Қазақстанның сыртқы саясат ведомствосы қытайларға елімізге еш кедергісіз, емін-еркін кіруіне жол ашылатыны туралы мәліметті жоққа шығарып отыр.
Қазіргі кезде халық арасында тағы бір дүбір пайда болды: ватсап секілді мессенджерлер және әлеуметтік желілер арқылы шың елінің "бір жарым миллиардқа жуық азаматтары үшін визалық режим жойылған көрінеді" деген ақпарат тарауда. Қазақстандық СІМ Telegram-арнасы көмегімен жұртшылыққа қайырылып, түсініктеме берді және әлгі жаңалықты "арандатумен жалғасып жатқан жалған ақпарат" деп атауға асықты.
"Қазақстан Қытаймен визасыз режим енгізу туралы келіссөздер жүргізіп жатқан жоқ. Мессенджер арқылы таратылып жатқан "қытай азаматтары үшін визалық режим жойылды-мыс" деген ақпарат арандатумен шектесетін жалған ақпарат болып табылады", – деп хабарлады сыртқы істер министрлігі.
Сыртқы саясатқа жауапты осы бас орган қазақстандық тараптың қытайлық жақпен тек "визасыз болу мерзімін ұлғайту" бойынша ғана белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын мәлім етті. Ол келіссөздер барысында біздің үкімет "Қытайдың халықаралық әуежайы арқылы транзитпен өтетін Қазақстан азаматтары үшін визасыз болу мерзімін қазіргі 24 сағаттан 72 сағатқа (үш тәулікке) дейін арттыруды" және сондай-ақ "ҚХР-ге саяхаттағысы келетін қазақстандықтарға жеке виза беруді қайта қалпына келтіруді" сұрауда.
СІМ дерегінше, "бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда" және олар "Қазақстан мен Қытайдың мүдделерін өзара құрметтеуге және жан-жақты ынтымақтастыққа негізделеді".
Өткен жылы Қытай халық республикасының еліміздегі төтенше және өкілетті елшісі Чжан Ханьхуэй Қазақстан мен Қытай арасындағы визалық мәселелер 2017 жылы шешімін тауып қалуы мүмкіндігін хабарлаған болатын. Оның дәйектеуінше, себебі, қос мемлекет бірлескен жобалар санын арттыруда. Демек, ол жобаларды жүзеге асыру үшін қазақ еліне келетін қытайлық жұмысшылар саны да артары сөзсіз.
"Визалық режимге қатысты мәселелерде ілгерілеу міндетті түрде болады. Біздің ойымызша, адамдармен алмасусыз мемлекетаралық қатынастардың және ынтымақтастықтың дамуы тіпті де мүмкін емес. Сонымен бірге, біз күш біріктіре отырып, бірлескен жобаларды жүзеге асырудамыз. Бұл үшін әрине, біздің азаматтарға саналуан жағдайлар ұсынылуға, қолайлылық жасалуға тиіс", – деп нықтады Чжан Ханьхуэй.
Оның үстіне ҚХР Астанадағы Тәуелсіздік даңғылы бойында өзінің жаңа әрі алып елшілік ғимаратын салуға кірісті. Қытай елшісі бұрын осыған қажетті жер телімінің бөлінгенін және ғимаратты жобалау аяқталғанын жеткізді. Оның құрылысына да қытай тарапы өз сәулетшілері мен жұмысшыларын тартуы ықтимал.
Айтқандай, осының алдында, 2016 жылы Қазақстанның сыртқы істер министрлігі қытай елшісінің визалық режимге қатысты сынына айран-асыр болып, түсініктеме беруге мәжбүр болғаны есте.
"Қазақстанның СІМ-і ҚХР елшісі Чжан Ханьхуэй мырзаның қазақстандық БАҚ-та жарияланған біздің еліміздің визалық режиміне қатысты екіұшты пікіріне таңданыс білдіреді. Қазақстанның сыртқы саясат ведомствосының визалық саладағы ұстанымы ашықтық, мемлекеттің ұлттық мүдделерін қамтамасыз ету қағидаттарына құрылған. Бұл ережелердің барлығы ұлттық заңнамада және халықаралық келісімдерде көрініс тапқан", – деп атап өтіп еді сонда СІМ баспасөз қызметі.
Ведомствоның ақпарынша, қазақстандық СІМ-нің консулдық қызмет департаменті бұрын Қытайдың Қазақстандағы елшілігінің, бас консулдығының және консулдықтары қызметкерлерінің туыс-туғандарына "G1" санатындағы үш реттік визаны рәсімдейтін. Бұл осы виза иегерлеріне бір жыл ішінде жалпы жиынтығында 90 тәулік бойы Қазақстан аумағында емін-еркін жүруіне мүмкіндік береді.
"Қазақстан мен Қытай арасында достық байланыстардың қалыптасқанын, сондай-ақ ҚХР-дың еліміздегі елшілігінің тиісті өтінішін назарға ала отырып, аталған тұлғалар санатына (туыс-туғандарына) "В2" қызметтік визасын рәсімдеу туралы шешім қабылданды. Бұл оларды консулдық алым-салықтан босатады, оларға Қазақтанға көпреттік кіруге және әрбір кірген сайын 90 тәулікке дейін еркін жүруге құқық береді. Қазақстанда одан да ұзақ болуы үшін қытайлық дипломаттардың туыс-туғандары елшілік немесе консулдық қызметкерінің отбасы мүшесі ретінде аккредиттелуге тиіс", – деп құлағдар етті сыртқы істер министрлігі.
Ведомство бұл ретте Қытайда аккредиттелген қазақстандық дипломаттар мен қызметкерлердің туыс-туғандарына әрбір кіру кезінде 30 тәулікке дейін жүруге ұлықсат ететін "S2" қысқа мерзімді виза ғана берілетініне назар аудартады. Яғни, Қазақстан үш есе көп еркіндік береді. Мұны азсынған шығыс көршіміз визалық режимді, яғни кіруге ұлықсат беру жүйесін барлық қытайлар үшін жоюды сұрап келеді.
Дегенмен, бұл бағытта еуразиялық одақтың бір "қақпасы" ашылып та кеткенге ұқсайды. Кеше ЕАЭО мүшесі Беларусь Қытаймен арада визасыз режим енгізді. ШЫҰ саммиті өткен Циндаода Беларусь президенті Александр Лукашенко мен ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің жоғары деңгейдегі келіссөздері қорытындысында екі ел азаматтары үшін өзара визасыз режим туралы үкіметаралық келісім бекітілді. Құжат қос мемлекетте ішкі процедуралардан өткеннен кейін түпкілікті күшіне енеді.
Әрине, содан кейін де шығыс көршіміздің азаматтары Беларусь арқылы қазақ еліне визасыз лап қоя алмайды. Ортақ нарық болғанымен, ЕАЭО ішінде көші-қонды реттеудің ұлттық рәсімдері сақталған. Бірақ белорустардың бұл келісімі одақтың өзге мүшелеріне үлгі және меже қызметін атқаруы ғажап емес.
Әзірге, Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Қытай азаматтарына арналған қолданыстағы визалық режимді "оңтайлы" санайды.
Құқық қорғаушы Василий Резван визалық режимді жоюға қарсы екенін айтады.
"Бұған өте сақтықпен қарау керек. Әрине, қарапайым қазақстандықтар үшін Қытайға сапарлау оңайлар. Яғни, қара бас қамы тұрғысынан бұл тиімді болуы да мүмкін. Бірақ Қазақстанның қауіпсіздігі тұрғысынан алсақ, халқының саны екі миллиардқа жетуге кетіп бара жатқан Қытай секілді елмен терезесі тең қатынасу үшін біздің санымыз тым аз. Қытайлық бір паспортпен бірнеше адамның шекарадан өтіп кету фактісі де болды ғой. Мен бұл жерден қауіп көріп отырмын. Қазақстанның шағын көші-қон полициясы олардың ағынын еңсере алмай қалады. Оның үстіне Қазақстанда жасырын жұмыс жасайтын кәсіпорындар саны көбейіп, оларға қытайлық жұмысшылар тоқтаусыз ағылуы ғажап емес. Бірнеше айға еркін қалатындықтан, жергілікті қыздарға үйленіп, жігіттерге тұрмысқа шығып, бірте-бірте Қазақстан азаматына айналады", – деп алаңдайды Василий Резван.
Саясаттанушы Андрей Чеботарев та мұның оң жағымен бірге, теріс жағы барлығын да айтады.
"Бір жағынан бұл жақсы: өйткені туризмді дамыту үшін және Қытайда ағайындары бар қазақстандықтар үшін бюрократиялық кедергілер жойылады. Сенім ауан-атмосферасы кеңейеді. Екінші жағынан, визасыз режим заңсыз көші-қонның өсуіне соқтыруы ықтимал. Оның үстіне Қытайдың экономикалық экспансиясы тереңдеуде. Әзірге Қытай ешбір елді "жұтып қоям" деп отырған жоқ. Бірақ оның ығына жығылып, бәрін бетімен жіберсек, бұл да болуы мүмкін", – дейді саясаттанушы.
Жалпы, Беларусьтің Қытаймен ортақ шекарасы жоқтығын да ескеру керек. Демек, оның қадамы бізге үлгі бола алмайды.
Жанат Ардақ