Қазақстан елшіліктерінде инвестициялық кеңесші пайда болды

18128

Шетелден Қазақстанға арындаған инвестиция тасқыны 253 миллиард долларға жеткен.

Қазақстан елшіліктерінде инвестициялық кеңесші пайда болды

Елімізге шетелдік және отандық бизнесмендердің қаржысын тарту мәселелері талқыланған бүгінгі дөңгелек үстелде әлемде инвестиция үшін болып жатқан қырғын бақталастықтың бейнесін сипаттайтын бір қызықты дерек келтірілді.  

Жақында жария болған зерттеу нәтижесінде, қазақ халқы сияқты аустралиялық қоғам да қытайлардың қаптауынан қатты қауіптенетіні және бұған тосқауыл қойылуы керек деп санайтыны анықталған.

Бірақ ел қарсылығына қарамастан, қазіргідей күрделі, әрі күйзелісті шақта шетелден келетін инвестициялар ағынын арттыру үшін Аустралия үкіметі шетелдік, соның ішінде шың елінен келетін инвесторларға өзге елдерде көп кездеспейтін ең қолайлы шарттарды ұсынып жатқан көрінеді. Тіпті бұл ретте кереғар-парадоксты жағдайлар да орын алған. Дәлірек айтсақ, Аустралия "ХХІ ғасырдағы Теңіз жібек жолы" жобасы аясында өзінің Дарвин портын қытайлық Landbridge компаниясына 340 миллион долларға 99 жылға жалға берген. Осы арқылы аустралиялық үкімет елдің солтүстік өңірлерін экономикалық дамытуды жылдамдатуға ниетті екен. Алайда сонымен бірге оларда басқа мәселе туындауда: Дарвин айлағы аустралиялық және одақтас елдердің әскери-теңіз күштері пайдаланатын стратегиялық порт болып табылады. Ал мына мәміледен кейін олар, соның ішінде америкалық әскери кемелер атбасын тіреуі үшін қытайлық компанияның келісімін алуға мәжбүр болып отыр әрі бұл жағдай, әлгінде айтылғандай, енді 99 жылға созылмақ.

Бұдан бұрын Аустралия қытайлық China Merchants корпорациясына атақты Ньюкасл портын 1,2 миллиард долларға 98 жылға жалға берді. Ал мұнда әлемдегі ең бір ірі көмір терминалы орналасқан. Ендігі кезекте Мельбурн порты да жекешелендіруге дайындалып жатқан көрінеді.  

Қазақстан мұндай шектен шығушылыққа бара қойған жоқ, бірақ елге инвестиция тарту мақсатында ірі мемлекеттік кәсіпорындар мен ұлттық компанияларды жекешелендіруге білек сыбана кірісті. Ал Астанадағы дөңгелек үстелде үкімет мүшелері сенаторлармен, бизнесмендермен және ұлттық компаниялар басшыларымен бірлесе отырып, инвестиция тартудың қазіргі ахуалын және алдағы перспективаларын талқыға салды.

Инвестициялар және даму министрінің орынбасары Ерлан Хаиров еліміздің ұлттық банкінің мәлеметтеріне сүйене отырып, Қазақстанның экономикасына 2005 жылдан бастап 2017 жылғы алғашқы жарты жылдығына дейін 253,9 миллиард доллар тікелей инвестиция келгенін баяндады. Бұл ретте 2017 жылдың алғашқы жарты жылының қорытындысы бойынша шетелдік тікелей инвестицияның жалпы көлемі 10,5 миллиардты құрады, ол 2016 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 8,6 пайызға көп болып отыр.

"Одан басқа, "Үшінші жаңғыру" міндеттеріне сәйкес, инвестициялар және даму министрлігі шетелдік тікелей инвестиция көлемін арттыру үшін дүниежүзілік банкінің сарапшыларымен бірлесе отырып, 2017-2022 жылдарға арналған "Ұлттық инвестициялық стратегия" әзірлеп, қабылдады. Осы стратегияға сәйкес, 2022 жылға қарай шетелдік тікелей инвестиция ағынын 1,26 есеге ұлғайту, тиімділікке бағдарланған шетелдік тікелей инвестицияны 1,5 есе ұлғайту көзделіп отыр. 2022 жылға жоспарланған шетелдік тікелей инвестицияның жалпы көлемі 122 миллиард долларды құрайды", – деді Ерлан Хаиров.

Өз кезегінде сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді отандық сыртқы саясат ведомствосының инвестициялық ынтымақтастық саласындағы жұмысы туралы хабардар етті. Оның айтуынша, үкіметтің экономикалық блогымен бірлесе отырып, жауапкершілік аймақтарын белгілеген. Сонымен қатар инвестициялық және экспорттық бағыттар бойынша өзара іс-қимыл тетіктері әзірленіп жатқан көрінеді.

Отандық дипломатия тарихында бұрын-соңды болмаған тәжірибе енгізіліп, елшіліктер құрылымына жаңа қызметкерлер қосылып жатқан көрінеді.   

"Барлық мемлекеттік органдар мен сыртқы саладағы ұйымдардың қалыпты жұмысын үйлестіру үшін "байланысатын бірінші адам" маңызды рөлін атқаратын шетелдегі мекемелер мен шетелдік бизнес қауымдастығымен "байланыстыратын буынмен" қоса СІМ-нің барлық әлеуеті іске қосылды. Атап айтқанда, шетелдік инвестиция тарту жөніндегі жұмыстарды күшейту үшін халықаралық салада басымдыққа ие елдердегі Қазақстан елшіліктерінде инвестициялар жөніндегі кеңесшілер тағайындау туралы Мемлекет басшысының тапсырмасы жүзеге асырылуда", – деді Мұхтар Тілеуберді.

Қаржы министрінің орынбасары Руслан Бекетаев Қазақстан дүниежүзілік банктің "Doing Business 2017" рейтингінде бірден 16 сатыға көтеріліп, 35-орынға ие болғанын хабарлады. Еліміз "Doing Business 2016-да" 51-орын алған болатын. Рас, 2018 жылға арналған рейтингте 37-орынға сырғыған. Бірақ үкіметтегілер бұған мойымай, оны уақытша құбылыс санайды және алда еліміздің отыздыққа кіреріне сенімді.   

Руслан Бекетаевтың айтуынша, инвесторларды қолдау үшін салық және кеден рәсімдерін жақсартудың, бизнеске әкімшілік қысымды төмендетудің бірқатар шаралары қабылданып жатыр. Алдағы жылы жаңа салық кодексі, "Кедендік реттеу туралы" кодексі, сондай-ақ еуразиялық экономикалық одақтың кеден кодексі күшіне енеді деп күтілуде.

"Бұлардың барлығы Қазақстан экономикасына инвестиция тартуға серпін беретін болады. Бұл құжаттарға сәйкес, салық тексерулерінің саны азайып, қосымша құн салығын қайтару рәсімі оңтайланады, кедендік әкімшілендіруді сандық негізге көшіру жүзеге асырылады", – деді қаржы вице-министрі.

Жалпы, мемлекет басшысы "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" жолдауында шетелдік инвестициялар тартуда Қазақстанның өңірдегі көшбасшылығын сақтау міндетін қойды.

"Сонымен бірге, мемлекет ұлттық экономикалық мүдделерді қорғауды және ілгерілетуді қамтамасыз етуге міндетті. Негізі, шетелдік инвестицияны тартуда басшылар мен әкімдердің жауапкершілігін арттыру керек. Сондай-ақ инвестициялық ахуалды жақсартуға және инвесторлар кездесетін бюрократтық рәсімдерді оңайландыруға арналған заң ережелерін қабылдауымыз қажет. Бұл бағытта біраз жұмыс атқарылды. Атап айтсақ, инвестициялық жұмыстарға арналған құқықтық базаны қамтамасыз ету үшін парламент соңғы жылдарда кәсіпкерлік кодексін, "Арнайы экономикалық аймақтар туралы", "Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы" және басқа да заңдарды қабылдады", – деп түйді сенаттың экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Асқар Бейсенбаев.

Дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға жіберілетін ұсыныстар қабылданды және олар бұдан былайғы заң шығару жұмыстарында ескерілетін болады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу