Қазақстан, Ресей және Украина арасында танкерлік соғыс бастала ма?

4690

Астана Киевтен қазақ мұнайы тиелетін ресейлік терминалды шабуылдамауды өтінеді.

Қазақстан, Ресей және Украина арасында танкерлік соғыс бастала ма? Фото: inbusiness.kz

Осы аптада Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанның "Новороссийск портының тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін саяси бастамамен шығатынын" мәлімдеді. Ол бастаманың егжей-тегжейі жарияланбады. Әзірге пысықталуда.

Министрдің айтуынша, Каспий құбыр консорциумының мұнай сақтауға арналған үлкен қоймалары бар. Бұдан бөлек, қара алтын жөнелтушілердің базасында да төл резервуарлары қарастырылған.

Олар егер Қара теңіз бұғатталса, немесе оның акваториясында әскери іс-қимылдар басталып, ахуал күрделенсе, қажет болады: танкерлер қозғалысы қайта жанданғанша, шикізатты сақтайды. Бірақ ол қоймалар зымыранмен атқыланса, не болмақ? Міне, осыған жеткізбеу үшін Қазақстан басшылығы саяси бастамамен шығып, араағайын болғаны жөн. Әйтпесе, бірінші кезекте Қазақстанның экономикасы күйреп, ұлттық валютасы құнсыздануы мүмкін.

Сондықтан сарапшылардың байламынша, Астана мұнай терминалына шабуыл жасамауы үшін Киевке оның басты серіктестері және қолдаушысы – ұжымдық Еуропа арқылы "қысым" жасап көруі мүмкін. Мысалы, қазақстандық Теңіз кен орнының қара алтыны толығымен дерлік Новороссийск порталы арқылы тасылады. Ал бұл кен орны америкалық инвестордың (Шеврон) иелігінде екені мәлім.

"Новороссийск портының қауіпсіздігін және тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін Қазақстан саяси деңгейде бастамамен шығады. Біз бұл мұнай терминалының орнықты жұмысынан ірі мұнай тұтынушылары, соның ішінде Еуропалық Одақ ұтатынына, бұл соларға да тиімді екеніне екпін түсіретін боламыз. КҚК-ның тұрақты жұмысына ірі мұнай өндірушілері мүдделі. Бұл құбыр экономика үшін жаһандық ауқымда аса маңызды. Ендеше жағдай тұрақты болып қалады және шабуыл саны аз болады деген ойдамыз", – деді министр Алмасадам Сәтқалиев.

Дегенмен, "Халықаралық бейбітшілік үшін" Карнеги қорының болжамы әлдеқайда пессимистік. Қор Қара теңізде тіпті "терминалдық соғыс" басталуы ғажап емес деп жорамалдады.

Өйткені Ресей эскалация деңгейін тоқтаусыз көтеріп, жағдайды барған сайын ушықтыруда. Соғыс басталғанда, Мәскеу су айдынынан, әуеден атқылап, Украинаның теңіз саудасын айтарлықтай шектеп тастады. Биылғы шілдеде Астық бастамасынан шығып, Одесса порттарын тас-талқан етті. Дунайдағы порттарына да үстемелете соққы берді. Кремль мұны да өзіне тиімді келіссөздерге Киевті көндіру үшін пайдалануда. РФ Украинаның экспорттық мүмкіндіктерін барынша төмендетті.

Сонымен бірге В.Путин жаһандық нарықта украиналық астық экспортын толығымен ресейлік астық алмастыратынын мәлімдеді. Осының бәрі қарсыласын қатты өшіктіреді. Содан Украина Ресейдің ең маңызды порты саналатын Новороссийск инфрақұрылымын жермен-жексен етіп, дұшпанының экспортық мүмкіндіктерін күрт құлдыратуға ұмтылуы кәдік.

Карнеги қорының байламынша, Украинаға РФ порттарын күйрету тиімді болар еді.

"Сонау 1980-шы жылдары Парсы шығанағында болғандай танкерлік соғыстың Қара теңізде қайталануын күтуге болады. Бірақ сол заманда да қауіп-қатердің зор болғанына қарамастан, әр тарапқа тиімді экспорт сол бойы жалғасты. Жалпы, терминалдар толық талқандалса, экспорт та болмайды. Мұндай жағдайда кемелерді теңізде аулаудың да, олардың ішінен сауда кемелерін әскери мақсаттағы жүктер таситындарынан бөліп алудың да қажеті болмайды. Қандай тудың астында жүзгендеріне тиісуге болмайтыны, ал қайсысын құртуға рұқсат екені жөнінде күрделі шешім қабылдаудың да қажеті болмайды. Басқа сөзбен айтқанда, толық блокада жариялауға мүмкіндік туады", – деп нұсқады Карнеги қоры.

Cambridge Energy Research Associates, Royal Dutch Shell сияқты алпауыт мұнай-газ және консалтинг компанияларында істеген сарапшы, ғылыми қызметкер Сергей Вакуленко газ да емес, басқасы да емес, дәл осы мұнай Ресей қазынасына ең көп кіріс құятынын еске салды. Сондықтан Украина үшін бірінші кезекте әсіресе Қара теңіздегі ресейлік мұнай тасымалын тоқтату маңызды болар еді. Новороссийск және Керч аудандарында украиналық камикадзе дрондардың "Оленегорский горняк", "Сиг" сияқты ресейлік кемелерге шабуылы да осы қисыннан туындаған.

Бұл сақтандырушы компанияларын және кеме иелерін тәуекелдер туралы мықтап ойласа бастауға итермеледі. Әйтсе де, Қара теңіздегі РФ порттары арқылы тасымал одан әрі жалғасты.

"Сауда блокадасы және коммерциялық кеме қозғалысымен күрес байырғы замандардан бері қақтығыстардың бір бөлшегі болған. 40 жыл бұрын Иран-Ирак соғысы кезінде де қарсыластар бір-бірінің мұнай саудасын доғаруға күш салды және "танкерлік соғысты" бастады. Ол 1984 жылдан 1988 жылға дейін жалғасты. Олар жауының порттарына бара жатқан, соның ішінде Ұлыбритания, Гонконг (ол кезде британ отары), АҚШ, Дания, Норвегия, Грекия, Түркия сияқты НАТО елдерінің де танкерлерін атқылады. Зымырандар, торпедолар, миналар, зеңбірек оқтары ондаған сауда кемесіне зақым келтірді. 1987 жылы АҚШ әскери теңіз күштерінің фрегаты шабуылға тап болды: оны мұнай танкері деп қабылдаған Ирак ұшағы қос зымыранын дәлдеп тигізді. Шабуыл салдарынан 37 америкалық теңізші қаза тапты. Алайда бұл Иракты сол кезде ерекше салдарларға соқтырмады. Себебі, Америка ол заманда Иранға қарсы соғыста Иракты қолдады. Оқиғаны екі елдің бірлескен комиссиясы тергеді, Ирак өтемақы төледі", – деді Сергей Вакуленко.

Яғни, "Қара теңізде экологиялық апат тудырмау үшін Украина мұнай танкерлерін шабуылдамайды" деп, кейбір сарапшы алға тартып жүрген дәйектеме соғыс жағдайында жарамайтын сияқты. Украина камикадзе дрондарымен РФ порттарына кіретін танкерлерге шабуылдамауы үшін басқа негіздер керек.

Сарапшы қырық жыл бұрынғы соғыста Парсы шығанағы ұрыс қимылдары аймағына айналғанына қарамастан, ол жақта қара алтын тасу үшін жүзуге құштарланған кемелер ағыны тіпті де тиылмағанын, сұйылмағанын қаперге салды. Сақтандыру компаниялары сыйақы ставкаларын өсіргенімен, оларды сақтандыруын үздіксіз жалғастырды. Кемелеріне шабуыл жасалған НАТО-ның бірде бір елі Альянстың атақты 5-ші бабын іске қосуға шақырған жоқ.

Демек, егер Украина не Ресей Қара теңіздегі бір бірінің порттарына кірген НАТО елдерінің танкерін жойса, бұл Батыстың әскери одағының бұл соғысқа араласуына соқтыруы неғайбыл.

Бүгінде Украина Қара теңіздегі жауының порттарына шабуылды уақытша доғарды. Түріктің Hurriyet газетінің хабарлауынша, тамыз айының соңғы аптасында Мәскеу қожайыны Путиннің Түркияға сапары күтілуде. Сонда түрік лидері Реджеп Тайып Ердоған оны Астық бастамасына оралуға және украиналық экспортқа кедергі жасамауға иліктіруге тырысады.

Басылымның дерегінше, екі ел басшысының келіссөздерінің күн тәртібіне Астық мәмілесін жаңа шарттармен қайта бастау, екіжақты байланыстар, Түркия, Әзербайжан және Армения арасындағы қарым-қатынастар, сондай-ақ Түркия мен Сирия арасындағы қатынастарды қалыпқа келтіру мәселелері шығарылмақ.

Бұдан бұрын, 2 тамызда Ердоған мен Путин телефон арқылы сөйлесті және алдағы ықтимал кездесуге дайындалуға уағдаласты. РФ президентінің баспасөз хатшысы Д.Песков Ресейдің Астық келісімін жандандыруға қарсы еместігін, бірақ ол үшін ресейлік талаптар орындалуға тиістігін жеткізді.

Сондықтан Киев сол келіссөздерде өз сөзін сөйлейді деп үміттенетін Анкараға зиянын тигізбеу үшін Новороссийск терминалдарына шабуылдан аяқ тартып отырғанға ұқсайды. Әйтпесе, оны ары қарай қарқынды жалғастыруға еркі де, ресурстары да жеткілікті екенін Украина өз телеарналарында жариялаған тиісті роликтерінде паш етті.

Новороссийск портында 2 мұнай терминалы жұмыс істеп тұр. Оның біріншісі – дәстүрлі айлақтары бар "Шесхарис" тиеп-жөнелту кешені: ол Новороссийск портының өзінде орналасқан және "Транснефть" құбырлары арқылы жеткізілетін ресейлік мұнай өндірушілерінің қара алтынын танкерлерге құяды. Бірақ ол кеңес кезінен жақсы қорғалған, әрі жабық бухтада тұрғандықтан, оны шабуылдау күрделі. 

Бізді қызықтыратын екінші терминал – "Южная Озереевка" аталады: ол теңізге ішкерілей, жағалаудан 4 шақырым жерде тұрғызылған. Соған танкерлер келіп, байланады. Сол себепті бұл терминал әлдеқайда осал. Шабуыл салдарынан бұл құрылыс қираса, дәл жағалауда тұрған классикалық айлаққа қарағанда, теңізге еміне енген ондай терминалды жөндеу қиынға соғады.

Бұл терминалдың бір ғана қауіпсіздік кепілі бар: ол Ресейдің емес, Қазақстанның мұнайын тасуға пайдаланылады. Ал қазақ мұнайы негізінен Қазақстан халқының емес, Батыс елдерінің инвесторларының иелігінде. Тиісінше, бұл терминалды шабуылдаса, Украина бірінші кезекте батыстық серіктестеріне залал келтіреді. 

"Халықаралық бейбітшілік үшін" Карнеги қоры тағы бір мәселеге назар аудартты: тіпті Украина көп қырлы, айлалы операция өткізіп, "Шесхарис" терминалын қиратса, оған қарсы реакциясы ретінде Мәскеу "Южная Озереевка" терминалын да жауып, Қазақстан мұнайының экспортын толық тоқтатып тастауы мүмкін. Кремль ұқсас тәсілді түрлі сылтаумен осыған дейін де қолданды. Тағы да әлдебір техникалық ақауды таба салады. Осы арқылы Қазақстанға емес, бірінші кезекте біздің батыстық серіктестерімізге қысым жасайды.

Немесе "Южная Озереевка" терминалының қуаттылықтарының бір бөлігін ресейлік мұнайды тасуға да пайдаланатын болады. Яғни, орыс мұнайының экспортын тоқтатпау үшін Кремль бәріне барады. Бұл үшін Қазақстанның мұнайын қалқан етуден де тайынбайды.

Ал егер қос терминал да бұзылса, онда Ресей шикі мұнай экспортын Балтық жағалауындағы Усть-Луга мұнай портына бағдарлай алады.  2012 жылы салынған ол порт содан бері бірнеше мәрте кеңейтілді, жаңғыртылды. Яғни, Новороссийск портын алмастыруға қауқарлы. Тек ресейлік мұнайдың басты импорттаушыларына: Үндістан мен Қытайға жеткізу маршруты ұзарады.

Алайда Балтық портына қазақ мұнайын жібермеуі мүмкін. Жіберу үшін Мәскеу Қазақстаннан және оның Батыстағы серіктестерінен әлденені талап етері, шарт қояры даусыз.

Қорыта айтқанда, Қазақстанға Новороссийсктегі "Южная Озереевка" терминалындағы тасымалдың тиылмауын тілеу ғана қалады. Әрине, тек тілеумен шектелмей, соғысушы тараптар арасында араағайын болуға ұмтылғаны да артық болмас.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу