Қазақстанда электромобильге сұраныс жоқ

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
26204

7 айда экологиялық көліктің небәрі 11-і ғана сатылған.

Қазақстанда электромобильге сұраныс жоқ

"Қазавтоөндіріс" Қазақстан автомобиль саласы кәсіпорындары одағының басқарма төрағасы Олег Алфёров жыл басында биыл 300 электромобиль шығару жоспарланып отырғанын жариялады. Алайда ол ұсыныс пен сұраныс арасындағы алшақтық жер мен көктей болуы мүмкін екенін атап өтті.

Басқарма төрағасы бекер қауіп қылмаған екен. Себебі соңғы 7 айда ел аумағында 11-ақ электромобиль тіркелді. Экологиялық көлік сатып алушылардың саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,5%-ға кем болды.

Мысалы, 2015 жылы ел азаматтары - 32, 2016 жылы - 35, 2017 жылы -33, 2018 жылы - 35 электромобиль сатып алды. Ерекше атап көрсетерлігі, электромобиль сатып алған қазақстандықтардың барлығы

премиум санаттағы автокөліктерді иеленді. Алматылықтар Tesla кроссоверінің X моделі үшін 85,5 мың, Tesla седанының S моделі үшін 109,5 мың доллар санап берді. Ал BMW i3 электромобилі үшін 46,4 мың доллар ұсынды. Бұл – біздің елде электромобиль әзірше бай-бағландардың ғана ермегі екенінің белгісі болса керек.  

Олег Алферовтың айтуынша, электромобильдердің қолжетімділігі мемлекет қолдау көрсеткен кезде ғана артады.

"Қазақстан Қытай сияқты электромобильдің жарты бағасын субсидиялайтын болса, адамдар экологиялық автокөлікке ауысуы мүмкін. Бірақ бұған кепіл жоқ. Себебі ел азаматтары үйренген көліктерінен бас тартпайды. Дания мемлекеті  электромобильдерді өткізу үшін түрлі жеңілдік жасағанда, халық жаппай   электромобильге ауыса бастады. Жеңілдік алынып тасталып еді, электромобильдің саудасы жүрмей қалды. Батыс Еуропа, АҚШ, Қытай мемлекеттері  электромобильдердің сатылымын мемлекеттік субсидия арқылы ұстап тұр. Бізге бұлай жасаған тиімсіз. Электромобильдердің  саудасын қолдан өсіру экономикаға пайда әкелмейді", – деді басқарма төрағасы.

Олег Алферовтың сөзінше, Еуропа елдері 2050 жылдан бастап біржола  электромобильге көшуді жоспарлап отыр. Ал бізде мұндай жоспар жоқ.

"Экономикалық тұрғыда  электромобильмен жүрген тиімді. Мысалы электромобильді толық қуаттандыру үшін шамамен 40 кВт энергия жұмсалады. Қуат күші тас жолда 160, қала ішінде 250 шақырымға жетеді. Яғни бір шақырымға 4 теңге кетеді. Бензинмен жүретін автокөлік бір шақырымға шамамен 12 теңге шығындайды. Электромобильді тұрмыстағы қарапайым розеткамен де қуаттандыруға болады. Бір көлікті тоқпен толық қамтамасыз етуге 2,5 сағат кетеді. Десекте электромобильдің бағасы тым қымбат. Баға саясаты реттелмей, ел аумағындағы электромобильдердің саны көбеймейді. Электромобильдердің кемшілігі де бар. Көбінесе экологиялық көлікке 2-ақ адам отырады және ол алыс сапарға жарамайды", – деді ол.

Естеріңізге салайық, елімізде 2014 жылдан бері Өскеменде - KIA Soul EV, JAC, Қостанайда - LADA Vesta сынды электромобильдер шығарылады. Алайда бұл көліктерге сұраныс тым төмен, тіпті жоқтың қасы

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу