Түрмеден бес мыңға жуық адам шығады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3448

Олардың қатарында кісі өлтіргендер, адам азаптағандар және  экстремистер мен террористер болмайды. 

Түрмеден бес мыңға жуық адам шығады

Осы жылдың 31 шілдесінде қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы ізгілендіруге бағытталған заң күшіне енеді. Ізгілендіру шарасы темір тордың арғы жағындағы бес мыңға жуық адамның бостандыққа шығуына себеп болуы мүмкін деп болжануда. Бірден айтайық, олардың барлығы бір мезетте босап шықпайды.

"Бұл үрдіс кезең-кезеңімен жүргізіледі. Жазаның едәуір бөлігін өтеген, сондай-ақ залалдың орнын толтырған және жүріс-тұрысы дұрыс тұлғаларды сот сол мезетте босатады. Басқа сотталғандардың жаза мерзімі төмендетіледі. Жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жазамен ауыстыруға тырысады", – деді Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Бас прокурордың орынбасары атап өткендей, кісі өлтіру, зорлау, азаптау, экстремизм мен терроризм, ұйымдасқан қылмыс секілді ауыр қылмыс жасағандарға ізгілендіру қолданылмайды.

"Заңда бірқатар өзгеріс бар. Мәселен алғаш рет ауырлығы орташа және онша ауыр емес, кісі өліміне соқтырмаған 247 қылмыс бойынша баламалы жаза түрінде қоғамдық жұмыс енгізілуде. Бұл сотталғандардың еңбегін қоғам игілігіне пайдалануға мүмкіндік береді", – деді Марат Ахметжанов.

Сонымен қатар айыппұлдың ең төменгі көлемі 500 айлық есептік көрсеткіштен 200 айлық есептік көрсеткішке (1,2 млн теңгеден 481 мыңға дейін) дейін төмендейді. Ал оны төлеудің минималды мерзімі 6 айдан 3 жылға дейін ұзартылады.

"Қылмыс құрамы ауыр 12 қылмыс бойынша соттар баламалы жаза ретінде бас бостандығынан шектеуді тағайындауы мүмкін. Оларға әскери, экономикалық, лауазымдық және меншікке қатысты қылмыстар жатады. 32 қылмыс бойынша бас бостандығынан шектеу мерзімінің жоғарғы шегі 2-3 жылға төмендетіледі", – деді Марат Ахметжанов.

Бұдан бөлек жаңа заңға сәйкес, қысқа айыппұлдардың қолдану аясы кеңейеді. Енді алаяқтық және сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға салғандарға тағайындалатын айыппұл мөлшері келтірілген залал кұнынан 20 есе көп болады.  

"Қоғамға қауіпті емес сотталғандардың санатына жататын және алғаш рет 2 жылға дейінгі мерзімге сотталғандарға бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеу шарттары жеңілдетіледі. Олар қауіпсіздігі төмен мекемелерге жіберіледі. Жалпы, барлық түзетулер аясында қатаң режимдегі 400 сотталушы қауіпсіздігі төмен мекемелерге ауыстырылады", – деді Бас прокурордың орынбасары.

Сонымен қатар заң мерзімінен бұрын босаған тұлғалардың жауапкершілігін арттыруды көздеп отыр. Бұдан бөлек рецидивті құқық бұзушылықтарға және масаң күйде құқық бұзғандарға қосымша әдіс пайдаланылмақ.

Еске сала кетейік, қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы ізгілендіруге бағытталған заңды Бас прокуратура әзірледі. Бұл ретте Қылмыстық кодекстің 262 бабына, Қылмыстық-процестік кодекстің 45 және Қылмыстық-атқару кодексінің 9 бабына түзетулер енгізілді.

Елімізде қылмыстық саясатты ізгілендіру шарасы 2012 жылдан бастап қолға алынды. Бұл ретте реформа жүргізіле бастаған уақыттан бері қылмыс көрсеткіші 7-10%-ға төмендеді. Мәселен, 2012 жылдан бастап түрмедегілердің саны 19 мың адамға (52 мыңнан 33 мыңға) азайды. Бірақ бұл криминогенді жағдайға кері әсерін тигізген жоқ. 2012 жылмен салыстырғанда былтыр ауыр және аса ауыр қылмыс саны 22%-ға, зорлау 43%-ға (2,3 мыңнан 1,3 мыңға) және қарақшылық 59%-ға (1700 мыңнан 700-ге) азайған.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу