен халықтың басқа да әлеуметтік қорғалмаған топтарына ғана беріледі. Қалған азаматтар "өз қотырын өзі қасиды". Бұл аз десеңіз, газ қауіпсіздігіне тұтынушының өзі ғана жауап береді. Айта кетейік, өткен жылдың соңғы 4 айында газға қатысты 10 жазатайым оқиға тіркеліп, 12 адам қайтыс болды. 

Газ тарату жүйесіне құбыр қосу оңай. Қиыны құбырдың ішін толтыру. Яғни тұтынушыны көгілдір отынмен үздіксіз қамтамасыз ету. Елімізде табиғи газдың барланған қоры шамамен 3,9 трлн текше метрді құрайды. Бұған Каспий қайраңында ашылған жаңа кен орындарын қоссақ, газ қоры шамамен 6-8 трлн текше метрге жетеді. Бірақ газды алдымен алу, одан кейін өңдеу, сонан соң халыққа жеткізу керек. Бізде осы тұста мәселе туындайды.

Жаңаөзен мен Ақтауда салынып жатқан газ зауыттарының құрылысы 2023 жылы аяқталады. Оған дейін халыққа газ тұтыну қажет. Мәселені шешу үшін "Қазтрансгаз" компаниясы "Газпромдағы" әріптестерімен көгілдір отынға мұқтаж елдімекендерге магистральды газ құбырын тарту мүмкіндігін қарастырып жатыр. Дәл осы жерде ерекше назар аударатын мәселе бар. Газ тасымалдау ісіне Ресей кірісетін болса, көгілдір отынның бағасы қымбаттайды. Ал қымбат баға тұтынушының қалтасын қағады. 

Ел азаматтары бізде газ тарифі адам айтқысыз жылдамдықпен өсетініне былтыр жазда көз жеткізді. Тауарлық газдың көтерме бағасы қымбаттағаны сол еді, оның түпкілікті құны да шарықтап шыға келді.

Табиғи монополияларды реттеу комитетінің дерегінше, көтерме баға орта есеппен 10%-ға артқанда, тарифтің орташа өсу көрсеткіші 6%-ды құрады. Сол кезде газ тарифі сараланып, ең қымбат газ Нұр-Сұлтан қаласында екені анықталды. Газдың 1 мың текше метрі – 34 187,63 теңге болды. Алматыда 1 мың текше метр газ – 28 326,66 теңгеден сатылды. Жамбыл облысының тұтынушылары 1 мың текше метр газға 24 592,6 теңге санап беріп отырды. БҚО тұрғындары 1 мың текше метрге көгілдір отынға 17 218,8 теңге төледі. Қостанай облысының тұтынушылары газдың 1 мың текше метрін – 22 317,99, ШҚО тұтынушылары 10 020 теңгеден, ал қызылордалықтар 1 мың текше метр газды – 17 558,83, түркістандықтар 28 181,31 теңгеден тұтынды. Арзан газдың қызығын Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау облысының тұрғындары көрді. Олар газдың 1 мың текше метрін 7-9 мың теңге аралығындағы бағаға сатып алып отырды. 

Еліміздегі газдың бағасы әлемдік нарықтағы газ бағасынан қалыптасатын бағадан әлдеқайда төмен екенін атап өткен жөн. Өздеріңіз білетіндей, тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағасын Энергетика министрлігі бекітеді. Шын мәнінде газ ішкі нарықта өзіндік құнынан төмен бағаға сатылады. Жеткізуші шығынды шетелге экспортталған газдан түскен табыспен жабады. Мемлекет жағдайды жұмсартуға қанша тырысса да, қазақстандықтар әлемдік газ бағасына тәуелділікті айналып өте алмайды.  Газдың әлемдік бағасының өсуі түптің түбінде қазақстандық тұтынушыларға кері әсер етеді. Елімізде газ бағасы қымбаттайтын болса, тұтынушылардың  көгілдір отынға қолжетімділігі қысқарып, "Сарыарқа" магистралды газ құбырының тасымал шығыны артады. 

Айбын Асқарұлы 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу