Қазақстан құрғақшылықпен күреске 107 млрд теңгедей жұмсаған

5955

Елде ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіруді қарастыратын ірі жоба жүзеге асырылуда, деп жазады Inbusiness.kz.

Қазақстан құрғақшылықпен күреске 107 млрд теңгедей жұмсаған

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің түсіндіруінше, 2015–2021 жылдары іске асырылатын жобаның жалпы құны – 106,9 миллиард теңге.

"Шығыстар "Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру, 2-фаза" жобасын жүзеге асыруға бағытталған. Оны қаржыландыру көздері: республикалық бюджетке – жоба құнының 70%-ы тиесілі, сондай-ақ Дүниежүзілік банктен қарыз алынуда, үлесі – 30%. Жобаны іске асыру 2015 жылы Ұлттық экономика министрлігінің 073 бюджеттік бағдарламасы аясында басталған", – деп мәлімдеді ведомство.

Дегенмен, жоба биыл бітпей, келесі жылға ұзайтын түрі бар. Қазіргі кезде министрліктің мәліметінше, мамандар арасында ПУИД–2 (Проект по усовершенствованию ирригации и дренажа) аталатын жоба аясында жасалған келісімшарттар бойынша арналар мен коллекторлардың қырқасын, түбін, еңістерін, бөгеттерді жоспарлау және салу жұмыстары 75%-ға ғана орындалған. 

Жоба кеңес кезінен бері әбден тозған ирригациялық және дренаждық жүйелерді – барлығы 11 ірі объектіні қайта жаңартуды көздейді. Нәтижесінде, 105,1 мың гектар жерде, соның ішінде Алматы облысында – 12,5 мың гектарда, Жамбыл облысында – 15 мың гектарда, Қызылорда облысында – 15,1 мың гектарда су пайда болады. Тиісінше, ол жерлерде егін салуға, жемшөп дақылдарын егуге, мал жаюға мүмкіндік беріледі. Ең үлкен игілікті Түркістан облысы көрмек: 62,3 мың гектарлық суармалы жерге қол жеткізеді. Бұл шамамен 10 Сингапур сыйып кететін аумақ.

Елдегі ирригациялық және дренаждық жүйелерді жаңғыртуға 2019 жылы жалпы сомасы – 26 млрд 921,5 млн, 2020 жылы – 39 млрд 568,6 млн, ал 2021 жылы – 37 млрд 73 млн теңге бөлініпті.

Соның ішінде Дүниежүзілік банктен 2019 жылы 8 млрд 81 млн, былтыр – 11 млрд 908,6 млн, осы жылы – 11 млрд 121,9 млн теңге қарыз алынған.

Әрине, бұл қаражат долларда берілді. 2014 жылғы келісім бойынша Дүниежүзілік банк Қазақстанға осы жобаға (2-фазаға) 102 млн 902,5 мың доллар бөлді. Заем бойынша "каникул" биыл бітеді, тиісінше, 2021 жылғы 15 желтоқсанда ел Үкіметі алғашқы негізгі соманы енгізуге тиіс. Төлем мерзімі 2031 жылғы 15 маусымға дейін жалғасады.

Қызылорда өңірі ПУИД-3 жобасын қажет етеді

Жобаның Қазақстан үшін тиімділігі бар. Мысалы, оның аясында Түркістан облысының Мақтаарал ауданында ғана 200-ден астам су арнасы жаңғыртылмақ. Нәтижесінде, 223 канал, 208 су қашыртқы және 149 тік дренаждар күрделі жөнделеді және қайта қалпына келтіріледі.

Облыста әзербайжандық "Акилик Груп" жалпы ұзындығы 70 мың шақырымға созылып жатқан 44 арнаның құрылысын салып біткен.

Еңбекші және Жаңажол ауылдық округтерінде жалпы ұзындығы 147 шақырым болатын үш арна тармақтарымен бірге, 49 тік дренаж бен 191 мың шақырымдық су қашыртқылары күрделі жөнделеді. Мырзакентте 4 тік дренаж жөндеуден өтуде. Иіржар, Бірлік және Жамбыл ауылдық округтерінде 16 477 гектар жерде жерасты суларынан тазарту жұмыстары жүргізілуде. Жоба өзге елді мекендерді де қамтиды.

Ұқсас жұмыстарға тартылған ирандық "Туннель Саад Ариана" компаниясы айналасындағы мәселелер жөнінде Inbusiness.kz бұған дейін талай жазған.

ПУИД-2-нің тағы бір бағытында израильдік "Тахал Консалтинг Инжиниринг" 307 928 шақырымдық 8 арнаны күрделі жөндеп жатыр.

Ал Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, өңірде ПУИД-2 жобасы аясында Жалағаш ауданының Аққұм, Бұқарбай батыр, Таң және Мәдениет ауылдық округтеріндегі 15,1 мың гектар суармалы жерлер енгізілді.

"ПУИД-2 жобасы бойынша су жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Жоба бойынша 2019 жылы бөлінген 879 млн теңге қаржыға 1 755 шақырым су жүйелерінің 241 шақырымы (13,7%) тазаланып, 14 516 дана су құрылыстарының 481-і (3,3%) салынды. 2020 жылы 1 мың 113,3 шақырым (63,4%) су жүйелері тазаланып, 2074 дана (14,3%) су құрылыстары аяқталды. 2021 жылы 3,4 млрд теңгені игеру жоспарлануда. Соның ішінде бүгінде 251 млн теңге қаржы игеріліп, 1 245,4 шақырым (71%) су жүйелері тазаланды, 3 311 дана (22,8%) су құрылыстары салынды", – деп хабарлады басқарма.

Биылғы жылы 6 каналға су шаруашылығы жұмыстарын жүргізуге қаржы (437,2 млн теңге) бөлінді.

Жоба жалғасын табады деп күтілуде. Тек Қызылорда облысы бойынша ПУИД-3 жобасына 143 мың гектар жер енгізілген. Егер ол тиісті қаржыландырылса және жобалар толыққанды жүзеге асырылса, биылғыдай ауыр қуаңшылықтан біраз өлке құтылуға тиіс.

"Адамдардың терең құдық қазуын мемлекет субсидияласа"

Жалпы, мемлекет қолдау көрсетсе, ауыл кәсіпкерлері сусыз жерлерді өз бетінше суландыруға дайын. Бұл үшін халықаралық тендер өткізіп, ТЭН, жобалау-сметалық құжаттама әзірлеп, басыартық шығындалудың қажеті болмайды. Түркістан облысының Сарыағаш ауданындағы "Ерсұлтан" шаруа қожалығының басшысы Бексұлтан Жақыпов қой және ірі қара мал өсірумен айналысады.

"Биылғы жылы біздің аудан да қуаңшылықтан қатты зардап шекті. Құрғақшылыққа дейін бізде су тапшылығы мәселесі өткір тұрған. Мәселен, менде бір-бірінен 60–100 метр қашықтықта орналасқан екі-үш құдық бар. Малымды солардан суаратынмын. Қазір олар құрғап қалды. Бір тамшы су ала алмадым. Геологиялық барлау деректеріне сәйкес, біздің жайылымдық жерлерімізде 450–500 метр тереңдікте жерасты суы бар. Бірақ осынша терең бұрғылауға қаржым жетпейді. Тіпті барлық 500-дей қойымды, 30 шақты сиырымды тегіс сатып жіберсем де, одан түскен қаражаттың өзі аздық етеді", – дейді Б.Жақыпов.

Ол осы мәселені көтеріп, Түркістан облысының әкімдігіне жүгініпті. Ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары Сарыағаш ауданында тек 50 метр тереңдіктегі ұңғыны бұрғылау субсидияланатынын айтқан. Себебі, бұл аумақ "құрғақшылықты аймаққа" (аридная зона) жатқызылмаған. Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2018 жылғы 23 шілдедегі №317 бұйрығына сәйкес, "аридтік аймақтарда 375 метрге дейінгі тереңдікте қазылған құдықтарға 1 қума метрі (погонный метр) үшін 70 мың теңгедей субсидия беріледі".

"Қазіргі кезде құрғақшылық кесірінен Сарыағаш ауданындағы біздің Жылға ауылдық округі шөл далаға айналып кетті. Жайылымдарда шөп қалмады. Малды сақтап қалу және ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз ету үшін біз шамамен 450–500 метрдей тереңдікте құдық қазуымыз қажет. Ұңғыма бұрғылауды субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау болмаса, бұл біздің қолымыздан келмейді", – дейді ауыл кәсіпкері Бексұлтан Жақыпов.

Жер шарындағы климат өзгеріп, планетаның қызуы көтерілген сайын Қазақстанда қуаңшылық мәселесі ушыға түсетін секілді. Демек, Үкіметке бәрібір құдықтарға қатысты жаңа шешім қабылдауға тура келмек.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу