Осындай құлаққа тосындау, бірақ қызықты жаңалықтар үкіметтің бүгінгі отырысында жария етілді.
Премьер Бақытжан Сағынтаевты алқалай жайғасқан үкімет мүшелері жиында "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" жаңа Кодекс жобасын және оған ілеспе заң жобасын қарады. Қолданыстағы заңнамаға ауқымды өзгерістер әкелетін бұл құжаттар барлық министрліктердің келісімінен өткен, министрлер кабинеті де бүгін құптады. Енді тек депутаттардың мақұлдауын алу қалды. Сондықтан алда парламентке енгізілетін болады.
Рас, "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы бірқатар қосымша ескертпелер айтты, бірақ оларын мәжіліске дайындық барысында және депутаттардың талқылауы кезінде кодекс жобасына енгізуге талаптанатын болды.
Салық кодексі жобасын ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов таныстырды. Ол жобаның "Атамекен" палатасын қоса алғанда, бизнес қоғамдастықпен тығыз өзара іс-қимылда жазылғанын мәлім етті.
"Жалпы кодекс жобасында идеологияны өзгерту, ынталандыруды енгізу және әкімшілендіруді жеңілдету көзделген. Идеология адал салық төлеушілерді қорғауға бағытталатын болады. Әкімшілендіру жеңілдетіледі және салықты өз бетінше төлеуге ынталандырады", – деді министр.
Ол жаңа салық кодексіндегі жаңалықтардың бірнеше топтар тұратынын ескертті.
Біріншісін шартты түрде "идеологиялық" топ деп атауға болады.
"Идеология адал салық төлеушінің мүддесін қорғауға бағытталады. Біріншіден, барлық түсініксіз жерлері мен қателер бірден салық төлеушінің пайдасына шешілетін болады (ал бұрын кәсіпкерлерге оның қате екенін уақыт пен қаржы шығындап, дәлелдеуге тура келетін). Мұндай қағидат салықтық дауларды әділ қарауға мүмкіндік береді. Екіншіден, егер салық төлеуші салық органының түсіндіруіне сәйкес әрекет еткен болса және соның салдарынан ұстаным өзгерген болса, айыппұлдар мен өсімпұлдарды қолданбау ұсынылады", – деді Тимур Мұратұлы.
Үшіншіден, толық есепке жазу негізділігіне талап та күшейтілетін болады. Енді салықтық тексеру актілерінде тиісті негіздемелер болуы тиіс.
Төртіншіден, бизнеске заңнамадағы өзгерістерді зерделеуге көбірек уақыт беріледі. Түзетулердің барлығын әр жылдың 1 шілдесінен кешіктірмей қабылдау ұсынылады.
Бесіншіден, жыл бойы заңға көптеген түзетулер енгізе беруден қорғау пайда болады. Бизнесмендердің ұдайы өзгере беретін заңдарды қадағалап отыруға уақыты жоқ, олар бар ресурстары мен назарын бизнесін дамытуға шоғырландырады. Алайда заңның тез өзгере беруі бұған кедергі келтіретіні мәлім. Сондықтан бұдан былай барлық туындаған түзетулерді жинап-жинап, бір заң жобасымен енгізу ұсынылып отыр. Бұл бизнестің салық кодексіндегі барлық өзгерістерден хабардар болуына мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Салық кодексінің құрылымы да өзгереді. Әрбір бөлім дербес көрсетіледі. Яғни, салық төлеушінің әр типіне қарай өз бөлімі болады.
Екінші топ "шағын және орта бизнес пен агроөнеркәсіптік кешенге арналған режимдерге" қатысты болып келеді.
"Шағын және орта бизнесті дамыту үшін қолданыстағы арнайы салық режимдерін сақтау көзделуде. Баламалы жаңа режим ұсынылып отыр. ол – "тіркелген шегеріс" режимі. Бұл кімнің айналымы үлкен, бірақ табысы аз болса, солар үшін тиімді. Ол өз түсімінің жартысын растаусыз шегере алады. Ал егер шығыстарды есепке алуды жүргізетін болса, онда шығыстарын растағаны үшін сыйлықақы (шегерістер) алады. Салық төлеушілерге режимдерді таңдау құқығы беріледі", – деді бас экономист.
"Жеңілдетілген декларация" бойынша режимге арналған жеке тұлғалар үшін де, заңды тұлғалар үшін де кірістерінің көлемі бойынша талап бірдей болады
Жеке кәсіпкерлердің басым көпшілігі патентпен жұмыс жасайтыны мәлім. Оларға қатысты да өзгерістер келе жатыр.
Айтқандай, медициналық сақтандыру енгізілгелі бері жеке кәсіпкерлерге қиынға соғуда: олар зейнетақы жүйесіне жарна жасау сыртында, мемлекетке салық төлеуге, сондай-ақ сақтандыру қорына да төлем аударуға, сөйтіп, бірнеше рет шығын шегуге мәжбүр. "Атамекен" палатасы бұл ауыртпалықты азайтуды табанды талап еткен. Бұл ұсыныс қабылданыпты.
"Патент бойынша төленетін салық мөлшерлемесі 2%-дан 1%-ға дейін төмендетіледі. Бұл Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және Жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарын енгізуге байланысты салықтық жүктемелерді төмендету үшін жасалуда. Бірақ бұл ретте кезең-кезеңмен патент таратылатын кәсіпкерлік түрлерінің тізбесі қысқартылатын болады. Ақыр соңында, бұл тізбе тек "қолөнершілікпен" шектеледі", – деді Тимур Сүлейменов.
Аграрлық сектор үшін де ынталандыру шаралары ұсынылып отыр. Бірыңғай жер салығын төлеушілер айналамына қарамастан қосылған құн салығын төлеушілер болып табылмайды.
Еңбекақы төлеу қорына жүктемені төмендету үшін фермер-шаруа қожалығының басшысына, мүшелеріне және жұмыскерлеріне салынатын әлеуметтік салық алып тастау көзделуде. Оларға қызметтің басқа түрлерін жүзеге асыруға да рұқсат берілетін болады. Тек олар бойынша бөлек есеп жүргізуі қажет.
2020 жылдан бастап аталған режимде 0,5% мөлшеріндегі айналымнан алынатын салық белгіленеді. Яғни, қазір салық жердің бағалау құнына қарай салынса, алда табыс айналымына қарай салынады.
Арнаулы салық режимінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер үшін Дүниежүзілік сауда ұйымының талаптарына қарама-қайшы келетін қосылған құн салығы бойынша жеңілдіктер жойылады. Өйткені, Дүниежүзілік сауда ұйымының талаптарына сәйкес ішкі өндіріс тауарлары және импорт үшін салық салудың тең шарты қолданылуы тиіс. Олар үшін қолдаудың баламалы шаралары көзделетін болады.
Үлестес тұлғаларға арнаулы салық режимін қолданудағы шектеулер алып тасталады.
Жаңа кодекстегі жаңалықтардың "үшінші тобы" жер қойнауын пайдаланушылардың мүдделерін қозғайды.
"Жер қойнауын пайдалану саласында геологиялық барлауға инвестициялар ынталандырылатын болады. Әлемдік тәжірибені ескеріп, тау-кен саласы үшін жүктемені көмір бойынша "экспортқа рента салығына" ауыстыра отырып, "үстеме пайда салығын" алып тастау ұсынылады. Дүниежүзінде тау-кен саласы үшін мұндай салық жоқ. Шын мәнісінде, аталған салықты тек көмір өндіруші компаниялар төлеп келген. Сол себепті бюджет көп шығынға ұшырамайды. Сондай-ақ, табысты геологиялық барлау жүргізуді ынталандыру мақсатында "коммерциялық табу бонусын" (орысша "бонус коммерческого обнаружения" деп аталады) алып тастау жоспарлануда. Қазіргі кезде бизнесмендер бұл салықты "табысты болғаны үшін жазалау" деп атайды. Халықаралық тәжірибеде де ол қолданылмайды", – деді ұлттық экономика министрі.
Теңіз және терең мұнай кенорындары үшін жер қойнауын пайдалануда неғұрлым қарапайым баламалы салық ұсынылады. Қатты пайдалы қазбаларды барлауды жеделдету үшін жалдау төлемдерінің тетігі енгізіледі. Бір заңды тұлға шеңберінде басқа өндіру келісімшартында табыссыз барлаудың шығыстарын ескеру мүмкіндігі ұсынылады.
Мұнай мен газды өзіндік құнынан төмен өткізу кезіндегі кірістерді анықтау бойынша тәсілдер қайта қаралады.
Сондай-ақ, қалайыға арналған пайдалы қазбаларды өндiруге арналған салығының мөлшерлемесін 6%-дан 3%-ға төмендету ұсынылады. Бұл металлургияның жаңа саласы – қалайы өнеркәсібін қолдау үшін жасалып отыр.
Төртінші топ қаржы секторын қамтиды.
"Қаржы секторын сауықтыру үшін сондай-ақ ынталандыру шаралары ұсынылып отыр. Күмәнді активтерді басқару ұйымының (КАБҰ) сатып алынған мүлкіне салық салуды екітүрлі түсіндіру жойылатын болады. Жеке тұлғалар үшін қарызды кешіру кезінде жеке табыс салығынан босату көзделуде. Проблемалық активтерді коллекторларға беру кезінде коллектордың дисконтына активті өтегеннен кейінгі факті бойынша салық салынатын болады",- деді Тимур Сүлейменов.
Бесінші өзгерістер тобы "экономиканың нақты салаларына" бағдарланады.
Атап айтқанда, арнайы инвестициялық келісімшарт (АИК) шеңберінде автомобиль шығару үшін қосылған құн салығы бойынша жеңілдіктер ұсынылады.
Жинақтауыш импорты (шикізаттар мен материалдар), сондай-ақ арнайы инвестициялық келісімшарты бойынша өндірілген тауарларды өткізу бойынша айналым қосылған құн салығынан босатылатын болады.
Сондай-ақ, қаржылық лизингке мүлікті беру, егер берілетін мүлік қосылған құн салығынсыз сатып алынған және арнайы инвестициялық келісімшарты тауарларының тізбесіне енетін болса, қосылған құн салығынан босатылады,
Лизингтер бойынша операциялардың сыйақы сомаларының корпоративтік табыс салығы бойынша жеңілдіктері ұзартылады.
Инвестициялық жобаларға қатысты да жаңалықтар бар.
"Қазір инвестициялық преференциялар тек жаңа жобаларға және жаңа кәсіпорындарға ғана ұсынылады. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қазіргі жұмыс істеп тұрған қуаттылығын жаңғырту және реконструкциялау кезінде жеңілдіктері көзделмеген. Мұндай кәсіпорындарды ынталандыру үшін жаңғырту және реконструкциялау бойынша жобаларды іске асырып отырған жұмыс істеуші кәсіпорындарға корпоративтік табыс салығы бойынша жеңілдіктер ұсынылады. Жеңілдіктер жаңғырту және реконструкциялау аяқталған сәттен бастап 3 жылдан артық емес мерзімде және инвестициялар 5 млн. айлық есептік көрсеткіштен кем емес жағдайда қолданылады",- деді министр.
Жаңа салық кодексінің алтыншы бөлігі "жеңілдіктерге" қатысты болып келеді. Жеңілдіктерді жаңғырту бөлігінде нақты өзгерістер арқылы олардың тиімділігін арттыру ұсынылып отыр. Атап айтқанда "аукциондардан алынатын алымдар" және "кеме жүзетін су жолдарын пайдалану төлемдері" алып тасталады, бұдан келетін жергілікті бюджеттердің шығыны тиісінше 616 млн және 20 млн теңгені құрайды. Өйткені мемлекет аталған жағдайларда қызмет көрсетпейді және рұқсат бермейді.
Сондай-ақ аталған кезеңде бірқатар жеңілдіктерден бас тарту ұсынылып отыр. Оларға ойын автоматтары қызметі бойынша айналымдарды, лотерея билеттерін өткізуді, пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін, пошта маркаларының импортын босату жатады. Яғни, осы салалардың барлығы қазір пайдаланып отырған жеңілдіктерінен айырылады. Үкімет осылайша, құмар ойындары алпауыттарының ұзақ жылғы лоббиінен құтылып отыр. Әрине, енді лоббистер парламент арқылы қимылдап, дегеніне жетпесін, жаңа кодекстен жеңілдіктерді жою бабын алғызып тастамасын делік.
Кодекстің жетінші бөлігі әкімшілендіру мәселелерін қарастырады. Үш векторлы әкімшілендіру ұсынылады, қосылған құн салығы бойынша есепке қою үшін ең аз шегін сақтау, бақылауға алынатын қосылған құн салығы енгізу, шағын және орта бизнес үшін 3 жылдан 5 жылға дейін талап қою мерзімін қысқарту және басқа өзгерістер ұсынылады.
"Негізгі салық жаңашылдықтары осындай. Жаңа идеология, жаңа ынталандырулар және жаңа әкімшілендіру әдістері сапалы жақсарулардың негізі. Салық жаңалықтарын қабылдауға байланысты салық даулары азаяды, тексерулер саны төмендейді, әкімшілендіру оңайлатылады. Шикізатты қайта өңдеу ынталандыруға ие болады, кредиттеу қолдау табады, агроөнеркәсіптік кешен және шағын және орта бизнес үшін қолайлы режим қалыптасады. Салық саясаты жалпы ашық және айқын болады", – деп сендірді министр Тимур Сүлейменов.
Өз кезегінде қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, енді салық төлеушілердің түрлі санаттары үшін салықтық әкімшіліктендіруге әртараптандырылған тәсіл енгізілуде.
"Әлемнің көптеген елдерінде салық төлеушілерді санаттау құпия, "жабық" ақпарат болып табылатынын атап өткен жөн. Біз болсақ, "ашық критерийлерді" қарастыратын құрамдастырылған үлгіні енгізуді ұсынамыз, ол салық төлеушілерге тәуекелдің төмен дәрежесі "жасыл аймаққа" ену үшін бағдар және "қызыл аймаққа" түсуден ескерту болмақ,- деді бас қаржыгер.
Жобада сенім мен ашықтықтың қағидаттарына негізделген ірі салық төлеушілермен өзара іс-қимылдың жаңа түрі – Деңгейлес мониторинг қарастырылған. Мұндай тәсіл ЭЫДҰ елдерінде пайдаланылатын әкімшіліктендірудің ілгерінді әдістерінің бірі болып табылады.
Заң жобасында әрекетсіз салық төлеушілерді мәжбүрлеп жою үшін негізгі шарттар қарастырылған. Аталған рәсімнің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында мәжбүрлеп жою туралы ақпарат алдын ала БАҚ-та жарияланады, және осы компаниялардың әлеуетті кредиторларының шағымдарымен жұмыс жүргізілуде.
"Салықтық тексерулер тұрғысынан олардың санын қысқарту мен сапасын арттыруға бағытталған шаралар қарастырылған", – деді Қуаныш Тұрлыханұлы.
Атап айтқанда, жоспардан тыс тексерістер жүргізу үшін негіздемелер 56%-ға қысқарды.
"Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов жаңа салық кодексін құптады. Оны бизнес орта қуана қарсы алатынын айтты. Дегенмен, бірқатар сын-ескертпелер де қосты.
"Бүгін ұсынылып отырған салық кодексінің жобасы "бизнеске достық пейілдегі құжат" болып табылады. Мұны мен сеніммен айта аламын! Талқылаулар барысында біздің тарапымыздан айтылған ұсыныстардың басым көпшілігі қолдау тапты. Бірақ бизнесті алаңдататыны – еңбекақы төлеу қорына түсетін жүктеменің өсуі болып табылады. Бұл ретте 2018 жылдан бастап әлеуметтік салық 1,5 пайызға азайып отыр. Бұл салықтық жүктеменің азаюына үлес қосады. Бірақ 2020 жылдан бастап, зейнетақы жарналары мен медициналық сақтандырудың кейінге қалдырылған жаңа нормалары іске қосылады. Сонда 2025 жылға қарай салықтық жүктеме 10 пайызға өсіп шыға келмек. Болашақта осы кернеуді азайтуымыз керек", – деп қорытты сөзін Абылай Мырзахметов.
Бақыт Көмекбайұлы