Қазақстан Қытайға жылына 50 мың тонна сиыр етін экспорттамақшы

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
5645

Былтыр сырттан 210 мың тоннаға жуық ет сатып алдық. Өзімізге жетпей жатқанда өзгелерді қалай жарылқаймыз?

Қазақстан Қытайға жылына 50 мың тонна сиыр етін экспорттамақшы

Қытай билігі Қазақстаннан ет сатып алуға қойған шектеуін алып тастады. Осылайша мамыр айының басынан бастап Қазақстанда тоңазытылған сиыр еті Қытайға қайта экспортталатын болды.

Түсіндіре кетейік, жарты жыл бұрын Қытай өз аумағына Қазақстанның 9 облысынан ет кіргізуге тыйым салды. Олар Қазақстанның еті Қытайдың санитарлық-эпидемиологиялық  талаптарына сай келмейтінін және қара малға жұққан аусыл дертінен қауіптенетіндерін алға тартты.

Уақыт өте келе қытайлықтар осыған дейінгі ойлары мен ұстанымдарынан айнып, бізден ет сұрай бастады. Дәл қазір екіжақты келіссөз жүріп жатыр. Барлығы ойдағыдай аяқталса, Қазақстан Қытайға жылына 50 мың тонна сиыр етін экспорттайды.  

Осыған дейін Ресейге 60 мың тонна ет экспорттамаймыз деп келген үкімет енді Қытайға  назар аудара бастады. Қытайға дейміз, Қытайға ғана емес, Қазақстан Иран, Израиль, Сауд Арабиясы, БАӘ және Кувейт мемлекеттеріне де сиырын етін жеткізбекші.

Ресми мәліметке сүйенсек, еттің бағасы тек біздің елде ғана арзан. Шет елде оның бағасы бағасы ұшып тұр. Мысалы Қытайда 1 келі еттің бағасы біздің ақшамен 5-10 мың теңгені, ал араб елдерінде 50-80 АҚШ долларын құрайды.

Осы ретте өзіміздің ішкі нарықты ет және ет өнімдерімен тиісінше қамти алмай отырып, ет экспорттау көлемін қалай өсіреміз? деген заңды сұрақ туады. Негізі ет экспортын сөз еткенде елге сырттан келетін ет импортын да тілге тиек ету керек. Өткен жылдын соңғы  жартыжылдығындағы мәлімет бойынша, Қазақстанға сырттан жеткізілетін ет көлемі 3,1 %-ға, яғни 71,9 мың тоннаға артқан.  

2016  жылы Қазақстан сырттан 210 мың тоннаға жуық ет сатып алған. Былтыр шетелден алынған 1 мың тоннаға жуық қой етінің 90%-ы  Австралиядан әкелінген. Ал 5 мың тоннаға жуық жылқы етінің 35%-ы – Канададан, 22%-ы – Аргентинадан, 16%-ы – Уругвайдан, 4,5% - ы– Ресейден жеткізілген.

xЭкономист Тоқтар Есіркепов экспортқа ет шығарардың алдында ішкі нарықты етпен қамтамасыз етіп алу қажет екенін айтады.

"Азық-түлік тауарларының стандарттары бойынша, кеңесүкіметі кезінде адам басына шаққанда жылына бір адамға 63 келі еттен келетін. Қазіргі көрсеткіштің бұдан бір емес, бірнеше есе кем. Өйткені қазір адамдар етті бұрынғыдай жиі жемейді. Бүгінгі таңда ет жеңсік асқа айналған" – деді Тоқтар Есіркепов.

Ішкі  нарықтағы ет бағасы әзірге қолжетімді. Себебі ет экспорты мәселесі үкіметте сөз болғанымен, жалпыхалықтық сипат алып үлгерген жоқ.

Шымкенттік кәсіпкер Сайлау Тотықов тап қазір ет бағасында айтарлықтай ауытқушылық жоқ дейді. Оның сөзінше, ет бағасындағы айырма 10-15%  аралығын құрап тұр.

"Жалпы алғанда ет экспорты отандық кәсіпкерлер үшін өте тиімді жоба. Қазақстанда келісін 1500 теңгеге саудалайтын етті ҚХР-да немесе Сауд Арабиясында  30-50 доллардан сатуға болады. Алайда мұның кері тұсы да бар. Қазақстанның етіне шетелдіктердің сұранысы артқан сайын, ішкі нарықтағы еттің де бағасы қымбаттай береді. Ет экспорты ішкі нарыққа зиянын тигізбес үшін елімізде мал шаруашылығымен айналысып жүрген шаруа қожалықтарына белгілі бір мөлшерде квота енгізген дұрыс. Әйтпесе ет экспорты деп тонна қуалап жүргенде, шөп-шаламмен күн көретін ұлтқа айналып кетуіміз мүмкін, – деді Сайлау Тотықов.

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу