Қазақстанда қамауда ұстау мерзімі қысқартылмақ

2837

Орташа дәрежелі қылмыс жасады деген күдіктілерді қамауда ұстау мерзімін екі тәулікке дейін қысқарту ұсынылып отыр.  

Қазақстанда қамауда ұстау  мерзімі қысқартылмақ

Құқық қорғау органдары аса ауыр қылмыс жасады деген күдіктілерді үш тәулікке дейін ұстау керек дейді. Бұл мәселе еліміздегі қылмыстық процесті реформалауға қатысты жұмыс барысында қарастырылатын болады.

"Қамауға алу мен бостандықты шектеу– ең қатаң бұлтартпау шарасы ретінде айрықша жағдайларда, өзге шараларды қолдану мүмкін болмағанда ғана қолданылуға тиіс. Егер адам қоғамға қауіпті болмаса, оны тұтқындаудың қажеті шамалы. Кепіл қойып шығарып алу, үйқамақ секілді өзге шараларды қолданған жөн", – деді бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар ол тергеу органдары әр жағдайды жеке қараған дұрыс деп атап кетті.

"Бүгінгі күні көптеген сотқа дейін тергеу органдары мен азаматтар қамауға алу алдын ала тергеу барысы кезінде қажет дәлелдерді алу үшін қолданатыны жасырын емес. Сондықтан қазіргі таңда қамауда ұстау мерзімі – қамауға алуды жеңілдету мәселесі көтеріліп отыр. Өздеріңіз білесіздер, қазір қамауда ұстау мерзімі 72 сағат, алайда соны 48 сағатқа дейін қысқарту ұсынылып отыр. Ол үшін   күдіктіні ұстағаннан бастап прокурор жұмысының рөлін күшейту керек", – деп мәлімдеді бас прокурордың орныбасары.

Нақтырақ айтар болсақ, ҚР қылмыстық-процессуалдық кодексіне енгізілетін түзетулер орташа дәрежелі қылмыс жасады деген күдікті адамды ұстау мерзімін 48 сағатқа дейін қысқарту қарастырылатын болады.

"Орташа қылмыс жасады деген адам мәселе шешілгенге дейін 48 сағатқа дейін қамауда ұсталатын болады. Ал аса ауыр қылмыс жасады деген күдікті, мысалы, топпен, қоғамдық орында лаңкестік жасаған, сондай-ақ  адам өлімімен байланысты қылмысқа күдікті болған адам ІІМ-нің айтуынша 72 сағаттық қамауға алынуы керек", – деді ішкі істер вице-министрі Рашид Жақыпов.

Егер де құқық қорғау огандарының бастамасы заң жүзінде қабылданатын болса, онда қылмыстық  қудалау органдары ұсталғандардың мәселесін одан әрі шешу үшін сотқа екі тәулік ішінде іске қатысты материалды ұсыну керек болады.

Гүлназ Ермағанбетова, Динара Куатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу