Қазақстан металлургиясында жүзеге асатын алғашқы жоба

Қажет Андас Қажет Андас
5658

Текелі қаласындағы бұрынғы қорғасын-мырыш комбинатының базасында салынып жатқан Текелі тау-кен өңдеу комбинаты жуырда іске қосылады.

Қазақстан металлургиясында жүзеге асатын алғашқы жоба

Комбинаттың алғашқы дайындық жұмысы 2011 жылдан басталды.  Жоспар бойынша 2016 жылы қолданысқа берілмекші еді. Бірақ түрлі себепке байланысты жоспар кейінге сырылды. Дегенмен, осы аралықта домна пештері мен кен байыту фабрикасын заманауи жабдықтармен жабдықтауға мүмкіндік туды.

 "Қазір өндірске қажетті әктас көлемі жеткілікті. Бұған қосымша Ресей және еліміздің басқа өңірлерінен кокс жеткізілуде. Шойын өнеркәсібіне керекті шикізат Қарағанды темір кенінен тасылады. Ал дайын шойын Павлодардағы құбыр зауытына жөнелтіледі және мұнай-газ өнеркәсібін дамыту үшін қолданылады. Сонымен қатар, Ресей мен Қытай елдеріне экспорттау жоспарлануда", – дейді комбинат директоры Бақыт Шалбаев.

Сарапшылардың бағалауы бойынша, зауыт бәсекеге қабілетті отандық өнім шығарумен қатар, моноқала тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға сеп болмақ.

 Тау қаласы Текелі туризм саласын дамытуға аса қолайлы өңір. Алайда осы саланы өркендетудің оңтайлы жолы қалыптаса қойған жоқ. Сондықтан жұмыссыздық мәселесін шешу күн тәртібінен түспей келеді.

"Бүгінгі таңда комбинатты салуға 500-ден артық адам жұмыс істеуде. Зауыт іске қосылып, толық қуаттылығына енгенде мыңнан астам адамды жұмыспен қамтитын боламыз", – дейді комбинат директоры.

Бүгінде 32900 тұрғыны бар Текелі қаласында статистика бойынша 883 адам жұмыссыз жүр. Оның 315-і қалалық жұмыспен қамту орталығында тіркеуде тұр.

Демек, мың адамды жұмыспен қамтуға қуатты Текелі тау-кен комбинаты қаладағы жұмыссыздық мәселесін түбегейлі шешіп тастайтыны анық.

Алайда,  тіркеуде тұрған жұмыссыз азаматтарды бірден комбинатқа жұмысқа қабылдауға келмейді. Себебі, комбинатқа білікті мамандар мен өндірістің қыры мен сырын, металлургияның қатаң талабын білетін мамандар қажет.

Осы мәселені ескерген Текелі қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы бірнеше жылдан бері жұмыссыз азаматтарды комбинатқа керекті мамандықтар бойынша кәсіби жақтан даярлау жұмысын қолға алып келеді.

"Комбинатқа кәсіби инженер, монтаждаушы, бетоншы, дәнекерлеуші, металлург, домна пешінің көрікшісі, домна пешіне газ жіберуші, домна пешіне су жібеуші мамандықтарын жетік  меңгерген жұмысшылар керек.  Біз жұмыссыз жастарды осы мамандықтар бойынша даярлауға басымдық береміз", – дейді Текелі қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Жұматай Әділбеков. 

Орталықтың ақпараты бойынша, 2014 жылы 9, 2015 жылы 30, 2016 жылы 30 жұмыссыз жасты Теміртау қаласындағы политехникалық колледжінен қысқа және ұзақмерзімді кәсіптік даярлаудан өтіп, комбинатқа жұмысқа тұрыпты. Сонымен қатар, 2016 жылы орталықтың көмегімен комбинатта жұмыс істейтін 15 адамның 9-ы Теміртау, 6-ы Талдықорған қаласында қайтадан даярлаудан өтіп, жаңа мамандықтар алып шығыпты.

Жасыратыны жоқ, қазірде комбинатта жұмыс істеп жүрген білікті мамандардың дені Алматы, Өскемен, Теміртау қалаларынан келгендер. Олар мұнда ұзақ уақыт тұрақтап тұруы да мүмкін емес. Өндірістің келешегін ескергенде, олардың орнын  жергілікті білікті азаматтар басуы керек. Сондықтан мамандардың біліктілігін арттыру үшін комбинат тарапынан да ізденістер жасалғаны жөн сияқты.

"Өткен жылдан бері комбинат өз базасында жұмысшыларды даярлау орталығын құрып, қажетті мамандықтар бойынша жастарды оқыта бастады. Осы бағдарлама бойынша тау-кен және металлургия мамандықтары бойынша 50-ден астам текелілік қайта даярлаудан өтіп жатыр. Алдағы уақытта оның саны арта түседі", – дейді Бақыт Шалбаев.

Олар алдағы уақытта осы комбинат үшін білек сыбанып жұмыс істейтін болады.

Қажет Андас, Алматы облысы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу