Қазақстанда коллекторларға жаңа шектеулер енгізілмек

8015

Коллекторлық агенттіктер 402 миллиард теңгедей қарызды өндіруге аттанды. "Рэкетке" айналып кеткен ондаған коллекторлық ұйымның қызметі тоқтатылды. Сотталғандар да коллектор болып жүрген.

Қазақстанда коллекторларға жаңа шектеулер енгізілмек

Қарыз өндірушілер берешегі бар кез келген отбасының бейбіт өміріне баса-көктей еніп, басына әңгір-таяқ ойната алады. Бұл істе олардың сол бұрынғыдай арамза амал-тәсілдерді қолданатыны әшкереленуде.

Осыған орай Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі коллекторлық қызметті реттеуді заңнамалық тұрғыдан күшейтуге кірісті. Ол шаралар "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне стрестік активтер нарығын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасына енгізіліп отыр.

Құжаттың жаңашылдықтары қандай?

Бастыларына тоқталсақ, біріншіден, онда коллекторлық агенттіктерге өз атауларында "ұлттық" немесе "орталық" деген сөздерді пайдалануға заң жүзінде тыйым салу ұсынылған.

Қазіргі кезде Қазақстанда 285 коллекторлық агенттік (КА) бар. Олардың кейбірі өз атауында ұлттық деген ұғымды қолданады. Мысалы, "Национальная служба взыскания" ЖШС, "Ұлттық коллекторлық агенттік" ЖШС, "Национальное Бюро Финансового Контроля" ЖШС немесе "Орталық коллекторлық агенттік" ЖШС.

"Олар өздерінің атауларына "ұлттық", "орталық" деген сөздерді тіркеу арқылы борышкерлерді жаңылыстырады, психологиялық ықпал етеді. Себебі қарызы бар адамдар мұндай ұйымдар мемлекетпен, билік органдармен байланысты шығар деп түсінеді", – деп түсініктеме берді қаржылық реттеуші.

Азаматтық кодекстің 38-бабында меморгандар болып табылмайтын заңды тұлғалардың фирмалық атауларында, қызмет көрсету таңбаларында, бланкілерінде, тауар таңбаларында тек меморгандарының ресми атауларын пайдалануға ғана тыйым салынған. Кодексте коммерциялық ұйымның атауында "ұлттық", "орталық" деген сөздерді пайдалануға тыйым қарастырылмаған. Тиісінше, атауында осы сөздер бар коллекторлық агенттіктер заңсыз әрекетке барса, жұртшылық мұны мемлекетке қатысты деп ұғынуы, бұл билікке деген сенімді құлдыратуға ықпал етуі мүмкін.

Екіншіден, бір тұлғаға бір мезгілде бірнеше коллекторлық агенттікте 10 және одан көп пайыз үлесті тікелей немесе жанама иеленуге, пайдалануға тыйым салынады. Әйтпесе, бұл салада да төл олигархтары пайда болған, олардың қалтасына әртүрлі коллекторлық агенттіктерден ақша құйылады. Қазіргі кезде өзара сыбайласқан, яғни бір заңды адреске тіркелген 23 КА анықталды.

"Коллекторлық қызмет туралы" заңына сәйкес, КА-ны жойып, тізілімнен шығару негіздерінің бірі ретінде "осы заңның 5-бабы 5-тармағының 3, 4, 5, 7 және 8 тармақшаларында көзделген жосықсыз әрекеттердің біреуін қатарынан 6 ай ішінде 3-тен көп рет жасау" көрсетілген.

"Бірақ КА-лардың өзара үлестес, сыбайлас болуына байланысты борышкерлерге қатысты жосықсыз әрекеттерді қолданған нақты тұлғаны анықтау қиынға соғады. Атап айтқанда, тізілімнен шығару түріндегі жауапкершіліктен жалтару үшін борышкермен өзара іс-қимыл жасайтын коллекторлық агенттіктердің жиі ауысу тәжірибесі қолданылады. Яғни бір борышкерге бірден бірнеше агенттіктен коллектор келеді. Заңды ашықтан ашық бұзған коллектордың еш жазаланбайтынын түсінген, өз мүдделерін мемлекеттің тиісінше қорғамайтынына налыған борышкерлер проблемамен жалғыз қалады, ақыры өмірлік қиын жағдайдың құрбаны болады. Бұл елдегі әлеуметтік шиеленісті күшейтеді, азаматтар заңнамаға және билік органдарына деген сенімін жоғалтады", – деген түсініктеме берді Қаржылық реттеу агенттігі.     

Үшіншіден, коллекторлық агенттікті офшорлық аймақтарда тіркеуге, сондай-ақ КА қатысушысының орналасқан орны, мекен-жайы ретінде офшорды көрсетуге тыйым салынады. Қаржылық реттеу агенттігінің байламынша, қазір офшорлық аймақтарда тіркелген КА-лар кездеседі, егер олар борышкерлерге қатысты жосықсыз әрекеттер жасаса, сол үшін жауапкершіліктен жалтарып кетеді. Яғни офшорды қылмыстық жазадан құтылу үшін қолданады, әрі осыны қалқан етіп, қылмысты қасақана жасауы мүмкін.

Коллекторлар қандай қылмыстарға барады?

Төртіншіден, КА басшылық қызметкерлеріне қойылатын талаптар күшейтіледі. Өйткені кейбір коллекторлық агенттіктердің басшылық лауазымдарында қажетті біліктіліктілігі және жеткілікті жұмыс тәжірибесі жоқ адамдар басқарып жүрген көрінеді. Сорақысы сол, коллектор ретінде сотталған адамдарды алу фактісі тіркелуде.

"Мәселен, берешекті өндіріп алушы агенттіктердің бұрын сотталған немесе қылмыстық қудалауда болған адамдарды борышкерлермен жұмыс істеуге тартуының 15 фактісі анықталды. Жекелеген КА өз қызметінде борышкермен және оның өкілімен өзара іс-қимыл жасалған күннен бастап 6 ай бойы аудиожазбалар материалдарын сақтау талаптарын қамтамасыз етпеу фактілері әшкереленді", – деп мәлім етті Мәдина Әбілқасымова басқаратын агенттік.

Яғни темір торда отырып, қаны қарайып қайтқан адам борышкерге не жасағанын ешкім білмейді, себебі аудиожазбасы жоқ.

Қаржылық реттеу агенттігі коллекторлардың тағы қандай қылмысқа баратынын айтып берді. Атап айтқанда, бүгінде коллекторлық агенттіктердің әрекеттеріне қатысты арыз-шағымдардың негізгі бөлігі бұлардың қызметкерлерінің қысым көрсететініне, қорқытып, қоқан-лоққы жасайтынына, өтірік ақпарат айтып, жаңылыстыратынына қатысты болып келеді. Олар бір күнде 3 реттен көп телефон шалатыны анықталуда. Сондай-ақ борышкер қанша сұраса да егжей-тегжейлі деректерді, яғни берешектің мөлшеріне, сипатына және туындау негіздеріне қатысты ақпаратты айтпайды екен.

Бұдан бөлек, қарызы бар адамның жұмысына, әріптестеріне, бастығына, туған-туысына, тіпті көрші-қолаңға хабарласады, барып мазалайды, оларға борышкерлердің дербес деректері мен банктік құпиясын жария етеді. Бұған заңмен тыйым салынған.

"Мәселен, агенттікке 2021 жылы келіп түскен барлық 560 өтініштің басым бөлігі – шамамен 80%-ы коллекторлық агенттіктер қызметкерлерінің жосықсыз әрекетіне тиесілі. КА-ларға қатысты барлық анықталған бұзушылық фактілері бойынша тиісті ықпал ету шаралары мен санкциялар қабылданды. Атап айтқанда, 36 жазбаша ұйғарым шығарылды, 245 әкімшілік іс қозғалды. Былтыр 54 коллекторлық агенттіктің қызметі тоқтатылды", – деп хабарлады қаржылық реттеуші. 

900 мыңдай азамат коллектор қыспағына қалған ба?

Қаржылық реттеушінің мәліметінше, банктік заем және микронесие бойынша КА-ларға берілген борышкерлердің басым көпшілігі – шамамен 96%-ы жеке тұлғалар болып отыр. Тиісінше, коллекторлардан көп қорлық көретін де – қарапайым азаматтар.

2022 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша банктер мен микроқаржы ұйымдары өндіріп алуға жалпы сомасы 402 миллиард теңгедей болатын орасан зор көлемдегі қарызды табыстапты. Соның ішінде шамамен 362 миллиард теңгесі – жеке тұлғалардың берешегі. Қазіргі кезеңде Қазақстанда 875 мыңнан астам адам коллекторлардың қысымында. Яғни бейбіт аспан астында қаржы өндірушілер және борышкер азаматтар арасында күн сайын көзге көрінбес "шиеленіс" өршуде.

Қорқыныштысы сол, коллекторлық агенттіктер борышкер азаматтарды бір-біріне "сатады". Нақтылай кетсек, шамамен 589 миллиард теңгенің борышын коллекторлар басқаға беріп үлгерген. Соның ішінде шамамен 264 млрд теңгесі – 479 мың жеке тұлғаның берешегі. Мұның неге қорқынышты екенін әлеуметтік желіде коллекторлардың өздері де, олардың құрбандары да әңгімелеп жүр. Мысалға, борышты басқа "сатардың алдында" коллектор борышкерге келіп, барлық қарызының 25 пайызын төлесе, қыр-соңынан қудалауды түпкілікті тоқтатуға уәде етеді. Борышкер туыс-туған, дос-жараннан, басқалардан қарызданып-қауғаланып, сұрағанын тауып береді. Коллектор шынымен қудалауын тоқтатады. Оның орнына басқа коллектор телефон соға бастайды. Бұдан да сорақы тірліктер, зорлық пен зомбылық жағдайлары туралы ғаламторда айтылып жүр.

Сол себепті Қаржылық реттеу агенттігінің заңды жетілдіріп, бассыз кеткен коллекторлардың табанына тас қойғаны маңызды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу