Коллекторлар үйді тартып ала ала ма?

15573

2020 жылдың сегіз айында коллекторлық ұйымдардың әрекетіне қатысты 158 шағым түскен.

Коллекторлар үйді тартып ала ала ма?

Елімізде коллекторлық қызметтің заңдастырылғанына бірнеше жыл болды. Бірақ бұған қатысты сұрақ та, мәселе де толастаған емес. Бұл ретте, коллекторлар борышкердің меншігіндегі үйді, басқа да мүліктерді тартып ала ала ма? Осы сұрақ төңірегінде әңгіме өрбітіп көрелік.

Жалпы Қазақстанда "коллекторлық" туралы ұғым 2017 жылы заңмен бекітілген. Ал коллектордың негізгі құқықтары "Кол­лекторлық қызмет туралы" заңда жазыл­ған.

Заңда көрсетілгендей, коллекторлар берешекке қатысты ақпаратты банктен алады және соның шеңберінде ғана пайдалана алады. Сондай-ақ олар борышкермен жұмыс күндері таңғы сағат 8-ден кешкі 21.00-ге дейін телефон арқылы сөйлесуге құқылы. Тек үш реттен артық сөйлеспеуі шарт. Сол секілді жұмыс күндері жеке кездесу өткізе алады. Онда да күніне үш рет қана кездесуге рұқсат етілген. Бұдан бөлек, пошта арқылы хат жөнелтуге, ұялы байланыс арқылы мәтіндік және дыбыстық хабарлама жіберуге, интернет кеңістігіндегі мессенджерлер арқылы хабарлама жолдауға құқылы.

"Коллекторлар кепілдікке қойылған мүлікті тартып ала алмайды. Сондай-ақ олардың борышкер туралы ақпаратты әріптестері мен туыстарына таратып, қысым көрсетуге құқығы жоқ. "Коллекторлық қызмет туралы" заңда банктік құпия ақпараттарды таратуға жол берілмейтіні айтылған. Банктік құпия дегеніміз – қарыз алушы мен банк арасындағы келісімшарт. Көп жағдайда олар борышкердің туыстары мен жұмыс берушіні жағалайды. Бұл заңсыз әрекет болып саналады", – дейді банк мәселелері бойынша тәуелсіз сарапшы Нұржан Бияқаев.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің деректеріне сүйенсек, былтыр коллекторлық ұйымдардың әрекетіне қатысты 353 өтініш-шағым қаралған. Ал 2020 жылдың сегіз айында 158 шағым келіп түсіпті.

Десе де, жекелеген коллекторлар мен сот орындаушылары өзара бірлесіп, қарыздарды заң­сыз өндіріп алудың схемасын жаса­ған. Бұл туралы Бас прокурордың аға көмекшісі Қайрат Раисов айтып берген еді.

"Коллекторлардың борышкерге әсер ете алатындай өкілеттігі жоқ. Яғни шектеулі. Заң бойынша олардың қолынан келетіні – борышкерге қоңырау шалу немесе кездесу ғана. Алайда қарызды өндіріп алушылар тығырықтан шығудың жолын тапқан. Олар өздеріне бағынышты жеке сот орындаушы кеңселерін ашқан. Ол үшін коллекторлардың бірі арнайы лицензия алады. Формальды түрде кеңсе ашады. Сөйтіп, сот орындаушылары­ның базасына кіруге мүмкіндік туады. Осы­­лайша негізгі жұмысты ысырып қойып, қарызды өндірумен айналыса­ды. Базаға кіріп, борыш­кердің мүлкін, банктік есепшоттарын бұғаттап, елден шығуына тыйым салуға ықпал еткен. Басқа да шектеу шараларын пайдаланған, – дейді ол.

Прокурорлар жүргізген тексеру­лер­дің нәтижесінде коллекторлық "қыз­метті" орындайтын 17 жеке сот орындаушысының жолы кесілген. Тағы 40 жеке сот орындаушысынан коллек­торлық "бақылаудың" белгілері анық­талған. Бұл ретте Әділет министрлігіне заң бұзушылықты жою туралы ұсыныс берілген. Соның нәтижесінде 18 жеке сот орындаушысы республикалық палатадан шығарылып, лицензияларынан айырылған.

Санжар Беркінбай


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу