Қазақстан қуатты агроөнеркәсіптік ел бола ала ма?

3222

Ауыл шаруашылығы ұлттық экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналатын сыңай байқатады.

Қазақстан қуатты агроөнеркәсіптік ел бола ала ма?

25 қазанда ҚР Үкіметінің отырысында Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев үстіміздегі жылдың алғашқы тоғыз айындағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштермен таныстыра келіп, елдегі экономикалық өсім алғашқы тоғыз айда 0,4% деңгейінде екенін мәлімдеді.

Өсім қарқынының мұншалықты бәсеңдеуіне себеп болған бірден-бір фактор тау-кен өнеркәсібі көрсеткішінің керісінше 4,4%-ға төмендеуі көрінеді.

Сонымен қатар шикізат бағасының арзандауынан ел экономикасы әлі есін жия алмапты.

Министрдің сөзіне қарағанда, бұл өсімнің өзі де елдегі құрылыс, ауыл шаруашылығы, көлік саласы және өңдеуші өнеркәсіптегі өндіріс көлемінің өсуі арқасында мүмкін болған.

Нақты айтсақ, ұлттық экономиканың ең қарқынды дамып келе жатқан саласы ретінде қазір құрылыс аталады. Оның өсімі былтырмен салыстырғанда 6,9%-ды құрапты. Ал өз кезегінде құрылыс саласын алға сүйреуші негізгі фактор "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында қолға алынған жобалар көрінеді. Оның ішінде тұрғын үй құрылысының көбеюі. Ресми мәліметке қарағанда, елде биылғы жылдың алғашқы үш тоқсанында 7,2 млн м2 үй салыныпты.

Ауыл шаруашылығы экономиканы алға сүйрей бастады

Экономиканың негізгі қозғаушы күші ретінде биыл ауыл-шаруашылығының әлеуеті жоғары. Қаңтар-қыркүйек аралығында былтырғыдан 4,9% артық өнім шығарған бұл саланың ішінде өсімдік шаруашылығы 7%-ға көбейсе, мал шаруашылығында 2,5%-дық өсім бар.

"Биыл егін алқабында рекордтық астық жиналды. 24 қазанға дейінгі мәліметтерге қарағанда, 23,6 млн тонна астық орылды. Яғни, орташа есеппен әр гектардан 15,4 центнер астық алынды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 2,4%-ға артық", - деді ҚР Үкіметінің отырысында ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев.

Таяуда ғана соңғы екі жылда Қазақстанда агроөнеркәсіп кешеніне берілген несие мөлшері 2 есе артып, экономикадағы барлық несиенің 9%-ына жеткені хабарланған болатын. Қаржыландырудың көбеюі саланың республика экономикасындағы тиімділігін арттыра түскен.

Нәтижесінде банктер өздерінің несиелік қызметтерін біртіндеп ауыл шаруашылығына қарай бұра бастапты. 2014 жылы екінші деңгейлі банктер тарапынан берілген несиенің тек 5%-ы ғана аграрлық салаға бағытталса, қазір бұл көрсеткіш 9% маңайында.

Өткен аптада "ҚазАгро" Ұлттық басқарушы холдингі" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Айгүл Мұхамадиева былтыр республика бойынша берілген шағын несиелердің 89%-ының ауыл шаруашылық саласындағы жобаларға бағытталғанын мәлімдеген еді. Оның айтуынша, соңғы екі жылда агроөнеркәсіп саласындағы несие портфелі 67%-ға артып, 734 млрд теңгені құраған.

Жалпы, "ҚазАгро" холдингінің хабарлауынша, алдағы жылдары да осы салаға бөлінетін несие еселене түспек.

Ауыл шаруашылығында берілетін жалпы несиенің 43%-ы ҚазАгро арқылы өтеді. Өткен 2015 жылдың өзін де холдингтің несиелік портфелі 84 млрд теңгеге, яғни 20%-ға көбейген. Нәтижесінде ауыл шаруашылық саласы кәсіпкерлерінің төлейтін салығы да артты.

2015 жылы елдің ең ірі 10 аграрлық компаниясы ел экономикасына салық пен өзге де міндетті төлем ретінде 5,3 млрд теңге аударған. Бұл 2014 жылғы көрсеткіштен 49%-ға артық көрінеді.

Берілген несие нақты цифр күйінде байқала бастады

Салаға берілген несие жалпы өнім мен қызметтің көлемін арттырған, аграрлық саланың республика бойынша өндірген өнімі 9 айдың ішінде 2 трлн 501 млрд теңгені құрады.

Бұл, әрине, шаруа қожалықтарының қорасындағы мал басының көбейгендігін аңғартады. Жалпы, 2016 жылдың 1 қазанындағы мәлімет бойынша, республика бойынша өткен жылдың алғашқы тоғыз айындағы көрсеткішпен салыстырғанда жылқы саны 6,4%-ға көбейіп 2 269,7 мыңға, ірі қара малы 2,7%-ға көбейіп 6 831,2 мыңға, қой 1,4%-ға көбейіп 18 137,2 мыңға жеткен. Ал түйе саны 2,3 %-ға артып 181,2 мыңды құрады.

Есесіне шошқа саны 3,1 %-ға кеміп 975,2 мыңды құраса, ешкі саны да 2,9% азайып 2 582,3 мың болады. Құс саны да 0,9% кеміп, 38 823,2 мыңды құраған.

Салыстыру үшін мысал келтірсек, 1917 жылғы төңкеріске дейін, патшалық Ресейдің ресми мәліметіне сәйкес, 1913 жылы отарлықта отырған жартылай көшпелі қазақ шаруашылығында 30-36 млн бас қой болыпты. Оның өзінде самодержавиелік империяның ауыл шаруашылық министрлігі қазақ шаруашылығындағы қойдың санын толық есептей алмаған.

Ірі қара малға келсек, тағы бір сенімді дерекөзіне қарағанда, қазақтың 1000 шаңырағына 1750 сиырдан келген. Ал байлығын жылқы тұяғымен есептеген қазақ халқының шаруашылығында жылқының қанша болғанын айтудың өзі артық. Ал қазақтың саны 1914 жылғы І дүниежүзілік соғыстың қарсаңында 6,470 млн болыпты.

Бастапқы тақырыпқа оралсақ, мал шаруашылығы өнімдерінің де көлемі артып, биылғы жылдың алғашқы тоғыз айында 651,5 мың тонна ет өндірілген. Бұл өткен жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда 3,2%-ға артық. Ал сүт өндірісі 3,3 %-ға өскен, яғни - 4 288,6 мың тоннаны құраған.

Ауыл шаруашылық министрлігінің мәлімдеуінше, агроөнеркәсіп саласына деген мемлекеттің қолдауы 2017 жылы да жалғасады. Ал Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне қарағанда, елдегі жалпы ішкі өнімнің өсуіне айтарлықтай үлес қосқан ауыл шаруашылығының мұндай қарқынды өсіміне себеп болған басты фактор – Ресеймен арадағы тауар айналымының біріңғай тарифының енгізілуімен қатар отандық тауар өндірушілер үшін Қытайдың алпауыт нарығының ашылуы.

Отандық шаруаларға Қытайдың алпауыт нарығы ашылды

Қытай нарығы демекші, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен бүгінгі брифингте вице-министр Гүлмира Исаева қыркүйек айының соңында Қытай үкіметінің Сапаны қадағалау, инспекция және карантин жөніндегі бас басқармасы төрағасының орынбасары Мей Кебаомен арада өткен келіссөздің қорытындыларын жариялады.

Келіссөз барысында аталған басқарма Қазақстанның тоғыз облысын (Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары) аусыл ауруына қарсы иммунизация жасалмайтын таза аймақ ретінде мойындайтыны туралы ақпараттық бюллетеннің ресми мәтінін ұсынды.

Осылайша, аталған өңірлер кесімінде бұған дейінгі Қазақстан аумағынан ҚХР аумағына аусылмен ауыру қаупі жоғары жануарлар бойынша ет пен ет өнімдерін тасымалдауға қатысты шектеу жойылды. Қазіргі таңда Қытайға өнім экспорттайтын кәсіпорындар тізіміне қосу үшін ет өңдеуші кәсіпорындарға тексеру жүргізілу үстінде.

Айта кетейік, 2013 жылдан бері Қазақстанның барлық өңірінен ҚХР-ға ет пен ет өнімдерін тасымалдауға тыйым салынған болатын. Бұл ШҚО аумағында аусыл ауруының таралуына орай қолға алынған шара болатын.

Бауыржан Мұқанов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу