Алайда оның кейбір баптары, соның ішінде мопед атаулыны тегіс мемлекеттік тіркеуден өткізу талабы тек "6 айдан кейін қолданысқа енгізіледі" деп бекітілді.
Осы өтпелі кезең сәуір айының бірінші аптасында аяқталды. Енді полиция мемлекеттік тіркеуге қойылмаған және айдаушысының жүргізуші куәлігі жоқ мопедтерді жаппай уақытша тартып алуға кіріседі.
Осының алдында Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха қазақстандықтарға қатаң ескерту жасады. Заң талабы орындалмаса, көліктің бұл түрі бір түкпірде босқа шіриді, жолға шығуына рұқсат жоқ.
Бұл ретте Лепеха елге нақты қанша мопед әкелініп, сатылғанын білмейтінін білдірді. Бүгінде елімізде тек 18 200-ден астам мопед қана ресми тіркеліп үлгеріпті.
"Олардың нақты саны қанша, мұны ешкім білмейді. Сондықтан әртүрлі сандар айтылып жүр. Бір анығы: қаншасы тіркелсе, көшелер мен жолдарда соншасы ғана жүретін болады! Қалғандары қаңтарылып жатады", – деп шорт кесті Игорь Лепеха.
Оның айтуынша, 2024 жылы мопед айдауға рұқсат беретін жүргізуші санаты куәлігін 22 мың адам алыпты. 2025 жылдың басынан бері тағы 2,5 мыңдайы иеленген.
Бірақ сонша көлемде осы көлік түрі тіркелмеген. Сол себепті ІІМ басшысының орынбасары олардың арасында әлі мопеді болмаса да, құқығын алдын ала алып қойғандары болуы мүмкін екенін тұспалдады.
Лепеха бұрын елге әкелінген мопедтерін белгіленген мерзімде тіркеуге қойып үлгермегендер әрі қарай оларын заңды түрде пайдалана алмайтынын нықтады. Журналистер одан тіркелмеген мопедтердің иелері қалай жазаланатынын сұрастырды.
"Олардың барлығының көліктері айыппұл тұрағына жолданатын болады. Тек мопед иесі өзінен талап етілетін барлық құжаттарына қол жеткізген соң ғана еркін жүре алатын болады", – деді Игорь Лепеха.
Сонымен қатар, қазақстандықтар әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде мопедтердің күрт сиреуінің салдарларын сезіне бастағандарын жазуда.
"Дәмханадан тапсырыс беріп алғызған тамақ біршама кешігетін болды. Оның әкімшісі курьер жетпей жатқанын айтып, ақталды. Сондай-ақ "Пиндуодуодан" сатып алған тауарым әкелінбей жатыр. Сервис оның аптадан бері қалада жатқанын көрсетеді", – дейді алматылық Назгүл.
Қазақстандықтар мопедтерді жалға беретін кейбір орындардың жабылып қалғанын байқапты.
Бұл әрине, тек басы ғана. Учёт.kz жаңа заңға сәйкес, 2025 жылғы 5 сәуірден бастап, барлық мопед түрлері "механикалық көлік құралы" болып есептелетінін еске салды.
Енді мопедтерді пайдалану үшін келесі құжаттар талап етіледі:
- Полицияда тіркеу;
- А1, А немесе В категориясындағы жүргізуші куәлігі;
- Мопедті техникалық байқаудан өткізу;
- Азаматтық жауапкершілікті сақтандыру.
Мопедті тіркету үшін мамандандырылған ХҚКО-ға (спецЦОН) жүгініп, келесі құжаттарды ұсыну қажет:
- Жеке куәлік (электронды күйдегісі де болады);
- Мопедтің техникалық құжаты немесе сипаттамасы.
Құжаттар ұсынылғаннан кейін келесі рәсімдерден өту керек:
- Өтініш толтыру;
- Мопедті техбайқаудан өткізу,
- Мемлекеттік баж алымын төлеу.
Мұнда мопедті тіркеу үшін алым – 0,25 АЕК (2025 жылы – 983 теңге).
Тіркеу туралы куәлікті беру үшін алым – 1,25 АЕК (2025 жылы – 4 915 теңге.
Оған мемлекеттік нөмірді беру үшін алым – 1,4 АЕК (2025 жылы – 5 504,8 теңге).
Ұзақ жылдар бойы мопедтер елімізге шашылған күйде, сондай-ақ көлік емес, жай ғана тауар ретінде тасылды.
Сондықтан егер оның VIN-коды болмай шықса, сондай-ақ құжаттары жоғалғандықтан немесе мүлдем болмағандықтан, шыққан жылын анықтау мүмкін болмаса, онысы техбайқаудан кейін тағайындалатын болады. Бұл ретте шыққан жылы ретінде мопедтің техбайқаудан өткен жылы саналады.
Көліктің бұл түріне де мемлекеттік нөмірлік белгіні беру қолданыстағы тәртіпке сәйкес жүзеге асырылады, яғни, жүйе нөмірді автоматты түрде таңдайды. Ұқсас тәртіп бұған дейін мотоциклдерге қатысты қолданылған.
"Жол жүрісі туралы" заңына сай, бұдан былай мопед айдау үшін жүргізушінің А1 категориясындағы құқығы болуы шарт. Егер жүргізушіде А және В санаты бар болса, онымен де мопед жүргізе алады.
"Назар аударыңыз: 2025 жылғы 5 сәуірден бері тіркелмеген мопедтерді пайдалануға, сондай-ақ жүргізуші куәлігінсіз мопед жүргізуге тыйым салынады. Бұл талапты бұзғандарға Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 590-бабының 2-тармағына сәйкес, 10 АЕК (2025 жылы 39 320 теңге) айыппұл салынады", – деді ІІМ әкімшілік полициясы комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Арай Төлегенқызы.
Бұдан бөлек, әлгінде айтылғандай, енді мопед айдау үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыру (ОГПО) талап етіледі. Осыны пайдаланып, сақтандыру компаниялары 7 сәуірден бастап, жаңа клиенттер үшін сақтандыру полисінің құнын қымбаттата қойды.
"Жаңа заң бойынша сақтандыру полисінсіз мопед басқаруға тыйым салынды. Сақтандыру сыйлықақысы "Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы" заңының 19-бабында көрсетілген коэффициенттер мен арнайы кестелер бойынша есептеледі. 2025 жылы базалық сыйлықақы 7 470,8 теңгені құрады. Бірақ жаңа клиенттер үшін 7 сәуірден бастап ол қымбаттады", – деп жазды "Колеса".
Аталған заң бойынша базалық сақтандыру сыйлықақысы 1,9 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде белгіленген. Дегенмен, "көлік құралын тіркеу аумағы бойынша коэффициенттер" әр өңірге жеке есептеледі.
Ол коэффициенттер мөлшерінің ең жоғарғысы Алматы қаласында (2,96), Атырау облысында (2,69) және Астанада (2,2).
Ең төмені Жамбыл облысында (1), Түркістан облысында (1,01) және Шымкентте (1,01).
Sauap.org ағартушылық порталының жазуынша, мысалы, жасы 16 мен 25 аралығындағы (жасы ұлғайған сайын сақтандыру да қымбаттайды), жүргізушілік өтіл-стажы жоқ, бұл көлігін Алматыда тіркеген мопедист сақтандыру полисі үшін 24 324,9 теңге төлейді. Мұнда:
- базалық сақтандыру сыйлықақысы 1,9 АЕК және 2025 жылы – 7 470,8 теңге;
- Алматыда тіркелген көлікке арналған коэффициент – 2,96;
- Мототехникаға арналған коэффициент (мопедтер де енді мотоциклдер кіретін санатта сақтандырылатын болады) – 1;
- Жүргізушінің жасы мен жүргізу өтілі бойынша коэффициент – 1,1;
- Эксплуатациялау мерзімі бойынша коэффициент – 1;
- Сақтандырудың 3-ші сыныбы (жол апатына ұшырамаған болса) бойынша коэффициент – 1.
Қорытындысында: 7 470,8 × 2,96 × 1 × 1,1 × 1×1 = 24 324,9 теңге шығады.
Алайда 7 сәуірден бастап, Қазақстанда сақтандыру компаниялары жаңа жүргізушілерге арналған ("новички") сақтандырудың жаңа сыныбын енгізді. Оның коэффициенті 1,8-ге дейін шығандады.
Соның кесірінен, 7 сәуірге дейін сақтандыру полисін рәсімдеп үлгермегендерге 24,3 мың емес, 43 785 теңге төлеуге тура келеді.
Сонымен қатар, сақтандырусыз көлік жүргізгені үшін 10 АЕК немесе биыл 39 320 теңге айыппұл салынады.