Қазақстандықтардың қалтасы электромобильдің бағасын көтермейді

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
21102

Экологиялық көлікке деген сұраныс тым төмен.

Қазақстандықтардың қалтасы электромобильдің бағасын көтермейді

Соңғы 4 айда ел аумағында 5-ақ электромобиль тіркелді. Бір жыл бұрын дәл осындай 22 көлік есепке алынған болатын.

Байқағандарыңыздай, бұл оң көрсеткіш емес. Яғни қоршаған ортаға зиян келтірмейтін, жанармай қажет етпейтін, ең бастысы электр қуатымен қозғалатын экологиялық көлік сатып алуға қазақстандықтардың қаржылық жағдайы жетпейді.

Статистикаға сүйенсек, 2015 жылы қазақстандықтар - 32, 2016 жылы - 35 электромобиль сатып алған. 2017 жылы экологиялық көлік мінгендердің 25-і Алматы,  8-і Астана, 2-і Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары  екені нақтыланған. Атап көрсетерлігі, сатып алушылардың барлығы ауқатты адам болған. Олар премиум санаттағы машиналарды иеленген. Мысал үшін айтайық, алматылықтар сатып алған Tesla кроссовері X моделінің құны 85,5 мың, Tesla седаны S моделінің бағасы 66-109,5 мың көк қағазды құраған. Ал BMW i3 электромобилін тізгіндегендер автодиллерлерге қиналмай 46,4 мың доллар санап берген. Бұл қазіргі электромобильдер бай-бағландардың ғана тақымына тиеді деген сөз.

Айта кетейік, электромобиль басқа автокөліктермен салыстырғанда үнемділігімен, қарапайымдылығымен ерекшеленеді. Электромобильді толық қуаттандыру үшін шамамен 40 кВт энергия жұмсалады. Қуат күші тас жолда 160, қала ішінде 250 шақырымға жетеді. Мұны ақшаға айналдырсақ, бір шақырымға 4 теңге кетеді. Ал бензинмен жүретін автокөліктің шығыны бұдан 3 есе көп. Қолайлысы, электромобильді тұрмыстағы қарапайым розетка арқылы да қуаттандыруға болады. Бір көлікті тоқпен толық қамтамасыз етуге 2,5 сағат кетеді. Адамдар электромобильге осындай артықшылықтары үшін қызығады. Десекте электромобильдердің де кемшілігі бар. Көбінесе электромобильдер 2-ақ адамға арналады және онымен алыс сапарға шыға алмайсыз.

Естеріңізге салайық, 2016 жылдың 2 қыркүйегі мен 2017 жылдың тамызы аралығында Қазақстан, Ресей және Беларусь аумағында электроқозғалтқышы бар автокөліктердің импортына салық бойынша нөлдік мөлшерлеме енгізілді. Бұған қоса елімізде утилизациялық алым мен көлікті тіркеуге жеңілдік жасалды. Сонымен қатар электромобиль иелері көлік салығынан босатылды. Алайда жұрт жаппай электромобиль мініп кеткен жоқ. Таяуда бұлай болып кетуі де неғайбыл.

Жоғарыда атап көрсеткеніміздей, қарапайым адамдар электромобиль сатып ала алмайды. Ал ауқатты адамдардың электромобильдеріне жеңілдік емес, жайлы жағдай, яғни инфрақұрылым қажет. Елімізде EXPO-2017 көрмесіне дейін батареямен жүретін машиналарға арналған орталық пен бекет болған жоқ. Салдарынан адамдар тоқ тұтынатын автокөліктерін үйден, ауладан қуаттандырып келді.

"Қазавтоөнеркәсіп" Қазақстан автомобиль саласы кәсіпорындары одағы ЗТБ басқарма төрағасы Олег Алферовтың айтуынша, ел азаматтарын жаппай электромобильге ауыспайды.

"Адамдардың барлығы электромобильге ауысады десек, артық айтқандық болады. Алайда халықтың экологиялық көлік мінгісі келетінін жоққа шығара алмаймыз. Сұранысты қанағаттандыру үшін отандық автоөндірушілер бензинмен және электр қуатымен жүретін гибрид автокөлік өндіруге көшуді жоспарлап отыр. Бүгінге дейін Өскеменде KIA Soul, JAC, Қостанайда LADA Vesta сынды электромобильдер шығарылды. Бұдан былай біз гибрид көлік құрастыруға басымдық береміз", – деді Олег Алферов.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу