Қазақстан құрамасы Бельгия футболшыларынан ұтылды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2715

Ұлттық құрамамыз 2020 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу додасында үшінші ойынын өткізді.

Қазақстан құрамасы Бельгия футболшыларынан ұтылды Фото: kff.kz

Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Михал Билек наурыз айындағы екі ойыннан сабақ алып, қорытынды шығарған сияқты. Біздің футболшыларға 2-3 күннің ішіндегі екі ойында да жоғары деңгейде ойнау қиын екенін ескергендей. Сондықтан Брюссельде сейсенбі күні Астанада өтетін матчты да қаперінен шығармауға тырысты.

Мәселен бір ескертуі бар Ғафуржан Сүйімбаевты алаңға шығарған жоқ. Ал Бауыржан Исламханды бірінші таймда жанында "тұсаулап", ұстап отырды. Әрі екі қабат бекініс құрып, реті келсе, қарсы шабуыл ұйымдастыруға тырысты. Бұл ретте қимылы шапшаң Максим Федин мен жеңіл шабуылшы Тоқтар Жаңғылышбайға сенім артылды.

Ойын орташа жылдамдықта басталды. Бірақ бесінші минуттан бастап алаң иелері қарқындарын үдетіп, біздің құраманы тықсыра бастады. Қыспаққа алып, орап соқты. Дмитро Непогодов қорғаған қақпаны нысанаға алуды жиілетті. Әрі үш минуттың ішінде екі гол соғып, өздерінің деңгейлері жоғары екенін дәлелдеді.

Ал біздің футболшылар тек қорғанумен болды. Обалы нешік, ешқайсысы аянып қалған жоқ. Қорғаушылар жанталасып, қақпашымыз жанұшыра қимылдады.

Дмитро Непогодов жанкештілік танытып, FIFA рейтингінде көш бастап тұрған Бельгия футболшыларының бірнеше шабуылын тойтарып, небір қауіпті соққыларын қайтарды.

Чех маманы Михал Билек екінші таймда алаңға Бауыржан Исламханды шығарды. Мұнысы допты ортада көбірек ұстауды көксегені секілді. Бірақ Бельгия футболшылары біздің қорғаушылардың абдырап қалған сәтін пайдаланып, тағы бір гол соқты. Осыдан кейін олар да қарқындарын бәсеңсітті, біздің жігіттер де қателік жіберген жоқ.

Ал Абат Айымбетов пен Асхат Тағыберген шыққан соң, біздің құрама Бельгия қақпасын да нысанаға ала бастады. Бұған дейін ойын статистикасында қақпаға бағытталған тура соққымыз "0" болып тұрған еді. Осылай бұдан арылып, Куртуаны да зыр жүгірттік. Бірақ гол соғудың сәті түспей, үш соққымыз қақпадан сәл ғана қиыс кетті.

Матч есеп өзгермей аяқталды. Қазақ елі құрамасы сапында Эден Азар, Венсан Компани, Кевин де Брейне, Ромелу Лукаку секілді әлемдік деңгейдегі жарық жұлдыздары бар азулы командадан үш доп айырмасымен ұтылды. Енді, бұл жеңілісіміздің есесін 11 маусым күні, өз жерімізде Сан-Марино футболшыларынан қайтаруымыз керек.

Бельгия – Қазақстан – 3:0
Голдар: Мертенс, 11. Кастанье, 14. Лукаку, 50.
Ескертулер: Бейсебеков, 37. Қуат, 45+2. Вороговский, 75.
Бельгия: Куртуа, Вертонген, Компани (Вермален, 78), Алдервейрелд, Т.Азар, Кастанье, де Брeйне (Тилиманс, 67), Витсель, Э.Азар, Мертенс, Лукаку (Бачуайи, 72).
Қазақстан: Непогодов, Бейсебеков, Ерланов, Малый, Марочкин, Перцух, Куат (Тағыберген, 78), Вороговский, Жуков, Федин (Айымбетов, 65), Жаңғылышбай (Исламхан, 46).
Төрешілер: Пельто, Ибрисимбегович, Бельжо (бәрі де – Босния және Герцеговина)
Брюссель. "Руа Бодуэн". 

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 27 – 5
Тура соққы: 12 – 1
Қиыс кеткені: 10 – 3
Тойтарылғаны: 5 – 1
Қақпа маңдайшасы: 1 – 0
Бұрыштама соққылар: 13 – 1
Офсайдтар: 3 – 0
Допқа иелік ету: 69% – 31%
Пастар: 918 – 408
Дәл пастар: 846 – 333
Пастар дәлдігі: 92% – 82%
Қорғаныста доп тартып алу: 1 – 10
Допы айып алаңынан шығару: 4 – 36
Ескерту (сары қағаз): 0 – 3
Ереже бұзу: 8 – 11

Еуро-2020. I тобы.

Қазақстан – Шотландия – 3:0

Бельгия – Ресей – 3:1

Кипр – Сан-Марино – 5:0

Қазақстан – Ресей – 0:4

Сан-Марино – Шотландия – 0:2

Кипр – Бельгия – 0:2

Бельгия – Қазақстан – 3:0

Ресей – Сан-Марино – 9:0

Шотландия – Кипр – 2:1

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу