Мәдина Әбілқасымова коллекторларға "қысым" көрсетпек

12290

Пандемиядан және карантин шараларынан ығыр болған халықты коллекторлар қан қақсатуы мүмкін. 

Мәдина Әбілқасымова коллекторларға "қысым" көрсетпек

Қазіргі кезде қозғалысқа шектеу қойылуына байланысты ірі қалаларда оларға қоқан-лоққы жасап, клиенттерінің үйлеріне "кездесуге" баруға тыйым салынған. Дегенмен, шектеу жойылысымен, жорықтар қайта басталмақ. Оның үстіне дағдарыс салдарынан қарызы коллекторлық фирмаларға берілетін азаматтар саны еселеп артқалы тұр. Ал бұрын олармен келісімге келген адамдар төлем төлеуді жалғастырып жатқан көрінеді.

Сәуле Мұқажанова Нұр-Сұлтан қаласында маникюр ісімен айналысып, қосымша табыс тауып келген. Алайда коронавируспен күрес аясында оның өз үйінде клиент қабылдауына рұқсат етілмейді.

"Ал ресми жұмысым төлейтін 90 мың теңге ресми табысымның 50%-ын коллекторлық компания тәрткілеп алып кетеді. Бұдан басқа да тұтынушылық кредитім бар, бірақ банк оның төлемін кейінге қалдырудан бас тартты: отсрочка беру талабына сәйкес келмейді екенмін. Жалға алынған үйде тұрып жатырмын, 3 жасар балам бар. Баспана үшін 50 мың теңге және коммуналдық төлем үшін 25 мың теңге төлеуім керек. Тамаққа 40 мың теңге қажет", – дейді ол. 

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, бүгінде Қазақстандағы коллекторлық агенттіктер тізілімінде 172 ұйым тіркелген. Олардың қызметі біршама реттелді. Бұрындары елді үрейде ұстаған "рэкетирлер" секілді бассыз әрекеттерге тосқауыл қойылыпты. Тіпті коллекторлардың телефонмен түн ішінде қайта-қайта қоңырау шалып, қорқытуына негізінен тыйым салынған. 

"Дегенмен, коллекторлық қызметтер нарығында жүйелі тәуекелдер сақталуда. Нарықта жосықсыз, адал емес қатысушылар бар болып отыр. Коллекторлық агенттіктердің заң бұзушылықтарға жол беретініне қатысты азаматтардан шағымдар легі үзілер емес, қайта өсіп барады", – деп хабарлады Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдірахманов.

Бұған дейін олардың қызметін Ұлттық банк реттегені мәлім. 2018 жылы Ерболат Досаев ұжымына коллекторлық агенттіктердің іс-әрекетіне шағымданған 230 өтініш келіп түсіпті. Ары қарай шағымдар күрт өскені байқалуда. 2019 жылы бұл саланы өз қолына алған Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі коллектор борышкерлерінің 353 арыз-шағымын қарады. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 123 шағымға немесе 53%-ға артық. Биыл одан да көбейетін түрі бар көрінеді.

Сондықтан агенттік коллекторлық ұйымдардың жарғылық және меншікті капиталдарының ең төменгі мөлшерін енгізу туралы шешім қабылдады. Ол шешім күшіне енуі үшін Мәдина Әбілқасымованың ведомствосы "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне микроқаржы және коллекторлық қызметті реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасын әзірледі.

Әйтпесе, Қазақстандағы 172 коллектордың ішінде тек 5 компанияның ғана жарғылық капиталы 10 млн теңгеден асады.

Сонымен, М.Әбілқасымова агенттігі коллекторлық ұйымдарға мынадай жаңа талаптар қоймақ: біріншіден, әр ұйымның ауданы кем дегенде 50 шаршы метр және одан көлемді болатын кеңсесі не үй-жайы болуы міндет. Ол борышкерлерден тәркілеп алынған мүлікті сақтау үшін сөрелермен, басқа да керек-жарақпен жабдықталған болуы тиіс. Мұндай орынжайды ай сайын жалға алу құны 200 мың теңгеден басталады деп бағаланды.

Екіншіден, онда компьютерлер және оның жабдықтары (5 жұмыс орнының әрқайсысын жабдықтау құны 100 мың теңгеден), аудио және бейне тіркеу құрылғылары (4-5 құрылғы, әрқайсысының құны 200 мың теңгеден), кеңсе жиһазы (500 мың теңге) болуы тиіс.

Үшіншіден, басшыны қоспағанда, персоналды, яғни 3–4 қызметкерді жалдауы қажет. Бұл ретте борыш үшін "клиенттің қалтасын қағатын" жігіттердің еңбекақысы орташа есеппен 200 мың теңге, ал бухгалтердің және заңгердің ең төменгі жалақысы 200 мың теңгеден болады деп белгіленген. Төртіншіден, коллекторлық ұйым кредиттік бюромен шарт жасасуы және оның қызметін төлеуі керек.

Осылайша, агенттіктің есептеуінше, коллекторлық қызметтерді ұсыну үшін қажетті жалпы шығындар жылына 15 млн теңгеден асады.

Капиталын осынша көтеру не үшін керек?

"Тәжірибе көрсетіп отырғандай, бұл талаптар сақталмаған жағдайда, нарықта адал емес ұйымдардың өркен жаю қаупі бар. Ондай ұйымдардың құрылтайшылары тек өздері салған салымдар көлемінде ғана шығын тәуекелін көтереді. Коллекторлық агенттіктердің заңсыз іс-әрекеттеріне шағымдар санының ұлғаюы осыдан", – деп түсіндірді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.

Жаңа заң жобасына сәйкес, коллекторларға қойылатын талаптар және олардың жауапкершілігі арттырылады, олардың жарғылық және меншікті капиталының ең төмен мөлшеріне қатысты талапты белгілеу ұсынылады. Қарапайым тілмен айтқанда, жалпы сомасы 15 миллион теңге капиталы болса ғана жеке не заңды тұлға коллектор атанып, фирмасын ресми тіркете алады, тиісті тіркелім-реестрге кіреді.   

Жалпы, сарапшылар М.Әбілқасымова ұжымына басқа балама – коллекторлар қызметіне мүлдем тыйым салуды ұсыныпты. Өйткені елде онсыз да осыған ұқсас қызметті жүзеге асыратындар – борышты өндірумен шұғылданатын жеке сот орындаушылары бар. Бірақ қаржылық реттеу агенттігі ол идеядан бас тартты.

Әзірге, қолданыстағы заңнама бойынша коллекторлық фирма оның капиталы көлеміне еш талап қойылмай-ақ тіркеуге алынады.

Егер Парламент қабылдаса, жаңа заң талаптары 2021 жылы іске қосылады деп күтіліп отыр.

Біраз депутат бұл ұсыныстарды қолдапты. Бұдан бөлек, агенттік заңнамалық бастамаларын "Қазақстанның ұлттық коллекторлар палатасы" бірлестігімен және "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасымен талқылаған екен.

"Оның барысында "Атамекен" палатасының және коллекторлар палатасының өкілдері коллекторлық агенттіктерді реттеу, соның ішінде олардың жарғылық және меншікті капиталдарының ең төменгі мөлшерін енгізу туралы заңнамалық бастамаларды қарауды Қазақстанда төтенше жағдай және карантин режимдерінің қолданылу уақытында тоқтата тұрған орынды деген ортақ пікірге келді", – дейді қаржылық реттеу агенттігі.

ТЖ жойылған соң, кәсіпкерлермен талқылау жалғаспақ.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу