Кәсіпкер прокуратураға онлайн шағым түсіре алады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3365

Елімізде 8 мыңнан астам қылмыстық іс электронды форматта тергеліп жатыр.  

Кәсіпкер прокуратураға онлайн шағым түсіре алады

2017 жылы "Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі" ақпараттық жүйесінің базасында "Электронды қылмыстық іс" модулі әзірлеген болатын. Осыдан кейін еліміздің қылмыстық-процестік кодексіне тиісті өзгерістер енгізілді. Ал 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап аса ауыр емес қылмыстық істер мен құқық бұзушылықтар электронды форматта тергеліп, тексеріле бастады.

Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің баспасөз қызметі ұсынған мәліметке сүйенсек, бүгінде Қазақстан бойынша 8 мыңнан астам қылмыстық іс электронды форматта тергеліп жатыр. Оның шамамен 3,5 мыңы сотқа жіберілген.

"Қылмыстық істерді электронды форматта қарау тергеушінің жұмысын жеңілдетеді. Сондай-ақ қылмыстық істі жүргізу процесін жеделдетеді. Процеске қатысушылардың құқықтарын толықтай қамтамасыз етеді. Ал прокурордың жаңа форматтың көмегімен жағдайды толық бақылауда ұстап, орын алған қандайда бір заң бұзушылыққа жедел түрде әрекет етуге мүмкіндігі бар", – дейді құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің төрағасы Қайрат Жақыпбаев.

Бас прокуратура "Әкімшілік өндірістің бірыңғай тізілімі" жүйесін әзірлеп, іске қосты. Бұл әкімшілік істерді электронды форматта жүргізуге мүмкіндік береді. Осылайша, мемлекеттік орган қызметкерлерінің уақыты мен күші үнделеді. Сондай-ақ тұрғындар басы артық шаруалардан арылып, прокурорлар онлайн режимде қадағалау жүргізе алады.

Бүгінде жол полициясы аталған жүйе бойынша бір жыл көлемінде жұмыс істеп келеді. Екі жыл ішінде әкімшілік айыппұл салуға құқығы бар 64 орган "Әкімшілік өндірістің бірыңғай тізіліміне" көшуі керек.

"Әкімшілік өндірістің бірыңғай тізілімі" тиісті мемлекеттік органдардың базаларымен интеграцияланған. Сондықтан азаматтың жеке сәйкестендіру нөмірін немесе автокөліктің нөмірін теру арқылы қандай құқық бұзушылық жасалғаны туралы ақпаратты білуге болады. Тағы бір атап өтерлігі, заң бұзған адам айыппұлды банктік картаның көмегімен сол жерде-ақ төлей алады", – дейді комитет төрағасы.

Жалпы, прокуратура 1999 жылдан бастап мемлекеттік органдар жүргізген тексерістерді тіркеп келеді. Егер заң бұзушылықтар орын алса, прокуратура тексерісті тіркеуден бас тартуға құқылы. Осының нәтижесінде тексерістер саны айтарлықтай қысқарған. Мәселен, 2010 жылы 545 мың тексеріс тіркелген екен. Ал 2017 жылы олардың саны 161 мыңға дейін қысқарды.

Осы орайда Бас прокуратура қадағалауды күшейтіп, бизнесті заңсыз тексерулерден қорғау үшін "Тексеру субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі" жүйесін енгізді. Бұл жүйе мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың ашықтығын қамтамасыз етеді.

2018 жылдың 1 шілдесінен бастап "Тексеру субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі" жүйесінде "Тексерулер" модулі іске қосылды. Бүгінде электронды форматта 30 мыңнан астам тексеру тіркелген.

"Бас прокуратура заңның үстемдігін қамтамасыз ету және кәсіпкерлермен кері байланыс орнату мақсатында "Qamqor" мобильді қосымшасын іске қосты. Бүгінде қосымшаны 30 мыңға жуық кәсіпкер қолданып жүр. Егер қандайда бір тексеру тағайындалса, қосымшаның көмегімен кәсіпкерге "Сізге тексеріспен барады" деген мазмұнда Puch-хабарлама келеді. Онда қандай орган тексеретіні, не үшін тексеретіні, қандай құқықтық негіздеме бары толықтай көрсетіледі. Кәсіпкер тексеріспен келіспесе, прокуратураға онлайн түрде шағым түсіре алады", – дейді Қайрат Жақыпбаев.

Еске сала кетейік, Бас прокуратура цифрлық жобаларға арналған аналитикалық орталық құрған болатын. Бүгінде орталық прокурорлардың интелектуальды көмекшісіне айналып үлгерді. Қазір орталықта құқық қорғау органдарының және мемлекеттік органдардың жұмыс тиімділігін қадағалауға мүмкіндік беретін 8 "ақылды" жүйе қолға алынған. Бұл жүйелер заңнамалық актілердің әлсіз тұстарына назар аудартып, соған орай нақты шешімдер ұсынады.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу