Қазақстан коронавирустық инфекциямен күресуге дайын ба?

Симтоматикалық шара қолдануға болады, алайда арнайы ем әзірленген жоқ. 

Қазақстан коронавирустық инфекциямен күресуге дайын ба?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дабыл қаққан коронавирустық инфекция алғаш рет Қытайдың шығысындағы Ухань қаласында анықталды. Соңғы мәліметтер бойынша аталған вирусқа 830 адам шалдыққан. 25 науқас көз жұмды. Сондықтан Қазақстан мен Қытай арасындағы шекара бекеттерінде бақылау күшейтілді. Әсіресе, халықаралық әуежайларда сақтық шаралары қолға алынған. Себебі Нұр-Сұлтан мен Алматыдан Қытайдың бес қаласына әуе рейстері қатынайды.

 Соған сәйкес Алматыда коронавирустық инфекцияға шалдыққан науқасты күтіп алу бойынша оқу-жаттығу жұмыстары жүргізілді. Оған Көліктегі тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандары және Алматы халықаралық әуежайының санитарлық-карантиндік бекетінің қызметкерлері қатысты.

Жаттығу жұмыстары барысында Қытайдан келген рейс жолаушылары дене қызуын өлшейтін құралмен тексеріліп, инфекцияға шалдыққан адам анықталды. Кейін жедел жәрдем қызметі келіп, науқасты арнайы тасымалдау боксына жатқызып, өзге адамдардан оқшаулап алып кетті. Сонымен қатар, мамандар ұшақты, науқас жақындаған барлық аймақты арнайы ерітіндімен тазартты.

Жыл басынан бері Алматыға Қытайдан 63 рейс, 7673 жолаушы, 512 экипаж мүшесі ұшып келген. Санитарлық-карантин бөлімінің жеткешісі Ырысгүл Мейірманованың сөзінше, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қауіпті деп бекіткен елдерден келген барлық жолаушы әуежайда арнайы тексеруден өткен.

"Оқу-жаттығу жұмыстары осы инфекцияның Қазақстанға келуін алдын алу мақсатында және медициналық қызмет пен өзге де ведомстволардың дайындығын бағалау үшін жүргізілуде. Әуежайда үш тепловизор жабдығы бар. Олар кедендік өткізу бекетіне дейін орнатылған. Дене қызуы жоғары адамды осы құралдар анықтап, орталыққа хабар береді. Кейін күдікке іліккен жолаушыларды оқшаулап, қажетті көмек көрсетеміз. Жылына кедендік аймақта дене қызуы көтерілген 36-38 адам тіркеледі. Биыл жыл басынан бері бірде-бір адам анықталмады",–деді Ырысгүл Мейірманова.

Инфекцияның қалай пайда болғанына тоқталған Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Халықованың сөзінше, бұл мутацияға ұшыраған жануарлар вирусы. Сондықтан аса қауіпті.

"Бұл теңіз ұлуы мен жануарлардан тарап, мутацияға ұшыраған вирус. Сондықтан аса қауіпті. Себебі ол H1N1 сияқты тез арада асқынып кетеді. Жалпы табиғатта вирус тірі қалудың барлық амалын жасайды. Осылайша коронавирус та адам ағзасына бейімделіп, оларға жұққан. Енді ол ауа арқылы адамнан-адамға жұғуда. Бұл өте ауқымды мәселе", – деді Әсел Халықова.

Мамандардың айтуынша, қазіргі кезде вирус Қытай шекарасынан асып, Оңтүстік Корея, Жапония, АҚШ, Тайландқа жеткен. Тіпті Аустралия мен Сингапурде, Гонконгте де бірнеше жағдай тіркелген.

"Қазақстан коронавирустың шыққан жері Қытаймен көрші болғандықтан, қауіп жоғары. Аустралия, Сингапур, Гонконгте де бірнеше жағдай тіркелген. Сондықтан сақтық шараларын күшейту керек. Атап айтсақ, Қытай, Жапония, Тайланд пен Сингапур, оңтүстік-шығыс Азия елдеріне барудан бас тартқан абзал. Бетперде киіп, оксолин майын жаққан жөн", – деді Әсел Халықова.

Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасарының айтуынша, елімізде тұмаудың түрлеріне арналған дәрі-дәрмек пен ем-шаралары болғанымен арнайы коронавирусқа арналғаны жоқ.

"Алматы медициналық мекемелері вирустың жаңа түріне шалдыққан науқасқа бірден симптоматикалық ем қабылдауға дайын. Оған қажетті дәрі-дәрмек жеткілікті. Біздің барлық ауруханамызда тұмауды емдеуге арналған қажетті препараттар да қарастырылған. Алайда коронавирустық инфекцияға арнайы ем жоқ. Асқынулар болған жағдайда вирусқа қарсы және антибиотиктер бар", – деді  ол.

Қазіргі кезде әлем ғалымдары аталған вирустық инфекцияға арналған препараттар әзірлеуде. Оның ішінде біздің еліміздің ғылыми орталықтарын атауға болады. Жуырда аталған аурудың гендік жүйесі анықталды.  Яғни оның 20%-ға таяушығыстық респираторлық синдромға  ұқсайтыны белгілі болды. Мамандардың пікірінше, бұл Алматы мен елордадағы зертханаларға коронавирусты анықтайтын арнайы тестік жүйе жасауға мүмкіндік береді.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу