Қазақстанда қанша жылқы, қанша шошқа бар?

18135

АШМ шошқа мен жылқы субсидиясына қатысты мәлімет берді. 

Қазақстанда қанша жылқы, қанша шошқа бар?

Қазақ адал ас деп білмейтін шошқаның әр басына мемлекет неге жүз мыңдап субсидия бөледі? Ал қазақтың символына айналған жылқыға келгенде пейілі неге тарыла қалады? Екі-үш күннен бері "Фейсбуктегі" белсенді жұрт осы сауалға бас қатырып жатыр. Салаға тікелей жауапты Ауыл шаруашылығы министрлігі көпшілікті алаңдатқан мәселеге қатысты ресми жауап қатты. 

Министрліктің баспасөз қызметі ұсынған дерекке сенсек, Қазақстанда 3 миллионға жуық жылқы бар. Ведомстводағылар бұл кеңес заманында болмаған көрсеткіш деп отыр. 

"Мемлекеттік қолдау мен субсидиялаудың арқасында республикада жылқы саны кеңестік кезеңге қарағанда 1,7 есе көбейді", - деп жазады министрліктің баспасөз қызметі.  

Ресми ақпарат бойынша, Совет одағы ыдыраған 1991 жылы Қазақстандағы жылқы саны шамамен 1,7 млн бас болған екен. Кеңшарлар тарап, мал мен мүлік түгел тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кеткен тұста жылқы саны да күрт түскені белгілі. Сөйте-сөйте, 2000 жылы миллионға да жетпей қалған.

Жылқы жанашырларының дабылына мемлекет 2002 жылы құлақ асып, мысқалдап болса да қолдау көрсете бастады. Ал 2011 жылы  асыл тұқымды жылқы сатып алуға, қымыз бен жылқы етін өндіруге субсидия төлеу іске қосылды.

"Қабылданған шаралардың нәтижесінде Қазақстанда бүгінгі таңда жылқы саны 2,9 млн басқа дейін өскен. Бұл 1991 жылғы жылқы санынан 1,7 есе, ал 2000 жылмен салыстырғанда 3 есе көп. Тиісінше, жылқы шаруашылығы мен бие сүтінің өндірісі дамып, асыл тұқымды жылқының саны артты. 2011 жылдан бастап мемлекет сатып алуды субсидиялап, үлесі 1,9 есе өсті", - деп жазылған ресми мәліметте.

Министрлік өкілдері субсидия мәселесінде жылқы шаруашылығына қырын қарап отырған жоқпыз дегенді айтады. Қазіргі таңда жылқы өсіріп, сайын даланың төсін сәйгүлікке толтырғысы келгендерге субсидияның бес түрі қарастырылған көрінеді. Біріншіден, мал басының нәсілін жетілдіру үшін асыл тұқымды айғыр сатып алсаңыз, әр басқа 100 мың теңге төленеді. Ал бие сауып, саумал сапырып отырсаңыз, сатылған қымыздың әр литріне мемлекет 60 теңге төлейді. Үшіншіден, асыл тұқымды биенің әр басына  жем-шөп шығыны ретінде жыл сайын 20 мың теңге талап ете аласыз.Төртіншіден, құрған қожалығыңыздың іргесін кеңейтіп, техника жаңартуды, жем-шөп дайындайтын жабдық сатып алуды ойласаңыз, шығынның 25 пайызын инвестициялық субсидия ретінде қайтаруыңызға болады. Бесіншіден, техника мен мал сатып алуға жұмсаған несие мен лизингтің пайыздық мөлшерлемесін 10% көлемінде мемлекет субсидиялауға дайын.

"Бұл шаралардың барлығы жылқы фермалары мен салалық қауымдастықтардың ұсыныстары бойынша жасалған. Жалпы алғанда, былтырдың өзінде 4,7 мың жылқы фермасы мемлекеттен қолдау көрген. Сонымен қатар, жылқы басын көбейткісі келгендерге 6%-дық мөлшерлемемен 10 жылға дейін несие беру қарастырылған. 2016 жылдан бері "Құлан" бағдарламасы жұмыс істеп келеді. 2018 жылы  12 мың бас мал сатып алуға 512 шаруашылық қаражат алды. Былтыр 1440 шаруашылыққа 40 мыңнан астам жылқы сатып алуға жеңіл несие берілген. 2020 жылы қаржылық қолдау алушылардың саны едәуір артады деп отырмыз",  деп жазады министрлік мамандары. 

Министрлік өкілдері шошқа мен жылқының әр басына төленетін субсидияның айырмашылығы экпорттық әлеуетке байланысты дегенді айтады. Бұл уәжді субсидия көлемін министрліктің ұстанымы емес, экспорттағы сұраныс деңгейі анықтайды деп түсінуге болады. 

"Жылқы еті тек ішкі нарыққа бағытталған өнім екенін атап өткен жөн. Экспорттық нарық мүлде жоқ деуге де болады. Осы орайда, қоғамда түрлі пікір тудырған тақырып бойынша мынандай ақпарат ұсынамыз. Мемлекет әрқашан экономикалық тұрғыдан тиімді болу үшін көршілес елдердің сұранысына мән беріп, нарықтағы тұтынушы талабын ескереді. Қазақстанда 2018 жылдан бастап шошқа етін өндіруді субсидиялау  тоқтатылған. Бұл шошқа өндірісіне мемлекеттік қолдаудың жалпы көлемінің 2 есе азайғанын көрсетеді. Қазіргі уақытта шоқ өсірушілерге арналған екі түрлі субсидия бар. Олар – асылдандыру мен өсіруге кеткен шығындарды өтеу. Алайда, өткен жылы бұл субсидияны  тек бір шаруа қожалығы ғана пайдаланып, небәрі 6 бас сатып алған",  делінген министрліктің мәліметінде. 

Ресми дерекке сүйенсек, 1991 жылы Қазақстанда 2,9 млн бас шошқа болған. Ал 2018 жылы  800 мың бас тіркеліпті. Ал былтыр Қытайда шошқа індеті тарап, талпақ танау етіне сұраныс күрт артқан болатын. Бұл шошқаны түлік қылып отырған біздегі шаруалардың да айын оңынан туғызса керек. 

"2019 жылы Қазақстандағы шошқа санының артуы, шошқа еті экспортының өсуіне әсер етті. Егер 2017 жылы Қазақстан шетелге 300 тоннаға жуық ет сатса, былтыр ол 800 тоннаға жетті. Бірақ осы кезеңде өз ішімізде шошқа етін тұтыну үлесі 8% төмендеді", – деп жазылған министрліктің ақпаратында.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу